Таным

Хан Кене

1840 жылы Кенесарының әкесі Қасым сұлтан қаза болды. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүзден адам жинап, әкесі Қасымға ұланасыр ас берді. Осы астан кейін үш жүздің халқы Кенесарыны ақ киізге көтеріп, бүкіл қазақ халқының ханы етіп сайлады. Кенесары өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырды. Оның алым-салық саясаты шариғатқа негізделіп, мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілікті аудандарда ұшырды енгізді. Халықтан алым-салық жинауды арнайы жасауылдар жүзеге асырды. Кенесары құрған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Оның әлеуметтік негізін билердің орта тобы мен төре тұқымына жатпайтын феодалдар, батырлар құрады. Басқарудың негізгі тұтқасы Кенесарының өз қолында болды. Оның жанында ең жақын серіктерінен – батырлар, билер және ханның кейбір туыстарынан құралған Кеңес жұмыс істеді. Сөйтіп, Кенесары тұсында елді басқару белгілі бір жүйеге келтіріліп, мемлекеттік аппарат жеке салаларға бөлінді. Басқарудың арнайы қызметі хандық кеңес шешімдерінің, үндеулерінің ауылдарда таратылуын, түсіндірілуін және орындалуын қадағалап отырды (Е.Бекмаханов, «Казахстан в 20-40-е годы XIX века», Алматы, 1992, 281-283-б.).

Хан болып сайланған соң 1841 жылы күз айында Кенесары жасақтары Қоқан хандығына қарсы соғыс жүргізді. Соғыс ашқан мезгіл де қолайлы болды. Сол кезде Қоқан мен Бұхара хандықтары арасында соғыс жүріп жатқан. Кенесары Қоқанға қарсы Бұхардың одақтасы ретінде соғыс ашты. Оның әскерінің құрамына өз отрядымен бірге халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедов те кірген еді. Қыркүйек айының басында Шөмекей, Төртқара, Табын руларының қазақтарынан құралған Кенесарының 4 мың адам болатын іріктелген отряды Ташкентті қоршауға алды. Алайда, әскер қатарында жұқпалы індеттің басталуы қаланы алуға мүмкіндік бермеді. Негізгі күш Созақ, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт қамалдарын қоршады. Әсіресе, Созақ қамалы үшін шайқас қиян-кескі болды. Өйткені, қамалды 5 мың солдат қорғап тұрған болатын. Созақ үшін шайқас 12 күнге созылды. Нәтижесінде, қамал алынып, қиратылды. Содан соң Сауран қамалы алынды. Қоқанның қол астындағы қазақтар азат етіліп, Торғайға қарай көшірілді. Созақтың және басқа да қамалдардың алынуы қоқандықтарға қатты соққы болып тиіп, Кенесарының ірі жеңісі болып табылған еді. Бұл жеңіс Кенесарының байырғы қазақ жерлерін сыртқы жаулардан тазарта алатынына халықтың көзін жеткізді. Қоқан хандығы ірі жеңіліс тапқан соң, Кенесарымен мәңгілік одақ құруға ұсыныс жасады. Кенесары мұндай одақ құрудан бас тартып, қазақтарға тиесілі жерлерді қайтарып беруді талап етті. Осыдан кейін барып соғысты тоқтатқан Кенесары Торғай маңындағы ордасына қайтып оралды. Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты тәуелсіз Қазақ хандығын құру болды. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі істеріне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салды. Хиуа ханы мен Бұхар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатты. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өзіне қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі алып тұрды.

