Жаңалықтар

5. Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: «Барыс жылы туған асау балықпын…» (ғұмырбаяндық эссе)

(Соңы. Басы газеттің №№35,38,41 сандарында).

Александр Блок айтпақшы, поэзия дегеннің өзі дүниенің гармониялық үйлесімі. Талант пен таланттың қанжыға қағысып, қатар жүруі – қанат пен қанаттың қағысындай немесе бірімен-бірі гармониялық байланыстағы асау тасқынның ағысындай ғой! Арқада маған мұндай несібе бұйырмады…

Маяковский мен Есениннің арасындағы теке-тірес пен Моцарт пен Сальеридің арасындағы ерегес, қанды айқасты қатар алып, салыстыруға болмайды; екеуі – екі бөлек дүние; оның біреуінің аты – таланттардың жарысы, жарасымды бәсекесі, екінші біреуінің аты – жаманның жақсыны көре алмаған іштарлығы. «Мы нарушили Божий завет. Яблоко сьели. У поэта напарника нет, все дуэты кончались дуэлью» – дегенде Андрей Вознесенский осындай пендешілікті меңзеген… Есенин дүниеден қайтқанда соның қасында дос-жар болып жүріп, екеуін бір-біріне айдап салған «достарынан» көрі Маяковский қатты азап шеккен-ді. Ол сыңарынан айырылып, қанатынан қайырылғанын сезді. Оның «Сергей Есенинге» деген өлеңі ақын шығармашылығының шыңы десе болады. Орыстың тағы бір бұлбұлы Белла Ахмадулина замандасы Андрей Вознесенскийге: «Ремесло наши души свело, заклеймило звездой голубою. Я любила значенье свое лишь в связи и в соседстве с тобою» – деп мағұмұрланады. Ұлылар бірін-бірі қалай қадірлейді! Белланың осы лебізі Мұқағали мен Еркіннің елден ерек сом образын аша түседі.

Ақын Еркін Ібітанов өлең оқып тұр.

«Ереке, мынауыңыз Мұхаңның өлеңі емес пе?» – дейміз аң-таң қалып.

«Е, Мұқағали екеуміз ағайынды адамдармыз ғой» – дейді ол алая қарап. «Біздің арамызда бір шумақ өлең түгілі, бір-екі боталы түйе, екі-үш құлынды бие, бес-алты бұзаулы сиыр да жүре береді…»

Мұқағали мен Еркін… Екеуі де ірі талант иесі. Бір ауыл, бір топырақтан шыққан, бір Хан Тәңірінің етегінде балалық шағының базарын базарлап, қолына бірге қалам ұстап, ала қағазға бірге телмірген. Мұхаң бұ дүниеден о дүниеге қапылыста аттанып, егізінің соңында ет-бауыры езіліп, еңіреп қалғанда Еркін інісі «Қайдасың, Хан Тәңірі?» атты асқақ поэма жазып, көкесіне жырдан өлмес ескерткіш орнатып кетті. Біздің ұлттық әдебиетімізде бұрын-соңды болмаған, әлем әдебиетінде де бой көрсете қоймаған құбылыс десе болады. Еркін Ібітанов қана ағасына адал болып, оның ойсыраған орнында өле-өлгенше күңіреніп жүрді… «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» – деген Мағжан.

Елде қалған егіздер

Тұрысынан, жүрісінен танимын,

Топырақтан ақын туса егіз болмақ негізі.

Мұзарт шыңда туған Мұқағалидың

Ібітанов Еркін екен – егізі.

Егізді айтсаң, ет жүрекке толар мұң,

Шатыршаның шалғайынан жол құлап.

Қадырдың да егізі бар…

Оралдың,

Құмында жүр ол, бірақ.

Ақын да бір, қажы да бір, шырағым,

Ауылынан сапар шеккен Меккеге.

Алашына тастамаса сыңарын,

Олжас ағам Альпіні асып кете ме?

Әлихан мен Нарманбетте – негізім.

Мен айтпасам, айтар анау жел оны.

Ақтоғайда қалған менің егізім,

Елін қиып кете алмай жүр – себебі.

Сағынышым – сартап, миым – жұқарды,

Дос жоқ менде, опасыз көп оттаған.

Менікі деп иемденген Мұқаңды,

Ерекеңе елжірейтін боп барам…

Қайтем, жақын дейтін пендем жатым да,

Маған талай ойран салар ол әлі.

Адамзаттан дос болмайды ақынға,

Елде қалған егіз ғана болады.

Шатыршада – бар ойым.

