Жаны жайсаң жасампаз
Қытайдың ұлы философы Конфуций (Кун Цзы) айтқан: «Құдайым ұлы өзгерістер кезінде өмір сүруден сақтасын» – деген сөздер бүгіндері де өз өзектілігін жойған емес. Шынында да, біздің ұрпақ пен замандастарымыздың еншісіне өзгерістер түгілі, бүтін бір қоғамдық-экономикалық фармацияның ауысуы сияқты қызығы мен қиындығы, жақсылығы мен жауаптылығы, ауыртпалығы мен айрықшалығы сияқты сан түрлі қыры бар қилы заман бұйырыпты.
Ал, енді мақаламызға арқау қылып, өздеріңізбен оның жарқын бейнесі туралы мөлтек сырларымызбен бөліспек болып отырған, бірімізге қимас бауыр, ал екіншімізге ардақты аға болған Мылтықбай болса осы қиын кезеңде бізбен қатар жүріп, жасампаз тұлға ретінде көрсетіп кетті.
Тектілікті терең бағалай білген халқымызда:
«Қасқа айғырдың баласы –
Қасқа тумаса да, төбел туады,» – деген нақыл бар.
Бабасы Жыржыс қажы Бұқар жырау ауданы мен Баянауыл өңірінің тоғысқан тұсындағы Ақжар ауылында алғашқы мешітті ашып, медресе салдырған, аталарымыздың бойына білім мәйегін сепкен қасиетті адам болатын. Сондықтан да болар, Мылтықбай алдымен Ақжардағы Сарытау 8 жылдық мектебін, ал кейін қаламыздағы №2 мектеп-интернатты тәмамдап, Қарағанды кооператив институтына оқуға түспек ойын жеткізген кезде, әкесі Ғабдолләтип онша құптай қойған жоқ еді.
Шыны керек, ол кездері ел арасында педагогикалық, политехникалық және медицина институттарының беделі басымырақ болды. Әкей сірә, баласы осы оқу орындарының бірін бітіріп, ата-бабалары сияқты аймағымызға белгілі тәлімгер ұстаз немесе дәрігер болса деп армандаса керек. Бірақ, Мылтықбайдың сара жолының бастауы, өзінің немере ағасы Мәулен Ғазалиұлының өмірлік бағыт беруінен басталды. Осы Ақжар ауылының түлектерін, әсіресе жетім балаларын түрлі оқу орындарына түсуге баптап және оқытып жүрген Қаз КСР-не еңбегі сіңген ұстаз Мәулен Ғазалиұлы – Мылтықбайдың бойындағы ерекшелікті ерте сезсе керек. Сезімтал ұстаз оның үлкенге де, кішіге кішіпейіл, мінезі жібектей бола тұра, нағыз достары болмаса ашылып сөйлесе бермейтінін де болашақ қаржыгерге ғана тән қасиет екенін ескере білген екен.
Әкесі Ғабдолләтип Отан соғысының ардагері, 1941 жылы Мәскеу қаласын қорғаған алғаш сұрапыл соғыстарға қатысып, екі рет ауыр жараланған. Бір білегі мен бір санының еті жұлынған кемдігі болса да, мүгедектігін өмір бойы ешкімге көрсетпей өткен адам еді. Анасы Файзура да аса еңбекқор, қайратты жан еді, ауылымыздан шыққан тұңғыш тракторист болды.
Ауыр еңбектен денсаулығын ерте жоғалтып, көзі көрмей зағип болып қалған анасы мен қарт әкесіне қарындасы Сапария екеуі бала кездерінен қолғабыс етіп, еңбекқор болып ержетті. Ол мектеп-интернатта оқып жүргенде де, кейін кооператив институтының студенті болған кездерінде де, жаз айларында үнемі ауылға келіп шөп шауып, мал жайлауға да үлгеріп жүретін.
Ол 1973 жылы институтты тәмамдасымен облыстық қаржы басқармасында экономист болып қызмет жолын бастады. Өскемен қаласында әскери борышын өтеп келісімен, өз ұжымында аға экономист, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарып, өзін іскер де білікті маман және басшы ретінде көрсете білді.
Мылтықбайдың кәсіби жолда үлкен жетістіктерге жете білуінің тағы да бір сыры, оның ұстаздары, ағаларымен жақсы інілік қарым-қатынаста болып, дұрыс тәлім, мәнді тәрбие ала білуінде еді.
Оның кейінгі өмір жолына тағы да дұрыс бағыт бере білген ағасы – негізі баянауылдық, кезінде Қаз КСР қаржы министрінің орынбасары болған Қалыш Бадин мен жұбайы – еліміздің белгілі кардиологы, ғалым-ұстаз, Қарағанды медицина институтының профессоры Клавдия Зәкірқызы Тінімова жеңгесі бо латын.
Осындай тәжірибелі ағаларының мектебінен өткен Мылтықбайдың да осы жылдары «Қанаты қатып, топшысы бекіді», облысымыздағы ең ірі қаржыгерлер қатарына қосылып, ел арасында беделі артты.
