Тарих

Қарлұқ қағандығы

Алтайдың батысына таяу жерді мекендеген қарлұқтар түргештерді ығыстырып, Жетісуда мемлекет құрды (766-940). Қағандық Жетісу мен Қашғардан, Ферғана мен Сырдың орта ағысына дейінгі жерге иелік жүргізді. Бұл кең аймақтағы тайпалар әуелде “жабғу”, 840 жылдан “қаған” лауазымды көсемдердің қол астына қарады. Ежелгі Қытай жазбаларына қарағанда, қарлұқтар – таулы да қарлы аймақтарда өмір сүрген байырғы ғұндардың ұрпақтары. Орыстың В.Бартольд, Г.Грум–Гржимайло, Н.Аристов тәрізді үлкен зерттеушілері «қарлұқ» этнонимі «қарлы аймақта тұратындар» деген мағынаны білдіретінін айтып келді.

Қытай жылнамалары бойынша қарлұқ – түріктердің бір жұрты. V-VI ғасырларда қарлұқтар түрік тілдес тиректердің (телэ) бір тайпасы делінеді. О бастан-ақ олар Бесбалықтың солтүстігінде Алтын таудың (Алтайдың) батысында қоныстанған. Шығыс деректемелеріне қарағанда қарлұқтар құрамына үш ірі рулық бірлестіктер енген. Олар – Бұлақ, Шігіл (Чигил), Ташлық. VI ғасырда бұл тайпалық одақ шығыстағы тоғыз оғыздарға жақын жүргенде Үш оғыз бірлестігі деп аталса, кейінірек Үш қарлұқ атанды. Зерттеушілердің біразы қарлұқтардың бұлақ тайпасын кейінгі қазақ арғындарының арғы бабаларын (болат тайпасын) құраған этносаяси бірлестіктердің бірі ретінде сипаттап жүргендігін білген де артық болмас. Сонымен қатар, кейіннен Жетісудағы Қарлұқ қағандығы ыдыраған кезде қарлұқтардың үлкен бөлігі түркімендер құрамына сіңісіп кетсе, Ферғана аймағындағы бір бөлігі болашақ өзбек халқының қалыптасуының этно-әлеуметтік негіздерін құрауға атсалысты. Этникалық топ ретінде қарлұқтар қырғыздарда да кездеседі. Дегенмен де, қарлұқтардың негізінен қазіргі Қазақстан аумағында көшіп-қонып жүрген көшпелі тайпалар бірлестігі екендігін естен шығаруға болмайды. Бұдан туындайтын қорытынды – қарлұқтар біздің қазақ халқының қалыптасуының этникалық үдерістерінде өзіндік із қалдырған этно-саяси бірлестік. Кезінде олар Ұлы Түрік қағанаты құрамында көшіп жүрсе, кейіннен Батыс Түрік қағанатының қарауына көшті (Т.Омарбеков. Қазақ мемлекеті: қағандықтар, ұлыстар мен хандықтар баяны. А., 2017. 78.б.).

654 жылы қарлұқтарды Таң империясының әскерлері басып алды. Біраз уақыт қытайлықтардың тепкісінде болған оларды 682 жылы қайта құрылған Шығыс Түрік қағанаты өзіне қосып алды. Алайда, Орхон жазуларында айтылғандай, қарлұқтар қағандарға қарсы бірнеше рет көтеріліс жасаған және оларға қарсы соғыс жорықтарын жасап отырған. Қарлұқтардың бірінші жорығы 711-712 жылдары болған. “Күлтегін ескерткішінде” Күлтегін жиырма жеті жаста еді, қарлұқтар тәуелсіз болып (бізбен) жауласты, біз олармен Таһағ деген киелі бастау басында соғыстық“ дейді. Бұл 714-715 жылдары Тарбағатай тауында түріктердің қарлұқтармен болған соғысы еді. Қайта қалпына келген Шығыс Түрік қағандығы бұдан кейін де (715,716,720 жж) қарлұқтарға қарсы жорық жасап отырған. Ол кезде қарлұқтар Алтай тауының батыс бөлігі мен Тарбағатай өңірін қоныстанған, олардың өз алдына жеке иелігі болған, бұл иеліктің билеушілері “елтебер“ деп аталған. (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. А.,1994.136.б.). 734 жылы Білге қаған қайтыс болған соң, Шығыс Түрік қағандығы ішкі қырқыстар салдарынан тозғындай түсті. Осы кезден бастап қарлұқтар елеулі әскерисаяси күшке айналып, тарих сахнасына шыға бастады, бұдан былайғы тарихи оқиғаларда елеулі рөл атқарды.