Жас баладай мені күткен жол қарап, –

Елде қалған егізіме барайын,

Көздің жасы омырауға сорғалап…

Данасы мен дарынсызы, озығы мен тозығы миша араласқан қазақ әдебиетінен екі адал – егіз құбылыс көзге анадайдан айқұлақтана шалынады; оның біреуі ғұмыр бойы Мұқағалиды пір тұтып, Мұқағалиға мағұмұрланып өткен қазақ жырының тегеурінді бір өкілі Еркін Ібітанов болса, екіншісі – Тұманбай Молдағалиевке тәнті болып, соның аруағын арулап жүрген қазақтың қасиетті бір перзенті Ауыт Мұхибек. Алдында пір тұтар әулиесі жоқ пенде ақын бола алмайды. Сандалбай сальерилік қанша тыраштанса да, осындай екі адал – егіз құбылыс қазақ ұлтын, күндердің бір күні өркениет өріне қанат қақтырмай қоймайды.

«Моцарт пен Сальери» (осы заманғы нұсқа) деген жырымды 27 жыл бойы жазып, аяқтай алмай жүр едім. Оның соңғы нүктесін 2014 жылы қойдым. Оған осындағы халтурщиктер көп болып «көмектесті», қуанғаннан аспанға ұшып кете жаздадым… «Егемен Қазақстан» екі бетіне жариялады. Поэманы әдеби орта жылы қабылдады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, қазақтың аса көрнекті сыншысы Серік Қирабаев арнайы мақала жазып, «Біз осы заманның Моцарттары – Сәкен, Мағжан, Ілиястарды жақсы білуші едік. Бірақ, олардың Сальерилері туралы Ақсұңқарұлы алғаш рет айтты!» – деп, өте жоғары бағалады.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Жазушылар одағының ғимараты алдында Сәкен Жүнісов пен Әлжаппар Әбішевке жолығып қалдым. Әлжекеңнің «Шерлі шежіресі» – шыққан кез. Сәкен аға осы кітап туралы біраз тебірене сөйлеп, Әлжекеңді ырза қылып тастады. Әлжекең: «Әй, сен оқыдың ба оны?» – деді маған бажырая қарап. « Жоқ… Қолға түспеді…» – дегем. Әлжекең: «Сендер өздеріңнен басқа кімді оқушы едіңдер?!» – деп, маған жақтырмай қарап, ішке кіріп кетті.

«Мен сенің осы көкеңді елден ерек сыйлаймын. Неге екенін білесің бе? – деді Сәкен аға, – Бұл НКВД-нің Мұхтар Әуезовтің соңына салып қойған жансызы ғой?! Мұхаң – Алашорданың адамы, Әлжаппар – Қарағандыдан келген пролетар, өкіметтің ең сенімді кісісі, содан одан: «Мұхтар не істеп жүр, Совет өкіметі туралы не дейді?» – деп сұрайды ғой. Сонда Әлжекең: «Мұхтар Әуезовтің аузынан Сталин түспейді! Совет өкіметін жанындай жақсы көреді!» – деген жалған мәліметтер беріп отырған. Әлжекең болмаса, оның 37-нің ойранынан аман қалуы неғайбыл еді. «Сыйға – сый, сыраға – бал» – дейді қазақ. Мұхаң да Әлжекеңмен бірге «Намыс гвардиясын» жазып, сенің көкеңді қазақ әдебиетінің «Моцарт пен Сальериі» күнде менің жазу үстелімде жатады. Мен үшін бұл классикалық әдебиеттің айтулы інжу-маржандарының бірі һәм бірегейі.

Қазақ жырына Абай, Мағжан, Ілияс, Қасымдардан кейін еуропалық өлең мәдениетін әкелген Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Сағи, Жұмекендерді басыма жастанып оқыдым. Бұлардың бәрі де соғыста туған тұл жетімдер еді. Сол дүниежүзілік екінші қырғындағы соңғы оқтың атылғанына биыл 70 жыл болады. Соғыс біткенде Өтежан Нұрғалиев 7 жасар бала екен. «Соғыстың соңғы жазы» – сол баланың көзіне көрініп, көңіліне түйген поэтикалық сом дүние, тұтас бір ұрпақтың қасіретнамасы. Бұл жыр күндердің күні ағылшын, француз, испан т.б. шет тілдеріне тәржімаланып, адамзаттың игілігіне айналған күні төрткүл дүниеде бір рухани дүрбелең болады… Биыл, ең құрығанда, Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының алдындағы бір кезде өзі алшаң-алшаң басқан гүл алаңына осы ақынға бір ескерткіш қойғанда, Ақынның аруағы Алашын жебеп жатар ма еді, қайтер еді… Толстойдың Ясная Поляна, Махамбеттің Қараойы, Абайдың Жидебайы сынды Өтежанның Жарқамысы да қазақтың қасиетті бір жеріне айналады әлі! «Сенің Қызыларайың менің Жайыр тауымнан аумайды екен!» – деп еді Жәркен Бөдеш Әсеттің тойында Ақсораңға аң-таң қап қарап тұрып: «Қызыларай қасқайып қасыңда тұр. Жайыр тау Шығыс Түркістанда қалды. Қажықұмар көкем есіме түсіп, көңілім құлазып тұрғаны…»