(1844 жылдың жазында Кенесары бастаған халық қозғалысын басу үшін Ор бекінісінен, Ұлытаудан, Тобыл өзенінен патша әскерлерінің үш үлкен тобы шықты. Олардың алдына Кенесары жасақтарын қоршап, шешуші соққы беру міндеті қойылды. Осы міндетті ойдағыдай іске асыру үшін, олар Кенесарымен шайқас жүріп жатқан жерлерге бет алған генерал Жемчужниковтың әскерімен күшейтілді. Отты қарумен қаруланған патша әскеріне қарусыз халық жасақтарының төтеп беруі қиын еді. Негізінде, хан Кенесарының дарынды қолбасшылық қасиеті, орыс әскерлерінің ашық ұрыстағы соғысу әдісімен таныстығы, қазақ жасақтарының күшін ептілікпен пайдалануы азаттық күрестің тегеурінді болуына әсерін тигізгені анық. Ағылшындық Томас Аткинсон (1799- 1861 жж.) қазақ сахарасында 7 жыл өмірін өткізіп еліне оралған соң «Орта Азия мен Батыс Сібір» атты еңбек жазған. Аткинсон өзінің Кенесары туралы естіген әңгімелерін былайша жазып қалдырған: «Кенесары қазақтардан тамаша жауынгерлер даярлады. Найза мен айбалтаны ғажайып игерген, шапшаңдықтары көз ілестірмейтін Кенесары жігіттері өздерінен көп жаудың күштерімен жеңісті соғыса беретінін мен талайдан естідім. Егер, білікті офицерлері болса, қазақтар әлемдегі ең әйгілі атты әскерлерін құрар еді. Оларға тарихты даңққа бөлеген Шыңғыс хан жауынгерлерінің барлық тамаша қасиеттері тән болатын».

1844 жыл азаттық күрес тарихында ерекше орын алады. Шілде айының 20-нан 21-іне қараған түнде Ырғыз өзені бойында Кенесарының әскері қазақ феодалдарының өзіне қарсы біріккен тобына соққы берді. Қараңғылықты пайдаланған Кенесары жасағы бірден казак әскерінің де, өзіне қарсы сұлтандардың да лагерьлеріне дүрсе қоя берген. Өкімет жағындағы жасақтардан бірден 24 адам шығын болды. Алғашқы ұрыс даласында өлім құшқандар ішінде сұлтандар – Тауқожин, Мырзалиев, Бигеновтер есімдері кездеседі. Негізгі қанды қақтығыс Кіші жүздің Орта бөлігінен құрастырылған патша үкіметі жағындағы сұлтан-билеуші Ахмет Жантөрин басқарған топ пен Кенесарының басты күші арасында болды. Осы қарулы тартыста өкіметті қолдаған қазақ ақсүйектері жағынан 44 сұлтан қаза болды. Кіші жүз сұлтандарының біріккен күштерінің талқандалуы Кенесары сарбаздарының рухын көтерді. (Ж.Қасымбаев, «Кенесары хан», Алматы, «Қазақстан», 1993, 52-б.). Көтерілісшілер қимылының қарқынды болғандығы соншалық, ұрыс болған жерге жақын келген полковник Дуниковский әскери тобының сұлтан Жантөреұлына көмекке келуге батылы жетпеді. Кенесарыға қарсы күресте дәрменсіздік көрсеткені үшін войсковой старшина Лебедев Орынборға шақыртылып, орнынан тайдырылып, сотқа тартылды.

Отарлауға қарсы күресте Кенесарының ұрыс даласындағы қомақты жеңістерінің бірі – 1844 жылы тамыз айында Екатеринбург станциясына жасаған шабуылы. Шабуылдың тұтқиылдан болғандығы сондай, орыс-казактар, тіпті, қарсылық көрсете алмай қалды. Осы жолы Кенесарының жігіттері 18 мылтық, 2 пистолет, 18 қылыш, 27 найза қолға түсірді. (А.Сейдімбек, «Шығармалар», Астана, «Фолиант», 2010, V т., 501-б.).

Жоғарыда айтылған шайқастардан кейін Кенесары жасақтары Мұғалжар тауларына барып бекінген еді. Патша отрядының Кенесарыға қарсы жорықтарының бәрі дерлік сәтсіз аяқталған. Әрине, бейбіт тұрмыстағы ауылдары тонауын, бейкүнә жандарды жазықсыз өлтіруін, малдарын айдап кеткендерін есептемеген жағдайда казак әскерінің саны мен сапасы басым, техникалық жарақтануы жақсы болғанымен, ашық айқаста Кенесарыға соққы беріп, әскерін жойып жіберуге дәрмендері жетпеді.

