Руханият

Тәңірқұт

(Жалғасы. Басы газеттің өткен №123 номерінде)

Мұндай уақиғаларды Сетон-Томпсон көп жазушы еді. Сене қоймаушы едік. Онымыз бекершілік екен.

Қазақ баласы жыртқыш аңдарды жіліктегенде ұрғашысын қаншық, еркегін арлан, баласын күшік деп жіліктеген.

Қасқырдың қаншығын шулан деген. Моңғол жұрты оны шона дейді.

Еркегін?..

Ауыз екі тілде арлан деп жүрміз. 

Елімізде аты жер жарып жүрген «Астана арланс» деген бокс клубы бар. Соның клубтық туында қасқыр бейнесі бейнеленген. Осыған қарап ел арлан деген атауды қасқыр деп қабылдап жүр. Бұл да біздің надандығымыздың бір көрінісі. Соны көре тұра үндемейміз. Негізі жал. Ол жөнінде жоғарыда айттық.

Коллажды жасаған Марал ӘЙНЕКОВА

Әуек болған соң оның басшысы (көшбасшысы) болады.

Мына орыс ағайындар әуекті – стая, басшысын (көшбасшысын) – вожак дейді. Вожагы, әрине, арланы, сонда шуланы әуек басқара алмай ма деген ой оралады. Бәлкім, ол ағайындар шуланның да әуек басқаратынын білмейтін болар?

Жоқ, біледі, алайда мағынасын әбден тарылтып алған.

Олар әуекті басқаратын ұрғашы қасқырды да вожак дейді.

Бір-ақ кесіп, альфа-самка дейтіндері бар. Біздің түсінігімізше біріншіден ол – шулан, екіншіден ол – бөрте.

Әуекті шулан басқарғанда оны құртқа дейді. Олай болса үшіншіден ол – құртқа.

Орыстар башкир деп жазатын жұрт бар. Шын мәнінде ол башқұрт (басқұрт) деген сөз. Бүгінде Башқортстан деп жазып жүр. Құртымыздың, қортымыздың, көртіміздің, гөртіміздің түбірі бір – құрт. Олай болса бұл жерде басқұрт сөзі бас шулан болып шығады, алайда оған жалы да, шуланы да бағынатын болғандықтан ол басқұрт болады.

Башқұрт жұрты біздің құртымызды құртит дейді. Бұл ұрғашы ит деген сөз. Осы ағайындар әуек басшысын башбөрэ дейді. Бұл басбөрі деген сөз, әрине. Салыстырыңыз: басқұрт – басбөрі.

Бала кезгі ертегі есіңізге түскен болар.

«Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде,

Ертеде өткен Қызылқұрт елінде…»  –

деп басталатын біз тыңдаған ертектердің бірі. Олай болса мұндағы ертек оқиғасы қызыл қасқыр елінде өткен.

Осы құрт сөзі қазақ аруына тікелей қатысты.

Қазақ ең әдемі қызын сұлу деген.

Ең сұлу қызын ару деген.

Бетіне ноқат түсіп, іші білінген қыздарын бөрте деген және оларын ең сұлу деп өбектеген.

Іші-сырты бірдей қыздарын құртқа деген.

Қарақыпшақ Қобыланды батыр жары есімінің Құртқа аталатынын әлі ұмыта қоймаған болармыз.

Қысқаша қайырғанда орыс ағайынның альфа-самкасы осы.

Ермек Тұрсыновтың «Шал» туындысында Шалдың қасқырға айтатыны бар «әй, Құртқа, осы сен менің соңымнан неге қалмайсың?» деп. Демек бұл жерде әуекті абадан емес құртқа басқарып тұр.

Керісінше әуекті қасқырдың жалы да басқарған. Оны әуекбасы/абадан деген.

Вожагымыз осы – әуекбасы/абадан.

Ал қасқырдың жалының альфа болуы, болмауы құртқаға байланысты.

Әуектегі қаншықтардың барлығы күшіктей алмайды. Күшіктейтін тек қана құртқа.

Қалғандары құртқаның бөлтіріктерін асырап, тәрбиелеумен айналысады.

Бөлтіріктерінің әкесін құртқа өзі таңдайды. Оны бөрі дейді. Альфа-самеціміз осы бөрі.

Әуекті абадан басқарғанда абадан – альфа-самец. Ал альфа-самка – бөрте болады.

