Әлеуметтік төлемдерді қалай алуға болады?
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы мәлімдеме жасап, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және бейресми жұмыс істеген азаматтарға көмек көрсетуді тапсырған болатын. Әлеуметтік көмекті қалай алуға болады? Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова мен “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ облыстық филиалының директоры Зәреш Молдаева жауап берді.
Спикерлердің айтуынша, тегін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты төмендегі санат бойынша үлестіріледі:
- АӘК алушыларға;
- I, II және III топтағы мүгедектерге;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға; ресми тіркелген жұмыссыздарға.
Бұл көмекті алу үшін ешқандай өтініш беру қажет емес. Тізімді мемлекеттік органдар дайындайды. Ал, жергілікті атқарушы органдар азық-түлік және тұрмыстық жиынтықты алушылардың шоттарына аударылатын соманы анықтайды. Төлемдер 30 наурыздан бастап беріле бастады.
Атаулы әлеуметтік көмек алу мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Бұл көмекті алғаш рет өтініш білдірген азаматтар egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім бере алады.
– Төтенше жағдай кезінде біз жұмысқа орналастыру бойынша Жол картасын әзірледік. Облыста 16 мың жұмыс орны құрылады. Оның 8 мыңы жұмыспен қамту орталықтарының қатысуымен ашылмақ. Жұмыстан айырылғандар үшін “Еңбек” бағдарламасы бойынша “Бастау бизнес” курстарында қашықтықтан оқытуды ұсынамыз. Осыдан кейін өз ісін ашуға гранттар, шағын несиелер алу мүмкіндігі бар. Жұмыспен қамтудың жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар секілді басқа да тәсілдері бар, – деді Әсем Жүніспекова.
Оның айтуынша, енді жұмыссыз мәртебесін алу үшін бұрынғыдай 10 күн күтпейсіз. Оны небәрі үш күннің ішінде рәсімдеуге болады.
Жұмыссыз мәртебесін енді бұрынғыдай он күн емес, үш күн ішінде ресімдеуге болады, деп атап өтті спикер. Ал, бос жұмыс орындарын көру үшін enbek.kz электрондық еңбек биржасында тіркелу қажет.
Өз кезегінде Зәуреш Молдаева әлеуметтік төлемдер тәртібін түсіндіріп берді. Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылған тұрғындар 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы ала алады.
– Бұл төлем шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметкерлеріне, карантин енгізілген қалалардағы ірі кәсіпорындардың қызметкерлеріне, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға тиесілі. Олардың қатарында заңгерлер, нотариустар, медиаторлар және басқалары бар. Сондай-ақ, бұл санатқа бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер – репетиторлар, жеке тасымалдаушылар және басқалар кіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік төлемдермен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыс істейтіндер де қамтылатын болады. Барлық өтініштер қаралады, – деген Зәуреш Молдаева ешкім әлеуметтік қолдаусыз қалмайтынын атап өтті.