742 жылы Моңғолия даласындағы Шығыс Түрік қағанатын үш тайпаның – қарлұқтардың, ұйғырлар мен басымылдардың біріккен одағы күйретіп жеңеді. Қағанат билігі аз уақыт басымылдардың қолына көшіп, олардың көсемі қаған болады. Қарлұқтар басшысы мен үйғырлар жетекшісі ябғу ( жабғу) атағын алады. Алайда, көп кешікпей бұлардың арасында талас-тартыс басталып, 744 жылы басымылдарды ұйғырлар мен қарлұқтардың біріккен күші тас-талқан етеді. Сөйтіп, Орталық Азияда жаңа мемлекет Ұйғыр қағанаты (744-840 жж) құрылады. Шығыс Түрік қағанатының жұртында 744 жылы шаңырақ көтеріп, 840 жылға дейін аттай бір ғасыр дәурен сүрді. Мекен-тұрағы исі түркіге кіндік жұрт болған Селенгі, Орхон, Толы өзендерінің бойы еді. Қағанаттың шаңырағын Құтылық Білге Күл қаған көтеріп, елдің шекарасын солтүстігінде Алтай тауларынан Манжурға дейін, оңтүстігінде Гоби шөліне дейін кеңейтті. Мемлекеттік тілі түркі тілі болды, Түркі жазуын қолданып, Тәңірге тәу етті. Ұйғыр қағанаты көшпелі өмір – салтта болғанымен, Орда – Балық (Харболғас ) сияқты гүлденген астанасы болған. (А.Сейдімбек).

Қарлұқтардың дербестікке ұмтылуы олардың Ұйғыр қағанатынан бөлініп шығуына жеткізді. 746 жылы Қарлұқтар Жетісуға қоныс аударды, ал онда саяси жағдай тым күрделі болатын. Өзара қырқысқан күресте түргеш қағандары өздерінің бұрынғы күш-құдіретінен айырылды. Соның салдарынан бытырап кеткен түргеш тайпалары қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Бұл оқиғалар ертедегі түріктердің Терхин жазбаларында: « Ит жылы үш – қарлұқ опасыздық жасап, қашып кетті. Олар батыстағы он оқ халқының еліне келді», – деп көрсетілген (С.Кляшторный) Осының бәрі қарлұқтарды күшейте түсті. Айта кетер бір маңызды мәселе, 751 жылы болған қытайлар мен арабтар арасындағы Талас шайқасында қарлұқтар алғаш Қытайдың жағында болса, кейінірек арабтар жағына шығып, өздеріне туыстас жергілікті тайпалардың жеңіске жетуіне ықпал жасады. Араб тарихшысы Ибн әл-Асирдің мәліметтеріне қарағанда, Атлах қаласының түбінде 45 мың қытай өлтіріліп, 25 мыңдайы тұтқынға алынған. Талас өзеніндегі шайқастың Жетісу және Мәуреннаһр халықтарының тағдырларында зор тарихи маңызы болды. Қытай әскерлері Жетісу шегінен ғана емес, ұйғырлар мен тибеттіктердің қысымымен Шығыс Түркістаннан да кетті. Талас аңғарында арабтар да тұрақтап қала алмай, Шашқа (Ташкент) шегінді. Соның нәтижесінде қарлұқтар өз жағдайын нығайтып алды.

