“Сарыарқа” магистралды газ құбырын салуға зейнетақы қорынан 85 млрд теңге бөлінбек
Құны 267,3 млрд теңгені құрайтын “Сарыарқа” магистралды газ құбырына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 85 млрд теңге бағытталмақ. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан
“Магистралды газ құбырын салу мақсатында “АстанаГаз-ҚМГ” жобалық компаниясының жарғылық капиталын 80,3 миллиард теңгемен, 102 миллиард теңге мөлшерінде банктерден алынған қарызбен және 85 миллиард теңге мөлшерінде “БЖЗҚ” АҚ зейнетақы активтерін “АстанаГаз-ҚМГ” облигацияларына инвестициялау арқылы толықтыру жоспарланып отыр”, — деді вице-министр.
“Сарыарқа” жаңа магистралды газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша тартылады. Одан әрі Көкшетау мен Петропавл қалаларын газдандыру мүмкіндігі қарастырылады.