Қасқырлардың қарығуы ақпан айында өтеді. Оны қазақтар әспеттеп бөрісырғақ дейді. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді. Бабаларымыздың бірнәрсе білгендігін осыдан-ақ байқай беріңіз. Қасқыр сырғақ демейді, бөрісырғақ дейді, өйткені бұл сырғақта болашақ бөлтіріктердің әкесі – бөрісі анықталады.

Мұндай жұптар тұрақты болады.

Бөрте 63 күн көтереді.

Бөртенің құртқа болмауы мүмкін. Алайда құртқа міндетті түрде бөрте болады.

«Шалдың» негізгі оқиғасы үш күнді қамтиды. Алайда онда уақыт, кеңістік ұғымдары әбден милықтырылған. Көкектің ортасынан әрі қарай қасқырлар күшіктеп бітеді. Ал фильмде Құртқа қыста күшіктеп жүр.

Бөрте апанда күшіктейді.

Туғанда бөлтіріктерін соқыр туады. Туа саңырау болады.Көзін тек он күннен кейін ашады. Алайда мұнан залал шеге қоятын  бөлтірік бола бермейді. Өйткені қасқырдың ең басты сезім мүшесі –мұрыны/тұмсығы.

Қасқырдың жемтігін көрмей, естімей (жүргенін, жайылғанын, жусағанын) табатыны осыдан.

Бөлтіріктерін қарақұлақ туады.

Ит те күшігін тоғыз апта көтереді. Ит пен қасқырдың түбі бір екендігін осыдан-ақ пайымдауға болар.

Оның да күшігі соқыр, саңырау болып туады. Бір аптадан соң көзін ашады, тағы үш күннен кейін ажырата бастайды. Қазақ атамыз ырымға жаман деп жалқы күшік тапқан қаншық пен күшігін атып тастаған.

Күшіктің құлағы екі аптадан кейін естиді. Қасқырдың құлағы тік келеді де, иттікі салбыраңқы. Шуланның күшігі тек бір арланнан, ал иттің итақайының күшігінің атасын бір Құдайдан басқа ешкім білмейді.

Қасқыр жоғарыда айтқандай күшігін алпыс үш күн көтереді. Қасқыр да сегіз туа береді. Негізінен тақ туады. Нешеу туатыны тағы да құртқаға байланысты. Жемтік көп болатын жылдары көп туады да жылаңқы жылдарда шектейді. Соның өзінде жалқы тумайды, кемі қосар туады.

Қосар деп қазақ бір ұрғашы, бір еркек төлді біледі. Олай болса қосардың біреуі ұрғашы болады да, екіншісі міндетті түрде еркек болады.

Құртқаның бірыңғай не ұрғашы, не еркек туатыны болмайды.

Жаңа туған бөлтіріктің көзі көк болады. Сегіз айдан кейін сарғыш тартады. Көзінің көктігін өзгертпейтіндер де болады. Оларды боркөз дейді, бұл бөрі көз деген сөз. Бөрілер негізінен осы боркөздерден шығады.

Көк көзді мақұлықаттар бола береді. Төрт түлікке қаратып айтқанда көккөз түйе, немесе бие деп айтпайды, шағыр дейді. Бабаларымыз оларды жаратпаған. Соған орай шағырдан үйір салмаңыз деген.

Қазақ итбегілері боркөздерді бөлек тәрбиелеген. Қасқыр алады деп. Көзі көк болып туатындардың қасқырмен бір шатысы бар деп білген. Қазақ итінің бөрісоғарлары осылар. Түбі – қасқыр.

Қырық күн шілдеде тазыны аңға қоспайды. Ыстықта қызыл ет болады деп.

Қыс шілдеде тартып семіретін қасқыр жаз шілдеде жатып семіреді. Бұл уақытта қасқыр бөтегесі бөртіп семірген құстарды торуылдайды. Әсіресе олар дуадаққа өш келеді. Дуадақ жерден көтерілгенше орнында басып қалады. Бұл жарықтықтар құрды да жібермейді. Әсіресе, саңырауқұрдың ұшасына/етіне өш келеді.

Жемтік жейді, өлексе жейді дегенімізбен итке қарағанда қасқыр таза. Қазақта жүріс алған адамға қаратылып айтатын жалап деген сөз бар. Иттің тісі тиген жерді де жалап деп айтады.

Ал бөрте бөлтіріктерін апаннан тысқары жерде қоректендіреді. Онысы апан айналасы лас болмасын дегендік. Ауру-сырқаудан да тыс болады.

