Ел мұратын еңсерген сындарлы сәт
Қазақстан дербестік алғалы талай сайлауды басынан өткерді. Бірақ, биылғы сайлау өзгелермен салыстырғанда мүлдем өзгеше. Бұған әрқайсының дауысы маңызды екенін түйсініп, өздерінің азаматтық таңдауын жасауға асыққан халық куә. Бұл – Қазақстан мемлекеті үшін саяси жаңғырудың алғышарты ретінде ел тарихына енетін сындарлы сайлау. Сайлаушылар өздерінің саяси сауаттылығын көрсетті. Даму жолы дұрыс таңдалған кез келген мемлекет түптің түбі таң қаларлық табысқа қол жеткізбей қоймайды. Ол үшін уақыт керек. «Азия барысы» атанған экономикасы қарқынды дамыған елдер де осы жолдан өтті. Біз де осы жолдамыз. Соны дәлелдеген сайлау ел тарихындағы мүлдем жаңа парақтарды ашты.
Науқан емес, әділ тартыс
Жалпы, Мәжіліс тарихында бұған дейін алты сайлау өткен екен. Ал, жетінші сайлаудың жаңашылдығы – мүлдем жаңа форматта, яғни, парламенттік оппозиция институтының құрылуы, алғаш рет партия тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілуі және сайлаудың партиялық тізім бойынша енгізілуі болды. Шайқас алаңындағы бес партияның індет жағдайында халықпен бетпе-бет кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмауы, барлығына бірдей басымдық берілуі саяси партияларға қиындық келтіргендей еді. Бірақ, олай болмады. Бәсі биік бәйгедегі қиындық тығырықтан шығар жолды да көрсетті. Халық ақпараттанбай қалған жоқ. Бетпе-бет болмаса да, түрлі технологиялық мүмкіндікті қолдана отырып, бағдарламаларын тең дәрежеде таныстырған бәсекелестер жайлы сайлаушылардың өзіндік көзқарасы, дауыс берудегі нық сенімі пайда болды. Яғни, бұған дейін айтылып келген бір реттік саяси науқан емес, ортақ ниетке біріктірілген, маңызды саяси мақсаттарға жетуге бағытталған іс-қимыл болды.
Науқан демекші, кеңестік дәуір тұрғысынан берілген түсініктеме бойынша бұл ұғым – қауырт істелетін мерзімді іс. Ал, бұрынғы мәні бойынша кезек күттірмейтін, басқа іске қаратпайтын, аса өзекті құзырлы шара. Демек, ортақ ниетке бағытталған бұл жолғы сайлауда осы сөздің мәнін жете түсінген сайлаушылар жақсы ниетпен, елінің, өзінің болашағы үшін дауыс беруге өз еріктерімен келді.
Өзгеше формат – өзгерген көзқарас
Халық үкіметке қол жаюдан, «дайын асқа – тік қасық» болудан арылды. Көкірек көзі ашылды, саяси сауаты жетілді. Мемлекет халық үшін ғана емес, халықтың да мемлекет үшін екенін түсінді. Мұны дауыс беруге келген сайлаушылардың пікірілерінен де білуге болады. Өзі таңдау жасаған партияға деген сенімі де үлкен. Елдің саяси өміріне қатысу маңыздылығы, не үшін сайлауға келгенін жете түсінді. Өз ұстанымын білдіре отырып, азаматтық парызды орындауға маңызды себептердің барын, сайлау елінің одан әрі дамуына әсер етудің, биліктің жұмысына баға берудің нақты мүмкіндігін қалт жібермеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл жаңашылдықтар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі өз позицияларын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді» деді емес пе?
Сайлауға келген сайлаушы осы пікірді ұстанды.
Мәселен, Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғыны Мерекет Бетеров биылғы сайлауға үлкен үміт артатынын айтады.
– Сайлауға індет салдарынан, денсаулық жағдайымызға алаңдаушылық танытып келгенімізбен, сайлау учаскесіне кірген бетте санитарлық талаптардың сақталғаны көңілімізді жайландырды. Бұған дейінгі сайлауларда келушілер саны көбейгенде апыр-топыр болып кететін еді. Адамдар да биыл сақтық шараларын түсінген. Өзіміз дауыс берген партия сенімімізді ақтайды деген ойдамыз. Отанымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін дауыс беруге келдік, – дейді ол.
