Руханият

Қарағандыда «Қыран елім – Қазақстан!» патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды

Кеншілер мәдениет сарайында «Қыран елім – Қазақстан!» атты оқушылар арасындағы патриоттық әндер байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасы өтті. Шығармашылық жарысқа аудандары мен қалалардан 165 жас әнші қатысқан.

Байқау осымен екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр 100-ге жуық қатысушы болса, биыл одан да көп. Бізде талантты балалар баршылық, – дейді Кеншілер мәдениет сарайы директорының орынбасары Саят Әбдіғали.

Бас жүлдені теміртаулық тұрғыны Нұрсая Рзағали (9-12 жас) және Ақтоғай ауданынан Аянат Төлеутай (13-17 жас) жеңіп алды.

– Мен 10 жастамын, Осакаров ауданынан келдім. «Бірлігіміз жарасқан» әнін шырқадым. Бес жылдан бері вокалмен айналысамын, мектеп үйірмесіне қатысамын. Бұл менің алғашқы байқауым емес, бұған дейін де қатысып, жүлделі орындарға ие болғанмын, – дейді Осакаровка кенті Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебінің 5-сынып оқушысы Томирис Әлімбай.

Ал, 11 жасар Айша Ақеева Шет ауданының Жарық станциясында тұрады, жеті жасынан бастап ән айтады.

– Байқауға алғаш рет қатысуым. «Туған өлке» әнін орындадым. Ән туған жерге деген ыстық махаббат хақында болғандықтан, таңдап алдым. Жетекшім – Салтанат Сәтқалиева, – дейді ол.

Қарқаралыдан келген қатысушы Аружан Зәрубай «Патриот болу – әр адамның парызы» деп есептейді.

– Әр адам өз елінің патриоты болуы қажет. Патриоттық әндер – өз еліңе, туған өлкеңе деген сүйіспеншілігіңді арттырады. Байқауға Маржан Арапбаеваның «Тек алға» әнін дайындадым. Оның әндері мағыналы болғандықтан, ұнайды, – деп атап өтті Қарқаралыдағы №6 орта мектептің 6-сынып оқушысы Аружан Зәрубай. Жеңімпаздар дипломмен және ақшалай сертификатпен марапатталды. Мектеп басшылары мен қатысушыларға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан Алғыс хаттар берілді.

Жәлел ШАЛҚАР

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button