АймақҚарағанды

Астана тарықпайды – қамын Қарағанды ойлайды

Сенбі-жексенбі күндері көмірлі өлкенің аста-төк дастарқаны астанаға жетті. Мал баққан ағайынның қазы-қартасы, күн қаққан диқанның картоп-қызылшасы «Ханшатырдың» жанындағы жәрмеңкеден табылды. Жыл сайын қоңыр күзде бар дәмдісін Елордадағы елдің аузына ұсынатын Қарағанды биыл да жолынан жығылған жоқ. Біз барған жерге құт дарыды, астаналықтардың аузы аққа жарыды.

Қарағандымен қатар Қостанай облысынан шыққан керуен де сол күні Елордаға жетті. Әйтсе де, біздің көштің теріскейдегі көршіден айбынды көрінгені рас. «Ханшатырдың» маңындағы жәрмеңкенің үштен екісін Қарағанды шаруалары жайлады десек, асыра айтты деп сөкпеңіздер. Ақиқаты – осы, бірақ. Қостанай халқы көзге шұқыды демес, цифрдің өзі солай дейді.

Қарағандыдан жеткен азық-түліктің салмағы 600 тоннаны еңсерді. Тиынға шаққанда 700 млн. теңгеден асып түсті. Қомсынғанымыз емес, Қостанайдың ырзығы 380 тоннаға жуықтады. Астананың азық-түлік белдеуінде жатырмыз ғой. Ауыл арасының жақындығынан болар, жүктің ауыры бізге артылғанын осы цифрдан-ақ шамалай беріңіз.

Әлемді алаңдатқан індет те қарағандылықтардың абыройына нұқсан келтіре алмады. Карантиннің қос бүйірден қысқанына қарамастан биылғы керуеннің жүгі былтырғыдан 100 тоннаға ауыр болды. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Санаубаров журналистерге берген сұхбатында да айтып берді.

– Биыл былтырғыға қарағанда азық-түлік көлемі 100 тоннаға артық. Мұнда 100 тоннадан астам ет, 15 тонна сүт өнімдері, 350 тонна картоп пен 100 тонна көкөніс бар. 600 тонна өнімнің ішінде 117 түрлі тауар қамтылды, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Екі күн бойы өткен жәрмеңкеге 120-дан астам шаруа қожалығы мен кәсіпорын атсалысты. Облыстың барлық өңірінен өнім жеткізілді. Астананың іргесіндегі Нұра, Осакаров аудандарын былай қойғанда, шалғайдағы Ақтоғай, Шет, Ұлытау сынды өңірлердің шаруалары ортақ іске жұдырықтай жұмылды. Жүздеген шақырымды артқа тастап, астындағы атын арытқан ағайынның пейіліне «бәрекелді!» дедік. Бас шайқасып, бас бармақты көрсеттік. Түп көтеріле Елордаға аттанған елден қалмай, елдіктің үлгісін көрсетті.

Жәрмеңкедегі тауардың алуандығынан көз сүрінді. Еттің түр-түрі бар. Табан қазы, иісі аңқыған қартаңыз да осында. Жылқының, қойдың, сиырдың, шошқаның етін таңдап тұрып алды астана халқы. Семізін көліктің артына басқан жұрт ризашылықтарын да білдіріп жатты.

Солардың бірі Жанат Серікбай күздікке деп алған жабағысына дән разы.

– Жәрмеңке жақсы дәстүрге айналды. Жылда Қарағандының келгенін күтіп жүріп, күздік аламын. Өйткені, Арқа шөбін жеген малдың еті ерекше болады. Және өзге аймақтарға қарағанда ірі, қоңды келеді. Бүгін де жылдағыдай жабағы алдым. Семіз. Үйге келген қонаққа «Қарағандының малы» деп қысылмай асамын. Бағасы да қалта көтерерлік, – дейді Жанат ағамыз.

Баға демекші, жәрмеңкедегі баға да жұрттың көңілінен шықты. «Едәуір арзан» деген пікірді бірнеше адамның аузынан естідік. Ресми билік те бұл сөзді растады. Кез келген тауар нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен саудаланды. Яғни, осы күндері жылқы етінің келісін – 1900 теңгеге, сиыр етін – 1700 теңгеге, картоп пен көкөністі 75 теңгеге сатып алуға мүмкіндік болды.

Жоғарыда айттық, Қарағанды астананың азық-түлік белдеуіндегі орнын ойып тұрып алған. Ауылымыз – аралас, қойымыз – қоралас. Жәрмеңкеден тыс уақытта да алыс-берісіміз, көш-керуеніміз іркілмейді. Нұраның көкөнісі мен картобы, Жаңаарқаның бал қымызы бас қаланың дастарқанынан үзілген емес. Індет белең алған шақта да астана жұрты Қарағандыдан жеткен саумалдан шипа іздеді. Бұл – жалғыз мысал. Ал, жыл басынан бері 80 мың тонна азық-түлік Елорданың табалдырығын аттапты. «Нәтиже», Ren milk, «Евразиан фудс», «Апрель – Кулагер», «Дедов» сынды компаниялардың өніміне сұраныс жоғары.

«Жақын жылдары қос тараптың да ұртын майлаған әріптестік бұдан әрі нығая түсері сөзсіз. Кенді өңірдің талай керуені Елорданың есігінен енері анық». Бұл – қарағандылық фермерлердің сөзі. Біздің де сеніміміз кәміл.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button