Кәсіпкерлер несие төлемдерін шегеру туралы өтінімді онлайн бере алады

Қарағанды облысында карантинге байланысты қиындыққа тап болған кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Соның бірі — несие төлемдерін кейінге шегеру. Оған өтінім беру үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Үйде отырып, онлайнда жіберуге болады. Ал, оларды қарастыру мерзімі 6 сағатқа дейін қысқартылды.

 Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар бойынша алға несиелерді және  банк алдындағы берешектерінің барлық түрі бойынша төлемдерді кейінге шегере алады.  Несиені үш ай бойы — сәуір, мамыр және маусым айларында төлемеуге рұқсат етіледі.  Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша сұрақтарға бір жұмыс күні үшінде жауап беріледі. Ал, кепілдік беру шеңберінде қаржыландыруды қайта құрылымдау бойынша алты сағат ішінде жауап алуға болады.

— Қазір кәсіпорынның қаржылық есептілігіне талдау жүргізудің, оны тексерудің қажеті жоқ. Сондықтан, бізге кейінге қалдыру туралы өтінім келіп түскенде, оны бірден келісуге береміз. Бұл — ішкі рәсім. Ол көп уақытты алмайды. Әдетте, егер өтінім таңертең келсе, жұмыс күнінің соңында оған тиісті жауап беріледі, — деп түсіндірді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының басшысы Гүлнәр Сүйіндікова.

Оның айтуынша, несие төлемін кейінге қалдырған жағдайда артық төлем қосылмайды. Бірақ, ай сайынғы төлем сомасы өседі. Бұл үшін қосымша шарт пен келісім жасаудың қажеті жоқ. 

Қазіргі таңда аймақта 20 бизнес-жоба онлайнда өтінім беріп, жеңілдік алып үлгерді. 

Айта кетейік, өтінімді электронды үкімет порталы және  «Даму» қорының ресми сайты арқылы беруге болады. Сілтеме — www.online.damu.kz.