Ақынның көзінен бұршақ-бұршақ жас атқыпатқып кетті…

Қажығұмар Шабданұлы – ғұмыр бақи Қытай түрмесіне байланған қазақ жазушысы. «Қылмыс» романының авторы.

Тағдырдың қилы-қилы жазуы бар,

Ірісі сол жазудың Қажығұмар:

Абақтыда – марқайды,

Абақтыда – қартайды.

Абақтыда – бел жазып,

Абақтыда – жантайды…

Абақтыға апарып,

Қамағалы қапа ғып,

Шыққан ізі жоқ әлі,

Кірген ізі – ап-анық.

Әсет елге оралды. Қажығұмар көрер көресінін көріп, Қытайда шәйіт болды. Алла жазса, бір күні осы жерге ол да келеді ғой..

Орыстың арқалы ақыны Андрей Вознесенский «Великая Русская Литература – Великая Отечественная Война!» – деген. Ұлы Қазақ Халқы деген – Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз! Ұлы Абай деген сөз! Мағжан деген сөз! Қасым деген сөз! Ұлы Қазақ Әдебиеті деген сөз!

Баяғыда Совет өкіметі кезінде он шақты ақынды әскерге шақырыпты. Сапқа тұрғызып, әскери тәртіп бойынша, бірінші, екінші, үшінші деп санаңдар дейді. Бұл – бұйрық. Сонда сапта тұрғандардың бәрі де: «Мен – Бірінші! Мен – Бірінші! Мен – Бірінші!» деп, атып шығыпты. Кімнің «бірінші» екенін маңайыңда қиқулап жүрген қара тобыр білмейді. Уақыт пен ұрпақ біледі. Заманында Осип-Юлиан Сеньковский деген сарай ақыны Пушкинді менсінбеген. Демьян Бедный кенелген ілтипат, құрмет Борис Пастернактың түсіне де кірмеген.

Марқұм әкем: «Сен кедейді бай, кердеңді кісі қыла алмайсың. Ол, сен түгілі, төрткүл дүниені дүр сілкіндірген Совет өкіметінің де қолынан келмеді. Жақсының жағасынан алмасаң болды» – деуші еді. Өмірдегі, поэзиядағы менің ұстанымым осы болды. Темірхан, Жәркен, Несіпбек, Ұлықбек, Есенғали, Ғалым, Светқали, Ертай, Тыныштықбекті де жанымдай жақсы көрем, олар мені қалай көреді? Онда менің қаҺым қанша?!

Антипоэзия дейтін бір жексұрын бар мына жарық дүниеде. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомермен ілесе туған. Атам заманнан тайраңдап келеді. Тарихқа қарап отырсаңыз, осы оңбағанның ең тежеусіз, бетімен кетіп, сайран салған кезеңі Совет өкіметінің тұсы екен. Тексіз құл, бетсіз күңмен қоса құтырған пәле. Ленин шала сауатты, дарынсыз Демьян Бедныйды мемлекеттің бас ақыны деп жариялайды. Өзі тұрған Кремльден пәтер береді. Бұл кезде Александр Блок та, Осип Мандельштам да, Анна Ахматова да тірі. Бәрі үйсіз-күйсіз қаңғырып жүр. Блок аштан өледі. Мандельштам айдалып кетеді. Ахматова өле-өлгенше үйсіз-күйсіз қаңғырып өтеді.

