Облыс әкімдігіндеОблыс әкімі

Қаза тапқан сарбаздар марапаты табысталды

Қызметтік борышын атқарудағы ерлігі мен адалдығы үшін ел Президентінің Жарлығымен қарағандылық Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Ұлттық Ұландар Талдықорған мен Қызылордада құқықтық тәртіпті қалпына келтіру кезінде қаза тапты. Мемлекет басшысының атынан марапатты қаза болғандардың туған-туыстарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК табыс етті.

Сурет облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Бейбіт уақытта жауынгерлеріміздің көз жұмуы баршамызға зор қайғы. Біз ақтық демі шыққанша Заңға және Қазақстан халқына қызмет еткен азаматтардың, Отан қорғаушылардың есімдерін әрдайым есте сақтаймыз. Біз үшін Айбат пен Мадияр мәңгі ерлік пен абыройдың үлгісі. Олардың есімдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының батырлық шежіресіне енеді, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, ҚР Ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Әлібек Сералиев және ҚР Ұлттық Ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Сәкентай Шекарбеков қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына ержүрек азамат тәрбиелегені үшін алғыс айтты.

Отанымыздың лайықты батырларын тәрбиелеген сіздерге шын жүректен көңіл айтамыз. Бейбіт уақытта ұлынан айырылу – орны толмас қасірет. Сіздердің ауыр қайғыларыңызға ортақпыз. Бірақ, біз Сіздердің ұлдарыңыз сияқты жауынгерлердің құқық қорғау әскерлерінің қатарында қызмет еткенін мақтан тұтамыз. Олар қарапайым азаматтарды және мемлекетімізді, Отанымызды зұлым жаудан қорғады. Олар әрқашан нағыз ерлік пен Қазақстанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі болады, – деді батырлардың ата-аналарына Әлібек Сералиев.

Бұдан кейін Ұлттық Ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері атынан қаза тапқан сарбаздың туыстарына 7 млн. теңге табыс етті. Айбат Аманов 2003 жылы Атасу кентінде дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, Талдықорған қаласының №5514 әскери бөлімінде қызмет еткен. Мадияр Қайсаров 2002 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген, ҚР Ұлттық гвардиясында, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы, Қызылорда қаласы, 5547 әскери бөлімінде қызмет атқарған. Қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button