Тәртіп пен талап – басты қағида
Сайлау күні ішкі істер органдары күшейтілген режимде жұмыс жасады. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдер мен хаттамалардың аудандық, облыстық комиссияларға еш кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етті. Айта кету керек, сайлау учаскелері таңғы сағат 07.00-де ашылған сәтте алғашқылардың бірі болып дауыс бергендер де осы ішкі істер органы қызметкерлері мен әскерилер.
Жалпы, осы күні Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн-брифинг өткізген Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров «Дауыс беру кезінде сайлау учаскелерінде түсініспеушілік туғызған түрлі оқиғаларды ескермегенде, айтарлықтай заң бұзушылықтар тіркелген жоқ» деп мәлімдеді. Вице-министрдің айтуынша, азаматтардың тыныштығын сақтау мен қоғамдық тәртіптің қауіпсіздігінқамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары бюллетеньдер жеткізілгеннен кейін де өз қызметтерін жалғастырады. Бұл – тәртіпке қатысты. Ал, сайлау учаскелеріндегі заңбұзушылық прокуратура органының тікелей бақылауында. Жалпы, ресми мәліметтер бойынша, елімізде дауыс беру басталған сәттен прокуратура органдарына 2 өтініш түскен. Еліміздің бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Сарғазиннің мәліметі бойынша бұл жағдайлар Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтанқаласында орын алған.
«Біріншіден, Маңғыстау облысының прокуратурасына әкімшілік қамауға алынған адам көшпелі сайлау комиссиясының құрамында байқаушылардың жоқтығы және олардың қатысуынсыз дауыс беруден бас тарту туралы өтініш білдірді. Өтініш құзыретіне сәйкес, аумақтық сайлау комиссиясына және облыстық полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жолданды. Екіншіден, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының прокуратурасына Б. деген азаматшадан оны №163 сайлау учаскесіндегі бақылаушылар тізімінен негізсіз шығару туралы өтініші келіп түсті. Бұл өтініш аумақтық сайлау комиссиясына жіберілді», – деді прокурор.
Жалпы, сайлау мен дауыс беру қалыпты жағдайда өткенін атап өту керек.
«Электоралды кезеңдегі қадағалау қызметінің нәтижелері Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып өткізілді деп айтуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді онлайн-брифингте Азамат Сарғазин.
Үлкендердің ықыласы – зор
Жалпы, биылғы сайлауға тұрғындардың, оның ішінде үлкендер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ықыласы зор. Індет жағдайына байланысты 65-тен асқан сайлаушыларға үй жағдайында дауыс беру мүмкіндігі ұсынылғанымен, көпшілігі өздері келіп дауыс беруді жөн санаған.
№60 сайлау учаскесінде сайлаушылар белсенділік танытты. Мұнда жасы егде адамдар, зейнеткерлер көп. Сайлаушылардың әр санатына қарай жағдай толық жасалған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға арналған бұрыш барлық қажетті техникамен жабдықталған. Сонымен қатар, қауіпсіздік шаралары толық сақталған.
Халық сайлауға белсенділік танытып отыр. Тіпті, 1932 жылы туған ардагер сайлаушының өзі келіп дауыс беріп кетті. Біз комиссия мүшелерін жіберіп, дауысын үйден алдырмақ едік. Оған өзі келіп дауыс беруге ықылас білдірді. Сайлаушылар легі сағат 11.00-мен 13.00 аралығында кезек күтіп, дауыс берді, – деді сайлау учаскесінің төрағасы Әбілахат Меңдібаев.
Ал, осы күні Балқаш қаласында мамандандырылған «Инватакси» автомобилі мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскелеріне барып дауыс беруіне қызмет көрсетті. Мамандардың мәлімдеуінше, қалада бүгінгі таңда 3860 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 100-ден астамы арнайы автокөлікпен тасымалдау қызметіне мұқтаж.
– Балқаш қаласының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарды сайлау кезінде көлікпен қамтамасыз етуді жолға қойды. Тасымалдау қызметтері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бүгін 189 мүмкіндігі шектеулі жан үйінде дауыс береді. Олардың 56-сы мүгедектер арбасында отырған адамдар. Сайлау аяқталғанша «Инватакси» қызметі жұмыс атқарды, – дейді Балқаш қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірхан Тәтибеков.