Барлық жыртқыштар сынды жал да құсып жемдейді. Жеті аптада бөлтіріктер етті сүйектен ажыратып жей алады. Сегізінші аптада бөлтіріктердің қорегі тірідей келе бастайды.

Көп ұзамай бөрте оларды емізуден бас тартады.

Бөлтіріктердің қасқыр тірлігі басталады. Қоңыр күзде олар да жалдың қатарын толықтырады. Топтасып аң қағуға жарайды.

Қазан айында «абадандық» үшін төбелес/қырқыс басталады.

Қасқыр шамамен күніне жарты пұттан астам ет жейді. Қорек іздегенде күніне екі жүз шақырым жер өте алады. Су жоқ болғанда мұз қаршиды. Қарда тұз жоқ болғандықтан оны жалай қоймайды. Өлексемен де қоректене береді.

«Шалда» әуек Шалдың пәрменімен «Гарринчасын» тартады. Ал әуекте сегіз жал жүр. Ол айтып отырған сегізімізге жетпейді. Қасқырдың қасақы тағы екендігі белгілі. Олай болса олар бір қоймен шектеле алмайды және олар кем дегенде «отардың» жартысын қырып салуы керек еді.

Ұлығанда бастарын қосады. Жер аумақтарын белгілейді. Аңға шығады.

Ит аяғын жастанып ұйықтайды. Қасқыр да солай басын кезек-кезек екі аяғына қойып ұйқысын қандырады.

Бөрі жортады.

Ит шаңытады.

Ит құйрығы сымпыл келеді. Ит қабады, талайды, қасқыр ауыз салады. Иттің бұралқысы тіміскеленіп жүреді. Қасқырдың бұралқысы жалғыз жорта береді.

Ит талайды, қасқыр тартады.

Кәрі төбет бапылданады.

Қазақта негізінен итбегі деген сөз жоқ. Бәлкім, болған шығар. Жадымыз қысқа ғой. Ұмытып қалған болармыз. Тілімізде атбегі, құсбегі тіркестері бар. Олай болса итбегі тіркесі неге болмайды. Бұл сөзді бірінші рет «Көрлеуіт» хикаятымда пайдаландым. Кейін «Итбегі» деген әңгіме де жаздым. Бүгінде елдің бәрі итбегі деп жазады.

Жатыр деп тек адамға қаратып айтатынымыз белгілі.

Қарамалға қаратып үйі дейді.

Түлкіге қаратып айтқанда да үйі дейді. Түлкі үйігеді ғой.

Итке қаратып ұйы дейді. Ит ұйығады.

Қасқырға қаратып қары дейді. Қасқыр қарығады ғой.

Табиғатына байланысты шуланға қарағанда жалы өлім-жітімге көбірек ұшырайды. Сондай себеппен әуектің абадансыз, әрі-беріден кейін бөрісіз қалатын күндері болады.

Бұл жағдайда әуек (құртқа) бөріні ауылдан іздейтін болады. Бөріге иттің бәрі жарай бермейді. Құртқа боркөзді іздейтін болады.

Ел итті қасқырдан тараған деп біледі, әрі-беріден кейін қасқырдың азғыны деп біледі.

Шын мәнінде ит қасқырдың емес, шиебөрінің тұқымы. Байқайсыз ба, бөрі сөзі алдымыздан тағы шығып отыр. Бұл тегін емес.

Арқада он сегіз мың жылқы біткен Адамбай, Тұрсын деген шалқұйрықты байлар өткен. Сол Адамбайдың Құтпан деген бөрібасары болыпты. Соны шүйқұлақты деп отырушы еді. Бұған қарағанда шиебөріміз шүйбөрі болса керек. 

Қасқырдан тарайтын ит тұқымына кәдімгі төбет пен орман төбеті/лайка жатады. Қасқырды бір алса осы төбеттер алады. Өйткені түбі бір.

Қасқырды ғылыми тұрғыдан жіліктегенде ит тұқымдас деп тәпсірлейді. Қасқыр тұқымдас деп айтпайды. Олай болса қасқырдың түп атасы ит пе, әлде иттің түп атасы қасқыр ма – оны зерделейтін уақыт әлі алда деп білу керек…

Әлгі әуек (құртқа) ауылдың төбетін өзімен бірге алып кеткенде бес-ақ күнге алып кетеді. Өйткені бөрісырғақ бес күнге созылады. Бес күн бойы төбет абадан да болады, бөрі де болады.