Көп жылға созылған күрес негізгі күшін әлсіреткен Кенесары патша әскерінің қысымымен 1846 жылы Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болды. Осы арада ол Ұлы жүздің халқын біріктіруді, қырғыздармен одақ құрып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтіп, оның қол астындағы қазақтарды, қырғыздарды босатуды көздейді. Кенесары Қытаймен мәмілеге келіп, онымен келіссөз жүргізу үшін Құлжаға елші жібереді. Ұлы жүз рулары негізінен Кене ханды мойындап қана қойған жоқ, оның әділетті күресін қолдайтындықтарын білдірді. Тайшыбек, Сұраншы, Саурық сияқты батырлар өз қолдарымен келіп қосылды, сандаған ұрыстарға қатысты. Алайда, зеңбіректердің гүрсілінен бе, орыс солдаттарының мылтығының жарқылдаған үшкір найзасынан ба, әлде Кенесарының жеңісіне күмән болғаннан ба, Дулат, Албан, Сыбан, Шапырашты руларының сұлтандарының бір бөлігі Ресейдің билігіне бас июге генерал Вишневскийге ант етті. 1846 жылдың маусым айының 23-інде Ұлы жүздің жоғарыда көрсетілген рулары мен Аягөз, Көкпекті және Қарқаралы округінің старшын, биі, сұлтандары генерал Вишневскийдің басқаруымен өткен кездесуде хан Кенесарыны мойындамау, оның талаптарын орындамау, «бүлікшінің қылықтары» байқалса, жақын жердегі округтарға бірден хабарлап тұруға міндеттенді. Жеке ақсүйектердің империяның билігін мойындауы – көтерілістің ту сыртынан соғылған пышақ болды (Ж.Қасымбаев, «Кенесары хан», 79-б.).

Кенесары қырғыздарды жау санаған жоқ. Оның басты жауы Қоқан және алды мұнда келіп жеткен орыс әскерлері болатын. Сондықтан да, ол қырғыз манаптарына Қоқанға қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасап, қырғыздарға алты мәрте елші аттандырды. Бірақ, қырғыздар Кенесарының бірлікке ұмтылған бірде-бір қадамын қолдамады. Сын сағатта қырғыз манаптары қазақтарға қол ұшын беру былай тұрсын, Қоқан езгісінде отырған өз халқын сатып кетті. Қоқандармен әскери одақ құрып, Кенесарының басын алып береміз деп орыстарға ант берді. Кенесарының басқан ізін орыс генералдарына жеткізіп отырды.

1846 жылғы жазғы айлардың бірінде мың қаралы жасағымен Кенесары қырғызға бет алды. Хан солтүстік қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Қырғыз манаптары – Орман, Жантай және Жаңғараш тайпалар өкілдерінің құрылтайын шақырды. Сарыбағыш, Бұғы, Саяқ, Солто, Шерік және басқа тайпалардың өкілдері Қазақ ханының талаптарын орындаудан бас тартып, орыстың генерал-губернаторы Капцевичке өздерінің Кенесарымен соғысатынын хабарлап, одан көмек сұрайды. Қоқан бектерінің тепкісіндегі оңтүстік қырғыз тайпаларының манаптары бұл мәжіліске қатыспады. Қырғыз манаптарын, әсіресе, Орман манап бастаған қырғыз феодалдарын сескендірген нәрсе «биліктен айырылып қаламыз ба» деген қауіп еді. 1847 жылы Кенесары 10000 сарбазымен қырғыз елінің солтүстігіне басып кірді. Кенесары ханның қырғыз жасағымен соңғы шайқасы 1847 жылы 17-25 сәуір аралығында Тоқмақтың шығыс жағындағы Кекілік-Сеңгір тауының бөктеріндегі Шу өзеніне 1-2 шақырымдай жердегі Майтөбеде болды. Қырғыз манаптарының жасағы, генерал Вишневскийдің пулемет пен зеңбірекпен қаруланған офицерлері мен солдаттары, Қоқан хандығының сарбаздары қазақ, қырғыз зерттеушілерінің болжауынша, 100 мыңдай адамды құраған. Бас қолбасшылық Орманның қолында болды. Кенесары қолы өзінен күші 10 есе басым жаумен үш күн бойы соғысты. Шешуші шайқас қарсаңында Рүстем төре мен Сыпатай батыр соңына ерген жасақтарымен ұрыс алаңын тастап шықты. Бұл оқиғаның Кенесары қозғалысын тұйыққа тірегені тарихи шындық болатын. Иман (Аманкелдінің әкесі), Бұғыбай, Бұқарбай, Құрман батырлар опат болды. Қырғыздардың қолына 1000-нан аса қазақтар тұтқынға түсті. Тұтқында қалғандар арасында Кенесары, сұлтандар – Құдайменді, Ержан және басқа да 32 төре тұқымы бар. Кенесарының жеңілу себептерінің бірі – бір жағынан, орыс үкіметінің, екінші жағынан, Қоқан билеушілерінің қырғыздарды айдап салуының да салдары екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Қазақ халқының азаттық күресі шын мәнінде, Ресейдің қырғыз жерін де, Қоқан хандығын да жаулап алуын біраз уақытқа шегерді. Әсіресе, Ташкент бектерінің, одан қырғыз манаптарының Кенесарыға қарсы қимылдары царизмнің Орта жүздің басты аудандарын, әсіресе, Ұлы жүзді алуға жол ашқандығын түсіну қиын емес. Феодалдық бытыраңқылық пен жегідей жеген ішкі қайшылықтардан туған қауіпті жете ескермеу қырғыз, қазақ және өзбек халықтарын, кейін түркімендерді патша үкіметінің бодандық бұғауына байлап берді.

