Руханият

Тағылымға толы туынды

«Білгенге – маржан» – су жаңа кітап. Бұл туынды жөнінде құлшына жазып отырмын. Жаныма жақын. Өйткені, біріншіден, кітапты құрастырушы газетіміздің ардагері – Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ ағамыз. Екіншіден, газеттің соңғы бетінде аптасына бір рет біз сүйсіне жүргізетін «Білгенге – маржан» деген айдар бар. Ол – газетке ширек ғасыр өмірін арнаған марқұм Мағауия СЕМБАЙ ағамыздың бізге қалдырып кеткен аманаты…

Кітап – шағын тиражбен шықса да, 200-ден астам беттен тұрады. Қарағандыдағы «Tengri Ltd» баспасынан жарық көрген. Кітаптың атауы айтып тұрғандай мұнда не жоқ дейсіз, бәрі бар. Атап айтсақ, жұртшылыққа онша мәлім емес кейбір таңсық дүниелер, қызықты оқиғалар, тарихи деректер, табиғат тамашалары, ғалам ғажайыптары орнын тауып орналастырылған.

Кітап оқырманды жалықтырмайды. Ұзақ-сонар мақала жоқ. Қысқа-нұсқа. Оның үстіне, көптеген қажетті дүниені табасыз. Кітапты Сүйіндік ағамыз тақырып сәйкестігіне орай 6 топқа бөліпті.

«Таным мен тағылым» бөлімінде берісі Арқа, әрісі Алаштың тарихына қатысты дүниелер болса, «Ұлы адамдар өмірінен» бөлімінде Абай, Мұқағали, З.Нұрқаділов сынды саңлақтардың өсиеттері мен көпшілікке беймәлім жазбалары самсап тұр. «Табиғат тамашалары» бөлімі де зеріктірмейді. Ал, «Ғалам ғажайыптары» бөлімінде Робинзон Крузо хақында, ғарыш жөнінде материалдар болса, «Халық даналығы», «Атадан қалған асыл сөз» бөлімінде батаның түр-түрі, сіз білмейтін ырым-тыйымдар, ел аузынан жазылып алынған небір тағылымды дүниелер оқырманын табары анық.

Мәселен, соңғы бөлімдегі «Ескі дауды еске алма», «Жас малдың мүйізін сипама», «Жыңғылмен ат айдама», «Дос-жаран, құда-жекжаттан ит алма, ит берме», «Шамды үрлеп өшірме» сынды тыйым сөздер адамды ойлантып, өз тамырына, болмысына үңілуге жетелейді. Әсіресе, ұстаздар мен тәрбиешілерге, көп нәрседен хабарсыз жастарға мол мәлімет бар мұнда. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған.

Тағылымға толы туындының өз оқырманын табарына кәміл сенеміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button