«Тар құрсағын кеңіткен, Анаңдай қамқор бар ма екен?!»

Медицина қарыштағанымен, сәбидің әйел құрсағында дамып, дүниеге келу тәртібі өзгерген жоқ. Егер ғылым дамымай бір орында тұрып қалса, кез келген толғағы қысқан әйел әлі де әжелер мен аналардың дәстүрлі медицинасына жүгінер ме еді, кім білсін?!

Көпті көрген әжелердің өзі жауапкершілігіне алған үлкен іске кірісерде алдымен «менің қолым емес, Бибәтима пірімнің қолы» деп айтатыны есіңізде шығар?

«Неге «Бибәтима пірім» деп айтады?» деген сауал да кейбіреуді әлі күнге алаңдатады. Оған жауап беретін әжеміз ол кезде сол іске кірісіп, өзін мазалауға тыйым салады.

Сол сөз көп жағдайда әйел босанарда айтылатын. Өзі қазақтың көне тарихында аналарымыз алдымен Адам атаның жолдасы Хауа ананы пір тұтып, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) әйелі Хадишаны үлгі еткен. Сондай-ақ, Пайғамбардың үшінші қызы Бәтимәні пір тұтқан.Толғағы жетіп, қазан жарысы істелген. «Хауа ана қолдай гөр, Хадиша жебей бер, Бибәтимә пірім сеп бол» деп аман-есен бөбегін бауырына алуды тілейтіні – сондықтан.

Жалпы, қазақта ананың оңай босануына арналған ырым-тыйым көп. Оған толғақтың да әсері бар. Екіқабат әйелдердің толғағы бірнеше рет болатынын жақсы білген аналарымыз «ұзын толғақ», «орта толғақ», «ай толғақ» деп атау берген. Ұзақ әрі жауапты кезеңді қамтитын «ұзын толғақ» босануға үш ай қалғанда басталады. Босанар кезіндегі толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмасын деп күн сайын кешкілік жас келіннің құйымшағынан бастап жауырынына дейін бес саусақты батырып, қойдың құйрық майымен сылап, сипаған екен. Кейін «орта толғақта» іштегі бала жарық дүниеге шығуға дайындала бастайтындықтан, жүкті әйелдің ішінің сыртқы пішіміне қарап, ана құрсағындағы баланың ұл, қыз екеніне болжам жасапты. Қазіргі таңда үлкен әжелердің босанатын әйелдің ішіне қарап, «кішкене, шошақ, үшкір болып келсе – қыз босанасың» деп, ұл босанатын әйелдің ішіне қарап «домалақ, дөңес бітеді» деп айтып отыруы – сондықтан. Тәжірибелі аналардың орта толғақ кезінде жүкті әйелге пышақ, біз секілді дүниелерді ұстатпауы келінді ерте босанып қалудан сақтайтын тыйым екенін айта кеткен жөн.

– Жүктілік тек әйелге бұйырған бақыт. Оның әрбір сәтін күйзеліссіз өткізу керек. Ай-күні жақындағанда Ай толғақ басталатынын білген жөн. Осы ай толғағы кезінде аналар кіндігіне оралып қалмасын деп жүкті әйелге ине-жіппен іс тіккізбейді. Керісінше, жабық ыдыстардың бетін, жеті бұлақтың көзін аштырып, бұлаққа май құйып, теңге тастатады. Буулы қаптың аузын, жабулы тұрған ішкі есіктерді ашуы керек. Егер әйел толғағы ұзақ болып, босанбай қойса, басқа әйелдер бөлек қазандарға бидай, тары секілді тағамдарды қуырып жарысып, «қазан жарыс» істейді. Әйел босанатын үйдің босағасына қанжар, қылыш, қамшы іліп қою әлі де бар. Бұл – әйелдің толғағына кедергі келтіретін жын-перілерді үйге кіргізбейтін ырым,– дейді ақтоғайлық Марал әже.

Көшпелі қазақтарда бала жарыққа шығарда әйелдің бір дене мүшесі ерекше ауыратынын сезіп, тісі ауырса «тіс толғақ», тізесі ауырса – «тізе толғақ», желкесі ауырса – «желке толғақ» деп атаған кездері болыпты.

Этнограф Болат Бопайұлы әйел толғатып жатқанда аналар барып, толғағы қысқан әйелді орнынан демеп тұрғызып, киіз үйдің керегесінің басынан ұстатқызатынын айтады. Жалпақ құры жіпті үйдің ана басынан мына басына тартып, әйелдің екі қолтығынан өткізіп, жіптің ырғағымен ақырындап әйелдің толғағына ілестіріп, босандырады екен. Толғақты ұмыттыру үшін жіпті ырғата отырып, әйелге керегенің басын санатқан деседі.

Ал, қазіргі таңда үйде толғатып, босанатын әйелдер бар ма?

– Адамның көмегімен үйде босануға сенімді болатын әйелдер де бар. Бірақ, қоғамда барлық әйелдер дені сау ұрпақты өмірге әкелуде белсенді емес. Біреуінің бүйрегі ауырады немесе қант диабеті бар болуы мүмкін. Сондықтан, босанар уақытта арнайы медицина мекемелеріне тіркелу – міндетті. Олар нәрестелерімен бірге кемінде 3-5 күн дәрігердің бақылауында болуы қажет, – дейді дәрігер гинеколог Лариса Мохова.

Республикалық «Акушерия, гинекология және перинатология» ғылыми орталығының мамандары дені сау әйелдер тек табиғи жолмен босанғаны дұрыс екенін айтады.

Ал, облыстың орталық мешітінің мамандары «мұсылман әйелдер жеңіл босану үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және сахабалар кеңес берген аят, дұғаларды мың қайтара оқығаны дұрыс» дейді. «Фатима анамыз Хасан мен Хұсейінді босанарда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айналасындағыларға Фәләқ пен Нас, Аятуль Курси, Ағраф сүресін оқуға кеңес берген» дейді мешіттегілер.

Аналарымыздың кейде ренжіп «тоғыз ай толғатып тудым» дегені «ұзын», «орта», «ай толғақты» тілге тиек еткені екен. Босанғаннан кейін де тоғыз ай толғатқан сәбидің анасына қалжасын жегізіп, шілдехана тойын атқаруы да тойшыл қазақтың бұрыннан келе жатқан үлкен дәстүрі. Сол тойға себеп болар сәбидің дүние есігін ашу үшін алдымен, әйел толғағының тосырқамағаны жақсы.

Аяулым СОВЕТ.