Құдайдың жөні осы әдебиет дегеннің өзінен аулақ жүрген-ау деймін?! Қазір оның маңайында неше түрлі сандалған сайқымазақ жүр. «Ғылым таппай мақтанған, Орын таппай баптанған, Өсекші, Өтірікші, Мақтаншақ, Сабырсыз, Арсыз, Еріншек, Көрсеқызар – жалмауыз, Алты бақан – алауыз, Сатқын, Пәлеқор, Арызқой, Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі» (бәрі Абайдың сөзі), дарынсыз Алаяқ, Саудагер қаптап жүр! Кеуделері – аяққаптай. «Өзі – шошқа, басқаны ит деп ойларының» (тағы да Абай) кері. Елдің бәрін өзіндей надан көреді. Осылар, осындай оңбаған типтер дарынсыз жазарманнан талантты да, санатты оқырманның мың есе артық екенін түйсіне алмай-ақ, түсіне алмай-ақ қойды. Тарихтың тағылымы осы еді ғой. Абай мен Пушкинді, Шекспир мен Гетені түсініп, түйсініп оқудың өзі кісілік емес пе еді?! Әдебиетті ұсақ-түйек пенделер жасамайды, алыптар жасаған. Таяуда орыстың бір ақынының: «Я поэт. Но не ремесленник, а поэт всем своим существом…» – дегенін оқып аң-таң қалып ем, «мынау менің ойымды қайдан ұрлап алған?» деп. Туа ақын болғандар бар. Өлеңді етікшідей кәсіп қып… жүре «ақын» болғандар да жетеді. Дүниеге қайта айналып келсем, осы өлең деген бейдауа дерттің маңына да жоламас едім! Бірақ, болары болды ғой… Көреміз де, көнеміз! Ғұмырым «қойшыға – сөз, жылқышыға – жыр» болумен өтіп барады… Моцарт пен Сальеридің айқасы бұл.

Ғұмырымның қырық жылы ХХ ғасырда өтті. Мен – советтік тоталитаризмнен көресінін көріп, шаршап-шалдыққан, ел егемен болғанда шәпкісін көкке көтеріп қуанып, бүгінде баяғы алып-ұшқан асау көңілі су сепкендей басылып қалған аға буынның бір өкілі едім. Көштен қалғам жоқ, бірақ. Ең жаманы – соңыңнан келе жатқан тегеурінді толқынға ілесе алмай, жағалауға шығып қалған…

Ақын болған соң, Қаракөктің тұқымы, Аға сұлтан Құнанбайдың баласы болмағаннан кейін бәріміздің бойымыздан Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі тайға таңба басқандай, анадайдан көрініп тұрады. Мұны біз өзіміз байқай бермейміз, оны талғампаз да терең Құртқа – Халық (екі көзімен емес), Тәңірісі берген үшінші төбе көзімен көреді… Әдебиеттің Ақи Иесі, талғампаз сыншы Күреңбайы да осы. Біз келеміз де кетеміз. Мәңгілікке қалатын – Халық! Дәлдүріш онымен ойнайды… Һас талант оған іштей жан-тәнімен тәнті болады. Шынайы шығарма, міне, осы махаббаттан туады. Абайдың «Махаббатсыз дүние – дос» дегені содан…

Поэзия – Бекзат Ару. Сен оны егіліп өзің сүймесең, Ол сені талақ етіп, тастап кетеді. Төсекке сүйреп, ақшаға айналдырып, базарға жетектеп, әр жерінен түртіп ермек қып, Онымен ойнауға болмайды. Менің бір жігіттердің көңілінен шықпаған күнім, бір әйелдерді алдап-сулап кеткен кездерім болған шығар. Қазақтың қара өлеңіне адал болдым. Қазақ поэзиясы цивилизацияның құлағында ойнап тұр (Темірхан) 60-70-80- жылдардағы қазақ жырының алтын ғасыры алып бір аккумулятор сынды, – ұлтына рух беріп келеді әлі. Ғаламдасу деген жыртқышқа қазақтың қасиетті топырағында туған, «Табаны Алашта болғанда, тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік) қазақ әдебиеті ғана төтеп бере алады ( әке-шешесі белгісіз шата постмодернизм емес!).

Мен де жасымда шамама қарамай, өлеңде өзімше неше түрлі экспериментке барған кісімін. Сонда маған Ахаң (А.Сейдімбек): «Бауырым! Дүниежүзілік поэзияда қазақтың қара өлеңінен өткен озық үлгі жоқ!» – деп еді. Бұ сөзді 1975 жылы Керекудегі жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде ұлттық жырымыздың корифейі Қуан-ағадан (Қ.Шаңғытбаев) алғаш естіп едім, сол сөздің тереңіне ой жүгіртіп қарамаған екем. Оның ұлы потенциалын, біз түгілі, бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Мұқағали да сарқа алмай кеткен. Қара өлеңдегі «Сырғаңды қайық қылып өткіз мені» деген сиқыр жол Батыстың қай шеберінің аузына түсіп еді? Тіпті, өзіміздің замандас, қаламдасымыз Несіпбек Айтұлының «Аққудың көз жасындай көлге тамған…» дегені ше?! Қайран, қара өлең! Ол қаласа, аққудың өзінің көзінен жас шығара береді.

