Руханият

Сыдық Мұхамеджановтың жұлдызы Қарағанды көгінде жарқырады

Кеншілер астанасындағы «Жұлдыздар аллеясында» әйгілі жерлесіміз, КСРО Халық әртісі, ҚазКСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Жұлдыз белгісі» ашылды. Ауқымды шара аясында Кеншілер мәдениет сарайында баспасөз мәслихаты мен ұлы тұлғаның құрметіне еске алу концерті ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ortalyq.kz

Сыдық Мұхамеджановтың жұлдызы Қарағанды көгінде жарқырады Баспасөз мәслихатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, композитордың қызы Ләйла Мұхамеджанова, күйеу баласы Ғабдул Ұнайбеков, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Серік Әбдінұров, белгілі опера әншісі Кенжеғали Мыржықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Серік Еркінбеков, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, «Saryarqa аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және басқа да қонақтар қатысып, композитордың өмірі мен шығармашылығы жайында әңгіме өрбітті.

– 1981 жылы либреттосын Ғабит Мүсірепов жазған Сыдық Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоты» операсындағы Ақан партиясының алғашқы орындаушысымын. «Жұмбақ қыз» операсында Адақты, Абай өлеңіне жазған циклін және басқа да шығармаларын орындадым. Осы шараға қуана келдім. 2024 жылы 100 жылдығы күтіп тұр. Соған орай «Шалқыма» концерт залына Сыдық Мұхамеджановтың есімін беріп, туған жері Қарағандының қақ төріне еңселі ескерткішін орнату керек. Композитор атында республикалық әншілер байқауын ұйымдастырып, Сыдық Мұхамеджановтың қаламынан туған алғашқы «Айсұлу» комедиясын Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының репертуарына тұрақты бекітіп, ол үнемі сахнадан түспеуі қажет. Ұлы композитор Сыдық Мұхамеджанов мұндай құрметке әбден лайық, – деді Кенжеғали Мыржықбаев.

Ал, Қайрат Әбілда әйгілі композитордың өміртарихына қатысты тың деректерді мәлім етті.

«Сыдық Мұхамеджанов – киелі Шет ауданындағы Киікті ауылының маңындағы Үлкенбұлақ деген жерде туған. «Ол негізді қайдан алды?» дегенге келсек, композитор Арқа төсінде шертпе күйдің мектебін қалыптастырған Қыздарбек, оның шәкірттері Мақаш, Сәдуақас, Ақмолда, Әбікен Хасенов, Шырынның Хасені, Бегімсал, Дәулетбек сынды дәулескер күйшілермен аталас. Қазақтың көрнекті жазушысы Софы Сматаев оның немере інісі болып келеді. Яғни, музыкалық дарын оған қанмен беріліп, туған топырақтан дарыған. Киіктіде Сыдық Мұхамеджанов атындағы мектеп, Ақадыр кентінде көшесі бар. Сыдық Мұхамеджанов туралы естеліктер жинағы дайындалу үстінде. Алдағы уақытта жарыққа шығады. Қазақ барда оның талантты ұлының есімі өшпек емес, – деді ол.

Әнші Кенжеғали Мыржықбаев композитордың бір туындысынан үзінді орындап, жиынды түйіндеді. Шараның соңы ұлы композиторды еске алуға арналған концертке ұласып, композитордың қызы Ләйла Сыдыққызы сөз сөйлеп, «Жұлдыздар аллеясының» Құрмет кітабына Сыдық Мұхамеджановтың есімін жазды.

– Әкем өнерге адал болды. Көптеген жауапты қызметтерде жүрсе де, музыкадан қол үзген емес. Тұла бойы сазға толы еді. Оған дарынды Жаратқан аямай берген. Көп ізденді. Шыңға жетті. Бір жазған дүниесін қайта өңдемейтін, толғанып барып, бір-ақ ақтаратын. Мәдениеті жоғары болды. Жастарға «Сіз» дейтін. «Қарындашым мен нота жазатын ақ парағымды о дүниеге алып кетсем ғой, шіркін», деп әзілдесуші еді. Айтқанын Жаратқан ием қабылдады ма, әйтеуір жазу үстелінде нота жазып отырып, фәниден бақиға аттанды. Ал, енді, әкеме осындай құрмет көрсеткен облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбекке, мәдениет саласының басшысы Еркебұлан Жұмакеновке, қарағандылықтарға алғысым шексіз, – деді қызы Ләйла Сыдыққызы.

Композитор опера, симфония, оратория, концерт, жеке ән, романс, хор, драмалық қойылымдар мен кинофильмдерге арнап көптеген шығарма жазған. Ол қазақ музыкасында жаңа жанрлардың негізін қалап, алғашқы ұлттық комикс операсының, алғашқы қазақ ораториясының, оркестрмен бірге дауысқа арналған концерт жанрының авторы ретінде тарихта қалды. Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаевтың, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кең дала» хоры «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерейдің, Еркеғали Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Петр Грибановтың дирижерлығымен композитордың классикалық туындыларын шебер орындады. Еске алу кешінен соң «Жұлдыздар аллеясында» классик композитордың «Жұлдыз белгісі» ашылды. Бұл мәртебеге Ләйла Сыдыққызы мен Ербол Әліқұлов ие болды. Осылайша, «Дос-Мұқасан» ансамблі, Мейірхан Адамбек, Мақпал Жүнісова және басқа да белгілі тұлғалардың жұлдыз белгісі орнатылған «Жұлдыздар аллеясы» қазақтың классик композиторы, ардақты жерлесіміз Сыдық Мұхамеджановтың «Жұлдызымен» толықты. Шын мәнісінде, облыстың мәдени өмірінде айтулы оқиғаның бірі есебінде өткен іс-шараны атақты композитордың 100 жылдық мерейтойына дайындықтың бастауы деп те айтуға болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button