766 жылы Түргеш қағанының екі ордасы – Тараз бен Суяб және бүкіл Жетісу жері қарлұқтар жабғуының қолына көшті. Сол арқылы саяси және әлеуметтік биліктердің қарлұқ көсемдерінің қолына көшуі Жетісуда Қарлұқ мемлекетінің біржола қалыптасуына жеткізді. Қарлұқтар өздеріне бағынышты жерлердің шекарасын одан әрі кеңейте берді. VIII-X ғасырларда қарлұқ тайпалары Қазақстан жерінде Балқаш пен Ыстықкөл көлдері мен Іле, Шу, Талас өзендерінің алабын, Тянь-Шаньның баурайы мен Отырарға дейін созылған Испиджаб өңірін жайлады. Араб географы Ибн Хаукальдың деректерінде «Қарлұқ жерін батыстан шығысқа кесіп өту үшін 30 күндік жол керек» делінеді. Қарлұқ 766-775 жылдарда бір мезгіл Қашқарияны жаулап алған. XIII ғасырдың ақырында Ферғана өңірі де олардың ықпалында болған. Бұрыннан Жоңғария мен Жетісу жерін мекендеген қазақ тайпалары осы қарлұқ қағандығының қоластына қарады. Олардың 3 ру елден тұратын бастапқы құрамына түркі тілдес тухсы, шігіл, азнши, халадж, чарук, аргу (арғын), барсхан тайпалары енді (Қазақ ССР:4 томдық қысқаша энциклопедия.А.,1984.Т.1.290.б.).

Қарлұқтардың Шығыста Ұйғыр қағанатымен бәсекелеспек болған әрекеттері кейін сәтсіздікпен аяқталды. 791 жылы ұйғырлар Бесбалық түбінде қарлұқтар мен тибеттіктердің әскерін талқандады. 812 жылы олар қарлұқтарды толық жеңді. Қарлұқтарды қуа отырып, ұйғыр қағаны Ферғана мен Сырдарияға дейін жетті, олардың адамдары мен малын қолға түсіріп, Орталық Азияға қайтып кетті. Осы қатаң жеңілістен кейін қарлұқ жабғуы Моңғолиядағы орталығы Отюкен болған ұйғыр қағанының жоғары билігін мойындауға мәжбүр болды. Ұйғырлардың билеп-төстеуіне Енисей қырғыздары табанды қарсылық көрсетті. Қырғыздар 80 мың жауынгер жасақтай алатын, халқы көп бірлестік болған еді. Жиырма жылға созылған табанды күрестің нәтижесінде қырғыздар 840 жылы ұйғырларды талқандап жеңді. Ішкі Азия даласындағы бұл маңызды оқиға мұсылман тарихнамасында көрініс тапқан. Мәселен, Гардизи бұл жөнінде мынадай хабар келтіреді: «Түркістандықтар (қырғыздар) хақан халқына шабуыл жасады, олар бұл халықтың беделді -беделді он екі бастығын өлтірді, семсермен турап, хақандықтардың бәрін қырыпжойды. Хақандықтардың бүкіл патшалығы Чунпан мен халлуктардың (қарлұқтардың) қолдарында қалды» Үйғырлардың негізгі көпшілігі Шығыс Түркістанға және Ганьсудің батыс жағына қоныстанды, онда орталығы Турфан алқабында (847-1369 жж) және Ганьсуда (847-1036 жж) болған тәуелсіз мемлекет құрды. (Қазақстан тарихы. А.,1996.т1.308 б). Осы кезде қайта күш алған Қарлұқ көсемі Білге Қойыл Қадырхан билікке ие екенін жария етіп, бұрынғы жабғу лауазымының орнына қаған атанды. Ол қарлұқтардан қаған тағына отырған бірінші адам еді. IX ғасырдың орта шеніне қарай, қарлұқтардың билік жасаған аймағы айтарлықтай кеңейе түсті. Оларға енді Жетісу жері ғана емес, Сырдария аймағының шығыс бөлігі де бағынатын болды. Алайда, олардың батысқа жылжуына 715 жылы Мәуреннаһрдың үлкен бөлігін жаулап алған арабтар кедергі жасады. 772 жылы арабтар қарлұқ әскерін Ферғанада талқандап жіберді. Осыдан соң, 777 жылы қарлұқтар өздерінің халифатты мойындайтындарын амал жоқ мәлімдеді. Дегенмен де қарлұқтар араб ықпалынан құтылу жолында тағы бір әрекет жасап, оларға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ, 792 жылы оларды Ферғанада тағы да талқандады. 840 жылы арабтар қарлұқ жеріне тіптен тереңдеп еніп, Испиджаф қаласын да бағындырды. Араб халифатының құлауы – саяси ахуалды едәуір өзгертті. Енді Орта Азиядағы билік арабтардан мұсылмандықты қабылдаған Саманидтер әулеті қолына көшті. Бірақ, Саманидтер арабтардың басқыншылық саясатын жалғастырды. Оларға ең алдымен қарлұқтарды Ислам дініне енгізу аса қажет болды. Осы мақсатпен 893-894 жж Исмайл ибн Ахмед Таразға жорық жасап, оның басшысын, дихандарын Исламды қабылдауға мәжбүр етті. (Т.Омарбеков). Бірақ, Жетісу қарлұқтары саманидтердің қысымына төтеп қана қойған жоқ, сонымен қатар олардың мемлекетіне шабуыл да жасады. Мәселен, 904 жылы Қарлұқ қағандығының көп қолы Мәуреннаһрға басқыншылық жасады. Жалпы алғанда, арабтар мен саманидтер билігі Қарлұқ қағандығының құрамындағы Оңтүстік Қазақстан жерінің бөлігіне ғана жүрді. Қарлұқ қағандығы саяси-әлеуметтік құрылымы жағынан феодалдық мемлекет еді. Қарлұқ қоғамында жеке-меншік дамыды. Авторы белгісіз “ Худад әл-Алам…” шығармасында қарлұқтарда 25 қала мен елдімекен болғаны айтылады. Олар: Тараз, Құлан, Мерке, Атлақ, Тузын, Балиг, Барысхан, Сыйкөл, Талғар, Тонг, Пенчуль т.б. Жергілікті отырықшы халықтардың басым көпшілігі түсті және асыл металдар (алтын, күміс, мыс) өндірумен шұғылданды. Сауда-саттық қалалары көне жолдардың бойына орналасты. Сол жолдардың бірі – Бұқар, Самарқанд, Шаш (Ташкент), Тараз, Құлан, Суяб арқылы өткен. Бұл қағандықтың шаруашылық негізі көшпенді мал өсірушілік пен отырықшы егіншілік болды.