Соңғы кезде, қалай екенін қайдам, менің есіме Пушкиннің «Моцарт пен Сальериі» қайта-қайта түсе береді. Екеуі ет жақын, дос-жаран болған. Сыйлас-сырлас. Бір-бірін композитор ретінде, басқа әріптестерінен көрі жақсы түсінген. Пушкинге сенсек, (сенбеуге қаһымыз да жоқ!) Сальери Моцартты улап өлтіреді. Хас талант пен кемталанттың (Асқар Сүлейменов) теке-тіресі ақырында осылайша қасіретпен тәмамдалды.

5 –

…Бүгін Facebook-тен орыстың «Последняя дуэль» атты фильмді көрдім. Режиссері Наталья Бондарчук. Қасымда әдеби ортаға аты-жөні танымал бола бастаған талантты бір жас ақын бар еді. Пушкиннің рөлін Сергей Безруков сомдаған. Орыстың әдебиеті өз алдына, киносының өзі де шырқау биікте тұр.

«Пушкинді патша өкіметі өлтірді» деген сөз тарихқа деген таптаурын, таптық көзқарастан туған өтірік, жалған сөз. Мына фильм Ақ патшаның ақын мерт болғанда қалай абдырағанын дөп басып, шынайы суреттеген екен. Соны патшаның қызының бір жазбасынан көзім шалып еді. Туасы аристократ, Ресейді жан-тәнімен сүйген ел иесі, жер иесінің орыстың ұлы ақынын өкпеге қиса да, өлімге қиюы адамның ақылына сыймайды. Ұлтының игі жақсысын құлғанадай қуғындап, өсектеп, өлтіру, қашан да тексіз пасықтың ісі. Қай елдің, қандай патшасы болса да, ел-жұртының абыройын аспанға көтеретін ұл-қыздарын алақанына салады. Шыққан тегі жақсы болса, дүниеге шырылдап келген күнінен бастап алған тәрбиесі ақсүйек, асыл ата, ару анадан бастау алса, әрине.. Пушкин І Петр туралы поэма жазарда оған ірі көлемде сыйақы бөліп, Пугачев бүлігін зерттер кезінде жасырын архив атаулыны ашып қойған – сол. Асау Пушкиннің өзіне арнап жазған улы мысқылға толы эпиграммаларына да селт етпеген. Ақынның патшаны да сын тезіне алуға қаһысы бар деп ойлаған.

Дантес – Пушкиннің туған бажасы! Наталья мен Дантестің жақындығы туралы қаңқу-өсек тарағанда шәпкісін көкке атып қуанған кім дейсіз бе, ақынның маңайындағы ұсақ-түйек жазармандар. «Өлсе, өмірем қапсын! Өлең бізге қалады!» деп ойлаған. Дантестің «Пушкиннің әйелімен әмпей-жәмпей екендігін» елге жағалай жайған осылар. Пушкин кетті. Бірақ, поэзия оларға қалған жоқ…

Пушкиннің «Ақын мен тобыр» деген өлеңі бар. Драмалық поэма десе де болады. «И толковала чернь тупая: «Зачем так звучно он поет? Напрасно ухо поражая, К какой он цели нас ведет? О чем бренчит? Чему нас учит? Зачем сердца волнует, мучит, Как своенравный чародей? Как ветер песнь его свободна, Зато как ветер и бесплодна: Какая польза нам от ней?» – дейді Пушкин тобырдың (чернь) аузына сөз салып. Адамзаттың айтулы бір құндылығы Поэзия – Ақын хақындағы қара тобырдың түйсік, түсінігі осындай! – дейді ол.

Әр түрлі тарихи ситуациялар тұсында халық та құбылып тұрады. Ол Булгарин мен Демьян Бедныйдың өресіне түсіп, көзінің алдындағыны ғана көріп, абсолюттік ақиқатты (Тәңірді) тәрк еткен кезде адамдық, азаматтық мұраттардан жұрда, қасиетсіз қара тобырға айналып шыға келеді. Ал, Пушкин мен Есенин, Цветаева мен Ахматова, Қасым мен Мұқағалиларына ет жүрегі егіліп, елжіреген бетте қалай халыққа айналғанын сезбей де қалады.