Болашақ бүгіннен басталады
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек таңертең ертемен №102 мектеп-гимназиясында орналасқан №42 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
– Бүгін еліміз үшін маңызды күн. Облыс бойынша 700-ден астам учаске ашылды, онда әрбір сайлаушы құқын пайдаланып, өз таңдауын жасай алады. Атқарушы органдар тарапынан пандемия жағдайында дауыс беру үшін қауіпсіз санитарлық жағдай жасалған, – деп атап өтті аймақ басшысы.
№63 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасаған сайлаушы, қала тұрғыны Алмаз Ерсайынұлы былай дейді: Елдің болашағына немкетті қарауға болмайды. «Менің дауысым ештеңе шешпейді» деген пікірден арылатын кез келді. Дауысымды елдің ертеңіне ықпал етеді деген партияға бердім. Бес партияның бағдарламасымен толық таныспын. Соның ішінде, шынымен, елге қызмет жасайтын үміткерге дауыс бердім. Өзгерісті өзіміз жасамасақ, ешкім бізге жасап бермейді».
Қала ортасындағы Кеншілер мәдениет сарайында орналасқан №17 сайлау учаскесінде 2250 сайлаушы болса, олардың жас ерекшеліктері 18-ден 100 жасты қамтиды.
Жалпы, әр сайлау учаскесінен алынған ресми мәліметтерге сүйенсек, түске дейін дауыс берушілердің шамамен 50 пайызы өз таңдауын жасап үлгерген.
Сондай-ақ, сайлау учаскесінің төрағасы Олег Валецкий сайлауды бақылағысы келгендер, тіпті, кезекке тұрғанын айтады. Мұның сыртында санитарлық талаптарды қатаң сақтау секілді індет тудырған қиындықтар қосымша күшті талап еткендіктен 10 адаммен ғана шектелген.
Қауіпсіз сайлау өткізу үлгісі
Бұл туралы Германияның Бундестаг депутаты М.Хелданың сыртқы саяси мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Германияның сыртқы сауда және Федералды Ассоциациясының экономикалық даму кеңесшісі Урс Ункауф мәлім етті.
Облыс орталығындағы сайлау учаскелерінде сайлаушылардың дене қызуы өлшеніп, қолдары антисептикпен залалсыздандырылғаннан кейін ғана дауыс беруге жіберілді. Ал, бетпердесіз келгендер де дауыс берместен кері қайтқан жоқ. Кіреберісте дене қызуыңызды өлшеген адам бетперде ұсынады.
Дауыс берушілердің ара-қашықтықты сақтауы үшін арнайы белгілер жасалып, адамдар кіріп-шыққаннан кейін еден де тазартылады. Ал, алда-жалда межелі сызықтан асып кетсеңіз, болмаса сайлаушылар арасындағы ара-қашықтық жақындап кетсе, сайлау комиссиясының мүшелері, комиссия төрағасы тақалып, дауыс берушілердің өздері үшін санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
2706 сайлаушы тіркелген №77 сайлау учаскесінде санитарлық жұмыстар қатаң сақталды. Белгіленген тәртіпке сәйкес, дауыс беруге келген адамдардың дене қызуы өлшеніп, қолдарын залалсыздандырумен қатар, уақыт бойынша кварцтау да жүргізілді.
Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жаңадан бой көтерген, ашылғанына небары бір жыл болған №103 мектеп-лицейінің ұжымы сайлауға тыңғылықты дайындалыпты. Учаскенің жұмысына сайлаушылар да, бақылаушылар да дән риза.
Жаңадан ашылған №789 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Өмірсерік Несіпбаевтың сайлау жұмысына алғаш атсалысуы. Небары 22 жастағы жас маман бұған дейін аптасына 2 рет Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінде дайындықтан өткен.
– Сайлау – мен үшін тарихи сәт әрі үлкен өмірлік тәжірибе болды. Адамдармен қалай жұмыс істеуді, оларды қарсы алу, шығарып салуды үйрендік, сайлау ережесін, санитарлық нормаларды бұлжытпай орындап жатырмыз, – дейді Өмірсерік Несіпбаев.
Қарағанды қаласындағы сайлау учаскелерінде сайлау талаптарының сақталуын арнайы халықаралық бақылаушылар қадағалады. ТМД бойынша бақылаушы миссиясымен келген халықаралық бақылаушы Алексей Зеленин Қарағанды қаласындағы №66 сайлау учаскесін көрді.