Кенесарының қолбасшылық өнері туралы сипаттамаларды орыс тарихнамасынан да байқаймыз. Әскери тарихшы В.А.Потто 1872 жылы өзінің «Қырдағы жорықтар хақында» деп аталатын дәрістерінде көтерілістің көсемін «жеңімпаз хан, қырғыздың Шәмілі» деп баға берген. XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейде болған ұлт-азаттық қозғалыстардың ішінен имам Шәміл мен Кенесары бастаған көтерілістің ерекше дараланып тұратынын еске алсақ, бұл бағаның орынды екенін пайымдаймыз. Орыстың әскери тарихшысы Н.Середа өзінің «Қырғыз (қазақ) сұлтаны Кенесары Қасымовтың дау-дамайы» деген еңбегінде: «Кенесары өз жасағының мәртебелі әміршісі бола білді. Кенесарының қолы жорықтарда, қамал алдында бөгелмейтін. Қайта бөгеттер оның қайтпас еркін қайрай түсетін, мақсатына жету жолында кездескен кедергілерді жайратып, қаһарлы күшті тасқындататын. Көтеріліс қолбасшысы өз басына түскен небір қиыншылық, күйзеліс, қуғын-сүргінге қарамай, жауына бет қаратпай дауылдап тиюші еді», – деп Кенесарының халқы үшін басын бәйгіге тіккен батыр екенін жарқырата суреттейді.

Кенесары опат болғанда оның артында 8 ұл, 4 қыз, екі әйел жесір қалды. Баласы Сыздық сұлтан, әке жолын қуып, отарлау саясатына қарсы күресіп өтті. Архив деректері растағандай, 1842 жылы 2 наурызда Кенесарының әйелі Күлімхан ханымды қызымен бірге патша әскерлері кепілдікке ұстап әкетті. Кенесарының сол қызының немересі Александр Гаврилович Мойсеевскийдің (1902-1971) ұлты – орыс. Әскери шені – генерал-майор. Ұлы Отан соғысы жылдарында 312-ші атқыштар дивизиясын (8-інші гвардиялық армия, І Белорусь майданы) басқарған. Кеңес Одағының Батыры.

Сонау XIX ғасырдың басында Кенесары бабамыздың: «Қазақ жеріне өзі ие болмай, жеке мемлекет құрмай, ел болып жарытпайды» деген көрегендік сөзін тарих, өмірдің өзі дәлелдеп отыр. («Қазақ тарихы», 516-519-б.). Қазақ елінің тарихында бостандық үшін болған көтерілістердің ішінде ең маңыздысы – Кенесары басқарған ұлт-азаттық қозғалыс. Ол бүкіл өмірін халқының бостандығы үшін арнап, 10 жыл бойы өте қиын жағдайда Ресей империясына, Қоқан, Хиуа хандықтарының басқыншылық шабуылдарына тойтарыс беріп отырды. Ерлігімен, даналығымен, әділеттілігімен абырой алып, хан болып сайланды. Кене хан мен Наурызбай қозғалысына қатысқан ата-бабаларымызды құрметтеу – бәріміздің міндетіміз. Елін, жерін қорғаған бабаларымызды құрметтеу жас ұрпақтың патриоттық сана-сезімін қалыптастыруға қызмет етуі керек.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ, тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button