Марина Цветаева: «Его и пуля не берет, И песня не берет, Так и стою, раскрывши рот: «Народ! Какой народ!» Народ – такой, что и поэт – Глашатай всех широт, – Что и поэт, раскрывши рот, Стоит: такой народ! Когда ни сила не берет, Ни дара благодать, – Измором взять такой народ? Гранит – измором взять! (Сидит – и камешек гранит, И грамотку хранит… В твоей груди зарыт – горит! – Гранат, творит – магнит.) …Что радий из своей груди Достал и подал: вот! Живым – Европы посреди – Зарыть такой народ? Бог! Если ты и сам – такой, Народ моей любви Не со святыми упокой – С живыми оживи!» – дейді.

Халық деген, міне, осы!

Пушкин – Халық-Ананың төл перзенті болса, Геккерн мен Дантес, Булгарин мен Бенкендорф – қара тобырдың түсігі. Орыстың бағына туған Пушкинді Ресейден ата жауындай қарғап, сілтеп, көзге шыққан сүйелдей көріп, өсектеп, өлтірген осы қара тобыр. Мен иттің етіндей жек көрем сені!

Қазақта «уызына жарымаған…» деген жаман сөз бар. 1917 жылғы Қазан төңкерісін жасағандардың бәрі де – уызына жарымағандар! Соның тақсіретін әлі тартып жатырмыз. Бір үзім нанға зар болғандардың үмбеті өзімен қоса өзгелердің де миын ашытып, саясатта, руханиятта да жартымды дүние жасай алмаған. Есіл-дерті ішім-жем, бір киер кебін, бір мінер ат, бір уыс ақша, сол үшін өтірік, өсек айтып, елді алдап, арбап, жақсысын жамандап, жаманын төбесіне көтеріп, шартарабы мен шалқар жұртын шатастырады, езуінен есірік күлкі кетпей, ағайынын алтыбақан алауыз ғып, ұлтын ата жауындай ойрандайды, қоғамды қанға бөктіріп, кісі де өлтіреді. Содан осындағы ұлттық, адамзаттық құндылықтардың ойраны шығып тұр.

«Сенің бүгінгі кедейлігің түк емес, арғы атаң бай-бағлан болса, соның шапағаты жеті атаңа бір жетеді», – деген қайран әкемнің өлер алдындағы бір сөзі есімнен кетер емес. Сұлтанмахмұт кедейліктің тақсіретін тартудай тартса да, ата-бабасы уызына жарыған, көш бастаған көсем еді. Ақындық-азаматтық код миында, сүйегі мен қан-тамырында қалған. Мағжан, Қасым, Мұқағалилар да – сондай. Қазақтың бір-бірімен жолыққанда ру сұрасып, оның арғы-бергі игі жақсыларын түгендеп жататыны содан. Адам баласы үшін оның ана (нағашы) жұрты мен ата (әке) жұрты да маңызды. Біреуінде бір кінәрат болса, сол шикілік баланың түбіне жетеді. Адамзат тарихындағы ең сорлы сословие, тап, топтардың ішіндегі ең сорақысы люмпен-пролетариат! Құдайға тәубе, қазақта люмпен-пролетариат болмаған! Қайыршыдан қасиетті адам шықпайды!

Пушкиннің тұқымы да саф алтынның сынығы еді. Әкесі Сергей Львович атам заманнан келе жатқан аристократ-дворян, анасы Надеджа Осиповна – «ұлы Петрдің арабы» Ганнибалдың немересі. Таяуда facebook-тен орыстың бұлбұл көмей бір әншісі Николай Басков біздің Жетісудың бір аруына ғашық екен деген сөз естідім. Соған біздің қазақтар жатып кеп ашуланды. Ұрпақ адамның ана (нағашы) һәм ата жұртынан тарайды. Жөйіттер анадан таратса, қазақ әкеден таратады. Екеуі де дұрыс. Егер осы екі жұрттың біреуінде бір кінәрат, кілтипан болса, одан туған бала оңбайды. Орыс аристократтарының бәрі дерлік Алтын Орда кезіндегі қыпшақ (түркі) қыздарынан туған. Алаштың арда ұлдары да Шыңғысханнан тараған. Пушкиннің түбі – араб, Лермонтовтың түбі шотландтық. Басковқа бермеген қызды кімге береміз? Алсын! Бірақ, күйеубаланың діні – Ислам (ол қазірдің өзінде «Ла-иллахи-илла-Алла» деп, ән салып жүр), тілі қазақ болғай; сонда одан текті бір қазақ туады… шешесі жақсы болса! Тексіз біреуге тиіп, одан «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресін» (Абай) тапқанша, жаттың жақсысынан көргенде жан жадырататын бір бекзат тусын! Тексіздік ұлтымыздың түбіне жетуі мүмкін, әлеуметтік желілердегі «әдебиеттің» түр – нұсқасына көз салсаң, зәрең ұшады. Халтура мен графоманияның ордасы – бұл!

