Жаңалықтар

Қарағандыда «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу кезеңдері өтуде

Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында  «Көктем-2019» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығу кезеңдері басталды.  Абай ауданының “Жартас” су қоймасында өткен шараға 600-ге жуық адам және 200-ге тарта техника жұмылдырылған, – деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Екі күнге созылатын жаттығулар кезінде алпысқа тарта тәжірибелік дайындықтар өткізіледі. Мұндай шаралар алдағы уақытта өңірдің барлық аудандары мен қалаларын қамтиды. Алғашқы жиынды өткізуге “Жартас” су қоймасының аумағы кездейсоқ таңдалмаған екен. Бұл туралы  Қарағанды облысы бойынша ТЖД бастығы Ыбраһым Күлшімбаев айтып берді.  
– Абай ауданы облысымыздағы көктемгі тасқын қаупі жоғары аудандардың бірі. Оқу жаттығу кезінде біз жергілікті әкімдіктердің, аудандық апаттық-құтқару қызметтерінің дайындығын тексереміз. Сонымен қатар су қоймасындағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылаймыз. Оқу жаттығулар құтқарушылардың барлық азаматтық қорғаныс қызметтерімен өзара әрекет етуі кезіндегі ауызбірлігі сыналады, – деді ол.  
Тасқынға қарсы республикалық оқу-жаттығулар аясында  өзен арналарын, су өткізу құбырларын тазарту, жағалауды бекіту және жарылыс жұмыстары басты назарға алынады. Қарағанды облысында тасқынға қарсы дайындық өткізу үшін арнайы топ құрылған. 
– Ол топта 6000 астам жеке құрам адамдары және 2500 жуық арнайы техника бар. 2018 жылы қосымша техника сатып алынды – жол талғамайтын көлік, өрт сөндіру бөлімшелері үшін арнайы көліктер, қайықтар. Сонымен қатар су тасқынының салдарын жою үшін 106 саз сорғыштар алынды, – деп түсіндірді Ыбраһым Күлшімбаев.
 

Басқа материалдар

Back to top button