Иттің абадан болатын жері осы.

Иттің бөрі болатын жері де осы.

Қазақ итті қасқырдың азғыны деп білетінін айттық. Қасқырға тән бекзада қасиеттердің барлығы да итте кемшін, не жоқтың қасы.

Қазақта «ризамын азу тісіме» деген мәтел бар.

Итті ақылды хайуанаттар қатарына апарып қосып қоятынымыз бар. Рас, ол ақылды, алайда қасқырдан ақылды емес. Ең ақылды деген иттің парасаты үш айлық қарақұлақтың ақылынан аспайды.

Дене тұрқыларында да айтарлықтай айырмашыылқ бар. Ең алып деген төбетіңнің өзі қасқырдан кемі екі есе кіші болады. Итке қарағанда қасқыр тарамыс болып келеді. Соған орай кей халықтар ит етін тұтынғанымен қасқыр етін тұтынбаған.

Әуелде осындай мәтел бар ма еді деп ойланасың? Бар болған соң  айтылады да. Тістің бәрі мықты. Алайда азу тістен мықтысы жоқ. Жыртқыштардың барлығы да азу тісті болып келеді. Олардың күн көрісі осы азу тісіне байланып қалған. Өйткені осы азу тістерімен қорғанады, қорегін табады.

Азу тіс жаугершілік замандағы қазақ баласының алтыншы қаруы болған. Қолға түсіп қалғандай болса, шимаңдай байлаған арқан не жіпті осы азу тісімен шешкен. Қайырып айтқанда азу тісін түйнеш ретінде пайдаланған.

Ит тісейтін мақұлықат. Оның жағымен қоса жаратылатыны осы азу тістері. Оның өзі барлық иттерде шыға бермейді. Қасқырға қарсы түсетіні осы табиғи азу тістілері. Ит қасқырды осы азу тісімен алады. Осындай иттің қасқыр алғанын көрген қазақтан жоғарыдай мәтел қалған.

«Ризамын азу тісіме» деген.

Қазақ аңшылары қасқырды алаөкпе болып қуа бермеген. Жағын қарыстырып алған. Аңсақ ініміз Кісімнің Дәулеті айтады.

«Нивамен» қасқырға шығыпты. Алақұйын боран еді дейді. Содан жалдың біреуін көріп қалады. Бірақ жалтарып алдырмай қояды. Содан бір жазыққа шыққанда көлікпен басып өтеді. Жаны шыққан болар деп жалды іздесе жоқ болып шығады. Әрі іздеп, бері іздеп, табылмаған соң қайтады. Көлігін гаражына қойып демалады. Ертеңінде машинасының әр жерін қарамай ма? Сөйтсе машинаның астынан жал көрінеді дейді. Қасқыр машинаның буферінен тістеп айырылмай қойған ғой, соңынан жағы қарысып қалыпты. Әзер айырып алдық дейді ініміз.

Жақында көзіме бір мақала түсті. Бейкүнә мақала. Қасқырға ит салыпты. Соны авторы салбурын деп алыпты.

Ал кеп ойланайын. Өздері салбурын деп өткізіпті. Салбурын десе салбурын. Себебі қасқыр алғанды салбурын дейді. Құспен қасқыр алғанды.

Ал итпен қасқыр алғанды естімеппін. Өйткені ит қасқырды ала алмайды. Қандай ит болсын. Өйткені иттің азу, жақ күші қасқырдан кемі екі есе кем болады. Қасқыр иттің жағын ұсатып жібереді.

Жақында бір әңгіме естідім. Есті әңгіме екен.

Үстіңгі қабаттағы үй ит асырапты. Әлгі үйдегі иттің шуаш исі астындағы үйге жетсе керек. Негізінен иттің қоламта иісіне екінің бірі шыдай бермейді. Содан астындағы үйдің иесі төбелес көршісіне итіңді құрт деп айтады ғой. Көршісі оған мәу демепті. Содан қоярда қоймай жүріп қасқыр майын тауып алып, көршісінің балконына жағады ғой. Сөйтсе әлгі ит балконнан қарғып кетіпті…

Елдің бәрі білетін, ретін келтіріп қазақтың Ахаңы – Ақселеуді боқтайтын, хатшы Шайдаровты, прокурор Күзгібековты, директор Аймағанбетовты сөзден тосылдыратын Жынды Ысқақ бар. Лақап аты әлгіндей болғанымен бұл кісі нағыз ұтқыр, тапқыр сөйлейтін тілмар болған. Оның үстіне шидің басы – теуітті шитімен алған мерген, аңсақ адам болған екен.