Қарлұқ қағандығы 775-875 жылдар аралығында Ислам дінін қабылдап, оның билеуші ақсүйектері арасында Ислам діні терең тамыр тарта бастады. Осының нәтижесінде, ежелгі Түркі жазуы және соғды жазуы ығыстырылып, араб әліппесі негізіндегі жаңа түркі жазуы қалыптасты. Қалаларда мешіт, медреселер ашылды. Осы дәуірде қазіргі Қазақстанның Сырдария алқабындағы Отырар (Фараб) қаласында туыпөскен Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) философ әрі энциклопедист-ғалым, “екінші ұстаз” (Аристотельден кейінгі) ретінде ғылым мен мәдениетте әйгілі болды.

Ежелгі үйсіндердің атамекенін негізгі орталық еткен Қарлұқ қағандығы 170 жылдан астам (766-940) өмір сүрді. Х ғасырдың алғашқы жартысында қарлұқ билеушілеріне қарсы аттанған яғма тайпасы шығылдармен бірлесе отырып, 940 жылы Баласағұн қаласын тартып алды. Сөйтіп, Қарлұқ қағандығы құлады. Кешікпей үкімет билігі Қарахан әулетінің қолынан өтті. Бұрын қарлұқтар мекендеген қоныстарда оларға байланысты материалдық мәдениет қалдықтары өте көп. Олар қазақ халқының ХІV-XV ғасырлардағы мәдениетімен жалғасып жатады.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button