Руханият

Хош, ХХ ғасырдың ұлы ақыны!

Бүгін қазақ жыры қара жамылды. ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұхтар Шаханов фәниден бақиға аттанып барады… Қазақта көзі тірісінде жер-жаһанға Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтай мәшһүр болған ақын болған жоқ! Алда бола ма, о да белгісіз. Руһтың заманы өтіп, ішек-қарынның заманы келіп тұр, ішкен – мас, жеген – тоқ… Адамзаттың қайда бет алып бара жатқанын бір Алладан басқа ешкім білмейді!

Мұхтар Шаханов экономикасы күйлі, мәдениеті де айтулы дейтін озық отыз елде де қазақ поэзиясындай ірі құбылыстың мүлде оқ екенін дәлелдеп кетті! Ол 70-ші жылдары қазақ шәйірлері мақалдап, мәтелдеп, миы ашыған елге ақылгөйсіп сөйлей бастаған кезде шынайы Қара өлеңнің қандай екенін көзге түртіп көрсеткен Ақын болды! О. Сүлейменов. А. Вознесенский, Е. Евтушенко, Мұстай Кәрім, Р. Ғамзатов, Қ. Құлиевтермен қатарласып, қапталдаса ол қазақ жырына да төңкеріс жасаған еді!

Алаш – ақындарына аталы сөз айта алмаған жұрт. Оған салсаң, Ақан серілер – перімен жүрген «жынды», Мағжан – «халық жауы», Мұқағали – маскүнем, Мұхтар Шаханов – эстрада…

Ол менің ұстазым еді. 1981 жылы «Жігер» фестивалінде «Арғымақтар» атты өлеңіме тәнті болып, бауырына тартып еді. Екі Мұхтардың тартысында мен Мағауин жағына шығып кеткенмін. Қарқаралыдағы Қасым тойында екеуміз тіл табыса алмай қалдық, ет қызумен ағама қатты-қатты айтып жіберіп едім… Сондағы сөздерім көңілінде кетті ме?

О, Тәңірі! Кеше гөр мені! Ағамның менің алдымда, қазақтың алдында да түк кінәсі жоқ! Кінә болса – менде! Бізде – кінә! Ағалардың арасына түсіп, нем бар еді?! Кеше гөр мені! Пенденің пенделігінен келер залал аз, ақынның пенделігінен қоғамға Сайтан араласады. Кешір мені, Раббым!

Осы биыл Құдияр Біләлдан Мұхтар Шаханов өлеңдерінің электронды нұсқасын сұрап алып, Мұхтар ағам һақында ақтарыла бір эссе жазсам деп едім. Қасымда мәңгі жүре беретіндей… Үлгермей қалдым…

«Айтып өткен ақында арман бар ма!», – деген еді ұлы Мұқағали. Ол айтарын айтып кетті! Айта алмай жүрген біз ғой?

Хош бол, ХХ ғасырдың ұлы ақыны! Алдың пейіш, артың кеніш болғай!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Басқа материалдар

Back to top button