Бұған дейін бірқатар сайлау учаскесіне арнайы барған халықаралық бақылаушы сайлау учаскелерінде сайлау талаптары мен санитарлық залалсыздандыру ережелерінің қатаң сақталғанын айтты.
– Мен ТМД бойынша бақылаушымын. Ресейден келдік. Қарағанды және Қарағанды облысына 6 бақылаушы келген болатынбыз. Қазіргі таңда бірнеше сайлау учаскелерінде болдық. Одан әрі облыс аумағына барамыз. Бақылаушы миссиясын атқару өте маңызды. Әсіресе, легитимдік және сайлауды ұйымдастыру процесінде аса қажет, осы орайда бақылаушы ретінде бекітілгенбіз. Бүгін сайлау процестерінің барлығы ұтымды ұйымдастырылғанын көрдік. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтау болып табылады. Барлық сайлау учаскесінің жеке басты қорғау құралдарымен қамтылғанына, онда қатаң санитарлық талаптардың орындалуына көз жеткіздік. Үдеріс толық ұйымдастырылған. Сайлаушының еркін білдіруге ештеңе де, ешкім де кедергі келтірмейтінін, ешбір тосқауыл жоқтығын да көріп тұрмыз. Біз жұмысымызды жалғастырамыз. Жұмыс барысында, Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген барлық заңдық талаптар сақталады деген үміттеміз, – деді халықаралық бақылаушы Алексей Зеленин.
Атаулы күнге дөп келген тарихи сәт
Қарағандыда некесін қидыруға бара жатқан жас жұбайлар да тарихи сәттен қалыс қалмай, сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. №59 мектепте орналасқан №73 сайлау учаскесіне келген Нұрболат пен Қарлығаш отбасын құрған күні өз таңдауларын жасау маңызды деп санайды.
Нұрболат өртке қарсы қызметте жұмыс істейді. Қарлығаш – үй шаруасында. Қалыңдық ақ көйлекпен сайлау учаскесіне келу үшін таңғы алтыда тұрған.
Бұл Нұрболаттың – 3, ал Қарлығаштың 2-ші рет сайлауға қатысуы. Жастар неке қидыруға 8-ші желтоқсанда өтініш берген. Сондықтан, бұл күннің сайлауға дөп түсетінін алдын ала білген. Ырымдап шаңырақ көтеретін күнді елдегі тарихи оқиғамен байланыстырған.
– Жоспарымыз осындай тарихи күнге сәйкес келіп қалыпты. Сондықтан, отбасын құра отырып, сайлауға қатысуды шештік. Әр Қазақстан азаматы белсенді болуы керек деп ойлаймын. Өзіміз енді кішігірім отбасымызбен атап өтпекпіз, – дейді қала тұрғыны Нұрболат Нұрбай.
Ал, 10-шы қаңтарда Қарағандыда 6 ұл мен 5 қыз бала дүниеге келген.
Ауылдағы ағайын таңмен таласа дауыс берді
Қарқаралы ауданындағы 49 сайлау учаскесінде тіркелген 21934 сайлаушы өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, 18 жасқа толған 469 жас сайлауға алғаш рет қатысты. Сайлау барысын 31 сенімді өкіл мен 80 бақылаушы назарда ұстады.
Аудан жұртшылығы еліміздің келешегі, халқымыздың жарқын болашағына зор үмітпен қарайтындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді осы жолы. Сайлау учаскелері ашылысымен өз таңдауларын жасауға келгендердің дені – қарт адамдар.
Ел мен жер тағдырына бейжай қарамай, таңмен таласа келген Рәзия Боранбаева, Қанапия Нарықбаев, Шынар Қабыкеновтерге арнайы құрмет көрсетілді.
– Бүгін біздің елдің әрбір азаматына өз болашағын таңдау мүмкіндігі беріліп отыр. Тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымыздың арманы мен аманаты, елдің игілігі, жердің тыныштығы, бірлікберекеміз үшін біз бұл мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Мен де өз азаматтық таңдауымды жасадым, – дейді, аудандағы қоғамдық кеңестің төрағасы Несіпхан Темірғалиев.
Еліміздің ертеңі үшін алаңдаушылық танытқан Шет, Ақтоғай ауданы тұрғындары жоғары белсенділік танытып, сайлауға бір кісідей ат салысты.