Тобырдың өз жыршысы, өз «ақыны» сол кезде де болған. Қазір де бар. Олар халық деген шетінен сауатсыз, ақ пен қараны айыра алмайтын «надан!», өздері ғана – «кісі», қалғандары – адам қатарына алғысыз бірдеңе… деп ойлайды.

Осы күнгі «комерциялық әдебиет» солардың осындай оспадарлық ойынан туған нәрсе. Бір тексіз байдың ақшасын алып, соның тұқымынан бір батыр, бір ақын тауып, «роман» жазады да, кітабын сатып, әдебиетті пайда көзіне айналдырады. Көркемдігі мен шынайылығында жұмысы жоқ, ақша тапса болды… Талтаң-талтаң етеді. Абайдың «Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар» дегені осындай «типтерге» айтылған сөз! Құдайдың екінші аты Халық деп неге айтқан? Халықтың білмейтіні жер астында! Мына надан кіммен ойнап жүр?!

Наталя Гончарова ханым жөнінде әңгіме көп. Өз басым ұлы Пушкин сүйген ару қайдағы бір дарынсыз Дантеске құшақ ашып, құрақ ұшты дегенге сенбеймін! Бірақ, Марина Цветаеваны оқысаң, бұл жеңілтек, таяз қатын, ақынға мүлде лайық жар емес, күйеуінің жылына да қарамай, бір генералға тиіп кеткен опасыз! Ол да мүмкін… Қара шаңырақты құлатпай, қара жамылып отыратын қазақ әйелі болу қайда?!

«Құралайды көзге ататын Пушкин еді!» – дедім мен дуэльде оқ ақынның қарынына тигенде, елден естігенімді мына бала да білсін деп. «Қалайша қапы кетті, онда?!» деді албырт ақын, асау жас пері ызаға булығып. «Пушкин Дантестің басынан асырып, көкке атты» – дедім мен қасында тұрғандай (өзімнің ішкі ойым ғой). «Ақын кісі өлтірмейді!».

«А-а-а…» – деді жас шайыр ойға батып. Жаңа секунданты «Өш алайық!» дегенде, ол «Жоқ… бейбітшілік керек…» деп жатты ғой? Осы атыста Пушкин тірі қалып, Дантес өлгенде… дей беріп едім, жас ақын: «Онда оны соттап, Сібірге жер аударып жіберер еді ғой?!» деп жан ұшырып айқайлап жіберді. «Бірақ, олар Дантеске түк істеген жоқ қой?!».

Екеуміздің арамызда тылсым тыныштық орнады… «Пушкиннің оғы оның төбе шашын тікірейтіп, сипап өтті!» – дедім сол сәтті көзіммен көріп тұрғандай, (маған тура солай елестеп кетті), Әдейі сөйтті… Мерген ғой ол! Ақын кісі өлтірмейді! «Онда – деді жас ақын орнынан ұшып тұрып, – Пушкин «Моцарт пен Сальериді» жазған күні өзінің қалай өлетінін пайғамбардай болжаған екен. Өзінің Сальериі Дантестің қолынан өлгісі келген шығар?!»

Мен үндегем жоқ. «Ол фәниден бақиға көшерінде тірі пендеге тіс жармай, кітаптарымен ғана қоштасты ғой?» деді жас ақын ағам не айтар екен дегендей. «Оған салсаң, маңайында қыбырлап, жыбырлап жүргендердің барлығы баяғыда өліп қалған болатын – дедім мен – 1814 жылы лицейді тәмамдап, емтихан тапсырарда «Патша селосындағы ой» атты өлеңін жазған күні ол өзінің фәниге емес, бақиға бола туғанын сезген-ді. Қара тобырды тәрк етті ол он бес жасында. Оның сырлас-мұңдасы тарихтың терең қойнауына жөнелген Гомер мен Плутарх, Шекспир мен Гете, Байрон мен Державиндер-ді. Пушкин үшін олар мәңгілік тірі еді! Қалғаны – баяғыда өліп қалған!» «Сальерий ше?! Ол да тірі болды ма?!» деді жас ақын алқына ентігіп. «Тірі болды! Өлтірді ғой… Әне, өзін өлтірді! Тірі болмаса, өлтіре ме?!». «Сен менің «Моцарт пен Сальери (озаманғы нұсқа)» деген жырымды оқымаған екенсің ғой? – дедім баланың алаңсыз аңқаулығына ыза болып. «Оқыдым…деді ол күмілжіп, бірақ Сальери тірі деп ойламаппын…».