Сол кісі жаз айларының бірінде жойдасын алып, сойып, терісін шарбаққа жая салады ғой. Содан ауылдың барша иті ауыл шетіне шығып алып, ауылға қарап үреді дейді. Әлгі шуылдақтар солайша бір ай бойы ауылға жолай алмай жүреді.

Осыған орай ауылда неше түрлі әңгіме жүреді. Ауылымыздың қасқыр алатын иттеріміздің түрі осы ма деген?

Бұл әңгіме Ысқақ ағамызға да қатысты еді. Өйткені ол кісі де қасқыр алатын төбеттер мен тазы ұстапты. Содан тағы бір күні тірідей қасқыр алыпты. Онысын ауылға алып келіп, ауызын буып қоя береді ғой. Сонда бір ит те жақындай алмапты.

Содан жігіттер бәстесіпті.

Ит қасқырды ала алмайды депті.

Сонда Ысқақ ағамыз алады депті.

Өйткені ағамыздың жас кезінде ауыл иттерінің қасқыр алғаны болыпты. Оның тұқымы ағамызда болса керек. Шамасы онысы боркөз болса керек. Бірақ азған-ау шамасы…

Тағы да бір жойдасынды алып келеді. Басқасы басқа, әлгі «боркөзі» де жақындай алмайды қасқырға. Ызаланған ағамыз әлгі жойдасынды тірідей сойыпты.

Сонда да бір ит жолай алмады дейді.

Көргендер айтады. Тірідей сойғанда да қасқыр дыбыс шығармапты.

Құсқа құс салғанды саят дейді. Мұнымен заманында көбінесе қыз балалар әуес болған.

Аңшылыққа да сыймайды. Аңшылық болған соң-ақ оның артында қарын қамы жатады.

Тон үшін, тымақтық пұшпақ үшін түлкі қағу, қоян қағу бар. Оны шалдыру дейді.

Тұзақпен, қақпанмен алғанды түсіру дейді.

Ертеде ағаларымыз іштері пысқанда қасқырды итпен талатуға шығатын. Інішегіміздің айтып отырғаны сол ма деймін.

«Ісі ілгерлегеннің иті ат үстінен оттайды» деген де мақалымыз бар.

Ит жеті қазынаның бірі. Ит аузындағысын иесіне жырып берген. Бабаларымыз да қарыз болып қалмаған. Ол аузындағы адалымен бөліскен.

Ол адалы – ешкі түлігі еді. Күнделікті ішіп-жемінде қой өзінен аспаған. Ал ешкінің жөні бөлек. Оны іш қатырады деп қазақ баласы түлік ретінде өсіре қоймаған. Осыған орай етін жаратпаған. Адал бола тұрып. Есесіне итке қиған. Алайда ит те ешкі етін жемейді. Сол ешкі етін итке жеуді үйреткен. Ешкі етін жеген итке ермен жегізген. Ерменді, жалпы, ешкі мен қой жеген. Ал ермен ешкі майын қатып қалса ерітеді, әйтпесе қатуына жол бермейді. Мақал осыған орай туған.

«Тілімізде қасқыр ішікті, ит аяқты» деген де мәтел бар. Мәтелдің «қасқыр ішіктісі» біршама түсінікті болғанымен «ит аяқтысы» еріксіз тосылтады.

Қасқырдың терісін илеп, ішік тіккен. Сыйлы қонақ келгенде аяқ астына қасқыр терісін тастаған. Аттанғанда қасқыр ішік кигізген. Қасқыр ішік кигізу үрдісі бар болғанымен елдің бәріне бірдей қасқыр ішік киізе бермеген.

Мұндай құрметке қырық жастан асқан ер-азаматтар ғана бөленген. Себебі еркектің жілік майын ағызып жібереді деп есептеген.

Ал «ит аяқтының» жайы басқаша. Итаяқ деп әдетте итке ас салатын ағаштың қайыңынан тұтастай шабылған ыдысты білеміз. Ал айтып отырған атауымыз иттің терісіне қаратылып аталған атау. Иттің терісі ішікке жарамағанымен аяқтонға жарайды.