Шет ауданы бойынша – 59, Ақтоғай ауданы бойынша – 38 сайлау учаскесі толассыз ағылған сайлаушыларын қабылдады. Екі аудан көлемінде жалпы 37 293 сайлаушы тіркелген. Айта кету керек, барлық сайлау учаскелерінде санитарлық талаптар толықтай сақталып, келушілердің дауыс беруіне тиісті жағдай жасалған. Тіптен, сайлау аумағына түрлі себептермен жете алмай қалған азаматтар да өтініш жазып, дауыс беру құқығын пайдалана алды. Сондай-ақ, Шет аудандық жастар орталығының ұйытқы болуымен ерікті жастар тегін бетперде таратса, Ақтоғай ауылы ішінде зейнеткерлерге арнап тегін такси ұйымдастырылды.
Шет аудандық мәдениет үйінде орналасқан №728 сайлау учаскесіне алғаш болып келген жас сайлаушы Аяулым Байдаш:
– Мен өзімнің жүрегім қалаған партияға дауыс бердім. Еліміздің баянды болашағы – өз қолымызда. Ел ертеңі үшін таңдау жасадым. Таңдауым – маңызды. Мен Отанымның шынайы патриотымын, – дейді.
Ақтоғай ауданы бойынша №450 сайлау учаскесіне елден ерек ерте келіп, бірінші болып дауыс берген ауыл ардагері Байзақ Смақов:
– Елдің ертеңіне алаңдау, әр ел азаматының ортақ абыройы, міндеті. Біздіңжас мемлекетіміз зор қарқынмен дамып келе жатқан ел. Тәуелсіздік алған аз ғана жылда өзіне лайық бедел жинап, алдыңғы қатарлы зайырлы ел болып отыр. Оның барлығы – халқымыздың береке-бірлігінің жемісі. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.
Ал, бүгінгі саяси додада талғаммен таңдау жасау – әр азаматтың парызы, – дейді. Ал, Бұқар жырау ауданы орталығында да сайлауға байланысты қарбалас таң қараңғысынан басталды. Аудан бойынша 51 сайлау учаскесіне таңдауын жасаймын деп асыққандар қарасы қалың.
– Бүгін алғаш рет сайлауға қатыстым. Бойымда әлдебір қобалжыған сезім болды. Таң атысымен сайлау учаскесіне барып таңдауымды жасадым. Дауысымныңмаңызды екенін білемін, – дейді 19 жастағы Аян Құдайбергенов есімді студент.
Арқаның Сарыбелінде де сайлау кезінде белсенділік анық байқалды. Күн жексенбі демесеңіз, көпшілік үшін бүгін – салтанат. Саяси додадан үлкен үміт күткен аудан тұрғындары өздерінің белгіленген учаскелеріне ағылып жатыр. Елдің кемел келешегі, ертеңі үшін алаңдаған қарияларға дейін дауыс беруде…
Жалпы, Осакаров ауданында 41 сайлау пункті жүйелі жұмыс істеді. 221 комиссия мүшесі мейлінше міндетін атқарды. Бақылаушылар өздеріне жүктелген жұмысты ұқыптылықпен қадағалады.
«Бүгін № 653 сайлау учаскесінде дауыс бердім. Учаскеде санитарлық нормалар сақталған, комиссия үйлесімді жұмыс жасауда. Бақылаушылар дауыс беру процесін бақылап отыр. Барлығы ашық түрде өтуде», деді дауыс беруші Гүлбаршын Аманбаева.
Nur Otan – көшбасшы
2021 жылғы 10-шы қаңтарда өткен сайлаудың алдын ала қорытындылары бойынша ең көп дауыс жинаған Nur Otan партиясы көшбасшы орынға шықты. Мәжіліске өтетін үш саяси партияның қатарында Nur Otan, «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясы» бар.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбилә Мұстафинаның мәлімдеуінше «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясына сайлаушылардың 5,29%-ы, Nur Otan партиясына – 71,09%,-ы ADAL партиясына 3,57%-ы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясына 10,95%-ы және «Қазақстан халық партиясына 9,10%-ы дауыс берген.
Ал, Қарағанды облысы бойынша «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы 1,92%, Nur Otan партиясы 76,13%, ADAL партиясы 1,53%, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 9,80% және «Қазақстан халық партиясына 10,61%- дауыс жинаған.
Салтанат ІЛИЯШ,
Қызғалдақ АЙТЖАН,
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Жәлел ШАЛҚАР,
Нұрдос КӘРІМ,
Сағыныш ӘБІЛ,
Думан ҚАБЫЛ.