…Ол абдырап, осындағы жас ақындар мен өздерінің қызық ортасы қаһында шабыттана сөйлей жөнелді. Бір-біріне деген ілтипат-құрметі қандай ғажап! Баяғыда біз де осындай едік. Бірге сақылдап күліп, ойнап, бірге жамыраса өлең оқып, бірбірімізді тірі классик көріп, бір-бірімізге деген мақтау, марапатымызды аямай, асырып жүруші едік.

Есіме ерке Дәуітәлі, білікті Жарасқан, асау Кеңағам, қаһан Жұматай, ғазиз Ғабиден түсіп, ет жүрегім елжіреп кетті. Содан қалғаны Ұлқаш пен Несіпбек, Жәркен мен Есенғали, Ғалым… Қалғаны есімде жоқ. Өтті – кетті…

Ақынның туған топырағы ғана киелі емес, кіндік кескен жұрты, өскен ортасы да өрісті, өрелі болуы керек. Пушкин кімдермен жүрген? Орыстың ұлы ақыны Жуковский, терең ойшылы Чаадаев, Н.Гнедич («Илиаданың» аудармашысы), поляк поэзиясының классигі А.Мицкеевич, декабрист Бестужев… Маңайындағы ұсақ-түйек ақындардың өзі бір елдің жырын ұстардай тұлғалар-ды. Сол ақылойы кемел, ар-намысы асқақ ордалы ортаның өзі Ақынын қызымыр, қызғаншақ, күншілдерден арашалай алмай қалды. Ақын азап шегіп жатқанда періштелер жерге қарап, әзәзіл пенделер іштей рахат сезімге кенелді. Ол «Пир во время чумы» («Обаның кезіндегі, ойхой, думанды») жаза ма, әйтпесе?! Басқасын былай қойғанда, сыңар езу, іштар, дәлдүріш Булгариннің жапқан жаласы мен жаққан күйесінің өзі бір атанға жүк болар еді..

Ол маған «Осы қара өлеңге қайдан килігіп ем?!» дегендей, сұраулы жүзбен ұзақ қарап қалды.

Немiстiң ұлы ақыны Иоганн Гете бiрде саябақта қыдырып жүріптi, дедім мен абдырап қалған албырт ақынның көңілін аулағым кеп, Бiр адам ғана өтетiн жолға келгенде, алдынан ұлы ақынды «өзiнше күнде өлтіре сынап», көзіқарақты елге күлкі боп жүрген бiр «әдебиет сыншысы» кездесе қалады. «Мен жындыларға ешқашан жол бермеймiн!» – дейдi әлгi «сыншы» көкірегін көтеріп. Ал, Гете болса, мырс етіп «Мен, керiсiнше, жындыларға жол беремiн, өтіңіз!» – деген… Гетені «жынды» деп ойлайтын мұндай типтер Пушкиннің кезінде де көп болған… Бүгінде де олардан ит батпақтап, күшік сүрінеді. Біз қанша «жол бергенмен» халықтың жүрегіне жете ала ма солар?!

Ол сақылдап күліп жіберді.

«Пушкиннің өлерде кітаптарына қарап, «Прощайте, друзья!» – дегені Мағжанның «Ақында адамзаттан дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына!» – деген сөзімен төркіндес екен!» – деді жас ақын бір құпияны ашқандай жүзі алаулап.

Меніңше, бүгін бұған Тәңірден бір хабар-ошар жетті…

Мына балаға бертінде, осы 90-шы жылдарда болған бір оқиғаны айтсам ба, айтпасам ба деп ойланып отырмын. Иран Ғайып ақынға Алматыдағы бір топ жас шайырлар жиі барып, әңгіме-сұхбат құрады екен. «Қазір бір әке, бір шешеден туғандай боп жүрсіңдер ғой» – депті сонда ағалары, «Дұрыс! Осылай жүру керек! Кейін, бірақ, біреуің тоқалдан, біреуің бәйбішеден туғандай, қырқысасыңдар әлі…»

Сол жауқазындай жас түлек «Ағайдың мұнысы несі?!» деп, бертінге дейін әлгі әңгімені аңыз ғып айтып жүрді. Қазір айтпайды… Бұл әңгімені мына балаға мен де айтқам жоқ…

2015-2020 жж. ҚАРАҒАНДЫ. «Күнгей». 

Басқа материалдар

Back to top button