Сондықтан болар, тоқсанның тоқырау жылдарында Орталық Қазақстанда алғаш рет салық қызметін құру қажеттілігі туған кезде Мылтықбайға тең келер басқа тұлға табыла қоймады.
Мемлекеттік қызметтің мәртебесі төмен, екінің бірі кәсіпкерлікпен айналысып жатқан қиын кезеңде, осындай жаңа ұжымды құру үшін, қажымас қайрат қана емес, сонымен қатар көрегендік сияқты қасиеттер де керек еді. Маман кадрлар түгілі оларға жұмыс істеу үшін керекті жеке компьютерлер де аса қат кезінде Мылтықбай сияқты салиқалы да тәжірибелі маман адамның ғана қолынан келетін іс еді бұл. Мылтықбай өзін шын мәніндегі жасампаз тұлға екенін таныта білді. Облыстық салық комитетіне жақсы ғимарат табылды, базасы бекіді, маман кадрларды өзі тауып және тәрбиелеп шығарды. Ол өзінің сүйікті ісі мемлекеттік кірістер мен са лық қызметі, жалпы қаржы жүйесінде 22 жылдан аса басшылық қызмет атқарды.
Кейінірек, 2010-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі әрі басқарма бастығының орынбасары болып, халқымыздың игілігі мен еліміздің дамуына тағы да үлкен үлесін қосты.
Бала кезден бойына сіңген еңбекқорлығы арқасында ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де халыққа қызмет етуін тоқтатпады. Өмірден озған соңғы сәті – 2020 жылдың 5 сәуіріне дейін облыстық кәсіподақта салалық ұйым төрағасы ретінде қызметін жалғастыра берген еді.
Мылтықбай сияқты қарапайым ғана ауылдан шығып, еңбекқорлығы мен жасампаздығының арқасында алты Алашқа белгілі болған адамдар туралы халқымызда бірталай жақсы нақылдар бар. Солардың ішінде атақты Құлыншақ ақын айтты деген де сөз бар: «Баланың аты бала, баспақ емес. Ал, баланың да баласы бар: Ең алдымен баланың төрт түрі болады.
Бірінші бала – үй баласы,
екінші бала – ауыл баласы,
үшінші бала – аймақ баласы,
төртінші бала, ең жақсы бала – ел баласы.
Ел баласы алдымен
елдің елдігін ойлар
Өз басының ғана емес,
дүниенің басқаға да кеңдігін ойлар.
Ел баласы егіз бола бермейді.
Ол көбінесе жалқы туады.
Өйткені оны халқы туады.
Ол елім деп белін буады.
Атаның жолын қуады.
Ауыл баласын айлалап,
аймақ баласын аймалап соңына ертеді.
Үй баласы – үйкүшік,
от басында, ошақ қасында қалады…»
Мылтықбай да әкесінен жалқы туып, ауыл баласынан бастап, аймақ пен ел ағасы биігіне көтерілді.
Шіркін, тірі болса осы жылдың 27 қаңтарында 70-тің де жотасына шығар еді-ау деген өкініш те өзегімізді өртейді. Сондықтан оның ендігі жолын аяулы қызы Мәдина мен ұлы Медетке тілегіміз келеді. Оның көрмеген қызығы мен сүрмеген ғұмырын алғашқы жары Шариданың орнын баса білген ақылды да салмақты Бақыт жеңгеміз бен немерелері Нұрмұхамед пен Дінмұхамед көретініне де сеніміміз кәміл.
Мылтықбай Ғабдолләтипұлының еліміздің экономикасының дамуына қосқан мінсіз қызметі еленбей қалған жоқ. Ол – «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қаржы жұмысының үздігі» мен «Мемлекеттік кіріс комитеті» төсбелгілерімен, еліміздің түрлі мерейтойлық медальдармен, ҚР Парламенті Мәжілісінің (2002 ж, 2012 ж), Қарағанды облысы Әкімінің (2015 ж, 2019 ж), Қарағанды қаласы Әкімінің (2010 ж) Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мылтықбай Ғабдолләтипұлының асыл есімі 2011 жылы Қарағанды облысы бойынша Салық департаментінің «ҚР Салық қызметіне – 20 жыл» Мерейтойлық альбомы мен 2017 жылы жарық көрген «Жақсы адамдар, Білімдегі жақсылар» атты үлкен Халықаралық энциклопедияға кірді.
Жақын арада өзі алғаш рет ашып, ел игілігіне ұсынған Чкалов-3 көшесіндегі Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратының қабырғасында Мылтықбай Ғабдолләтипұлы Ғазалиевке мемориалдық тақта орнатылады.
Бірақ, біздер үшін ең қымбаты – оның жүрегімізде сақталған және жадымыздан ешқашан өшпейтін асыл есімі мен жарқын бейнесі.
Арстан ҒАЗАЛИЕВ ағасы, ҚР ҰҒА академигі. Бораш ТӨЛЕУОВ, бауыры және жерлесі, ҚР ҰҒА академигі.