Сонымен итаяғымыз – итаяқ/тон. Ит терісінен жасалған етік. Мына сібір жұрты күні бүгінге дейін қысқы етікке ит терісін пайдаланады, оларын унты деп әспеттейді. Олары суыққа төзімді келеді, суық өткізбейді. Тілімізде итен деген сөз бар. Бұл өзі ит тон деген сөзден шыққан. Сол итеніміз осы ит терісінен жасалған аяқ киіміз, аяқтонымыз, унтымыз.

Иттің тағылануы болғанымен, қасқыр қолға үйренбейді.

Жабайыланған иттер баршылық. Динго соған жатады. Дингоның әдепкі иттерден айырмашылығы олар да қасқыр сияқты топтанып өмір сүреді.

Көзін ашпаған, қарақұлақтанбаған бөлтіріктерді асырағандар болған. Алайда олардың ешқайсы табиғатынан аспаған. Адам көзі тайған жерде қасқырлығын істеген.

Қазақ баласының төрінде ит жатқан. Оның өзінде тазысы. Тазының бәрі де таза бола бермейді. Қанша жерден жуып-шайып тазалағанмен ит иісі шығып тұрады. Алайда туа тазасы болады. Ит иісі болмайтын. Оларды әлеке деген. «Әлекедей жаланып» деген сөз тіркесі соған орай айтылған. Мал дәрігерлік сауаты бар, жөн білетін ағайындар айтқанымызды қуаттайды. Олардың айтуынша ондай иісті тері безі шығарады. Кей жағдайда сол тері бездері жетілмей қалады. Тазының таза болатыны содан. Соған орай ит жалаңшақ болады.

Осы әлеке сөзін теріс түсінушілік бар. Тазының жүйрігі деп. Шын мәнінде ол тазының тазасы.

Иттің жәутігін бабаларымыз ноқай деген. Біраз түркі жұрты итті ноқай дейді. Қазақтың «әй, ноқайының» әр жағында ит екенсің мағынасы жатыр.

Бабаларымыз жырқыштарды да жынысына қарай жіліктей білген. Олардың еркегін – арлан, ұрғашысын – қаншық, баласын – күшік деп атаған.

Арыстанның арланы – қамбар.

Қазақ есепшілерінің күн қайыру жүйесінде Ай мен белгілі бір Жұлдыздың кездесуі бар. Соның алғашқысы – Қамбар тоғысы. Осы Қамбар жұлдызы Аймен бес рет тоғысады. Алғашқы рет айдың тоғыз жаңасында тоғысуы – тоғыздың айы /қазан айы/ атанған. Келесі кездесу айдың жеті жаңасында өтетіндіктен ол жетінің айы /қараша айы/ деп белгіленген.

Осы ретпен Қамбардың Аймен бес жаңасында кездесуі – үштің айы /қаңтар/, бір жаңасында кездесуі – бірдің айы /ақпан/ деп аталған.

Қамбар тоғыз жүйесі бойынша жыл басы ақпан айының бірінші  жұлдызы. Осындағы Қамбар жұлдызы деп отырғанымыз Арыстан жұлдызы.

Арыстанның қаншығы – қаншыр.

Қаншырдың бастапқы мағынасы қан ішер болса керек. Өйткені аңға арыстанның қамбары емес қаншыры түседі. Ал қаншырдың «қаншырдай қатып қалған», «қаншырдай қатпа» сынды ауыспалы мағыналары да оның аңға түсуімен байланысты. Себебі қаншыр үнемі аңға түсетін болғандықтан бойына артық ет жинамайды.

Арыстанның күшігі – шөншік.

Кей жерде шөншікті шөнжік деп жұмсартып айту да кездеседі.

Жолбарыстың қаншығы – өлекшін.

«Күшігін асыраған өлекшіндей, азғындап шөктің, Сара, жылдан жылға. («Біржан – Сара» айтысы).

Күшігі – сарымақ.

«Саптыаяқтай еріндім, сарымақтай азулым» (Бұқар жырау).

Жолбарыстың  арланы – айбар.

Осындағы ай түбірлі сөзде көне түрік тілінде айығ түрінде кездеседі. Бұл – ашулы, жауыз деген сөз.

Аюдың арланы – айтыс.

Жалпы, аю сөзі жоғарыда аталған ай түбірінен шыққан. Хакас тілінде айдас – күшті, ірі, мықты мағыналарында қолданылады. Бәлкім, айтыстағы тыс сөзі тіс шығар. Сонда ай – тыс «қорқынышты тісті» деген ұғымын бермей ме?

(Жалғасы бар)

Төрехан МАЙБАС,
этнограф-жазушы

Басқа материалдар

Back to top button