Жаңалықтар

«…Неге тудым алтыншы атам Өсерден?!.»

Классиканы сахналауға кез келгеннің батылы бара бермейді. Өзегін сақтап, өз қолтаңбасымен ұсыну – зор ізденіс пен еңбекті талап етеді. Оның үстіне, ол – Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ «Қаракөз» трагедиясы болса. Осындай ерлікке қазақтың қаршадай қара қызы барды. Мәскеудегі Е.Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрының режиссеры Гүлназ БАЛПЕИСОВА өз командасымен аталған жауһар туындыны С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының үлкен залында сахналады. Премьера 8-9 сәуір күндері қатарынан аншлагпен өтті. Көптен бері көрерменннің дәл осылай театрға ағылғанын көрмеппін. Бұл жаңашылдыққа құмар көрерменнің індеттен кейін емін-еркін отырып, рухани шөл басқан тарихи күні болды. Трагедияның қойылымы өнер қарашаңырағының мерейтойлық 90-шы маусымы мен заңғар жазушының 125 жылдығына орайластырылған. Атақты режиссер – Арқа жеріне Сәкен театрының басшысы Құрман ҚАЛЫМОВТЫҢ арнайы шақыртуымен табаны тиіп отыр. Командада киім суретшісі – Иван ОСКОЛКОВ, жарық суретшісі – Нарик ТУМАНЯН, композитор – Олег СИНКИН, балетмейстер – Ильмира ИМАНҒАЗИНА бар. Қоюшы суретші – Қанат МАҚСҰТОВ.

Шынымды айтайын, біраздан бері мұндай 2 актілі, екі жарым сағаттық қойылым көрмеппін. Орын таппай қиналған жұрт екінші бөлімде саябырсымай, ауыз ашатын уақыттың жақындағанына қарамастан, тырп еткен жоқ.

Премьеараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысқанын атап айтқан жөн.

Рөлдерге келсек, Сырым бейнесін – Айдос Нұрмағамбетов, Қаракөз рөлін – Әнел Сағындықова, Наршаны – Бауыржан Нұрмағамбетов, Қаракөздің жеңгесі Ақбаланы – Гауһар Сағынғалиева, әжесі Мөржан рөлін – Нұржібек Жансүгірова сомдады.

«Қаракөз» трагедиясы бұған дейін де Сәкен театрында сахналанған. Бірақ, бұл жолы мүлдем бөлек, тың көзқарас бар. Қойылымның негізгі тақырыбы – махаббат. Махаббат болғанда да қасіреттісі. Яғни, бас кейіпкерлер Сырым мен Қаракөздің арасындағы тыйым салынған ессіз сезім. Олай дейтініміз – екеуі 7 атаға жетпейтін туыс. Қазақтың ата салты бойынша қан тазалығы сақталуы тиіс. Екеуі – Өсер руының 6-шы ұрпағы. Бұл екеуінің де өзегін тырнап, жанына тыныштық бермейді. Жандарын азапқа салады. Сырымның «Неге тудым алтыншы атам Өсерден?!.» деп өкінуін көрсеңіз, шын сезімнің құдіретін сезінесіз. Ал, Досан руының ауқатты жігіті Нарша да Қаракөзге ғашық. Жалпы, Қаракөзге сол маңның біразы ғашық. Батылы жетіп айта алғаны – екеуі. Наршаның досы Асан да Қаракөзді сүйеді. Мұны оның беташар айтқандағы эмоциясынан аңғардық.

Амалсыздықтан, Наршаға тұрмысқа шыққан Қаракөз тулап тұрған сезімді билей алмай қатты қиналады. Ауылда бір кезіккенде тәуекелге бел буып, Сырыммен қашпаққа бел буады. Осы сәтте ауылдағылар біліп қалып, айқай-шуға ұласады.

Осы жағдайдан соң, жыраққа кеткен Сырым жігіттерімен барымтаға бас қояды. Ашуын елдің малынан алады. Қызық-думан қуып, қайғысын ұмытқысы келеді. Әр дәуірдің өзекті проблемасына айналған жеңіл жүрісті «түнгі көбелектер» де бар. Олар қай кезде де болған. Қоғамның бұл бір жазылмас дерті десек, артық айтқандық емес.

Алайда, Наршаның бандасынан келген жігіттер Қаракөздің ауыр хәлде жатқанын жеткізеді. Алып-ұшып жеткен Сырым ақылынан адасқан ғашығын өз қолында әлдилеп отырып, ақтық сапарға шығарып салады.

Осылайша, бірі жынданып өліп, бірі сергелдең өмірдің күйін кешеді. Уақыт деген өлшемге бағынбайтын ғашықтар трагедиясын режиссер кешемен де, бүгінмен де үндестіре білген.

Гүлназ Тілекқызымен жұмыс істеу үлкен тәжірибе болды. Көп нәрсе үйрендік. Біразға дейін кім қандай рөл ойнайтынын да білмей жүрді. Кейін кейіпкерлер кастинг арқылы рөлдерге бөлінді. Жалпы, «Қаракөз» – өте ауыр трагедия. Мейлінше жүректен өткізіп, халыққа жеткізуге тырыстық. Сырымның мінезін ашуға күш салдым. Соңында көрермен қол соғуын тоқтатпай көп тұрды. 5 рет шығып иілдік. Соған қарағанда белгілі бір деңгейге жеттік деп ойлаймыз. 3 айға жуық дайындық өте қызықты өтті, – дейді Айдос Нұрмағамбетов.

Қойылымның елең еткізер ерекшелігі – заман талабына сай режиссердің өз қолтаңбасы бар. Ұзақ классиканы өз қалпында беру ауыр болар еді. Оның үстіне, Әуезовтей заңғар жазушының туындысын икемдеу қиын екенін ұғасыз. Бір қарағанда қабылдауға өте ауыр. Ал, режиссердің тосын шешімдері сол түйіннің шешімін дәл тапқан. Яғни, махаббат трагедиясын – трагикомедияға икемдегендей көрінді. Жылап отырып, күлесіз. Еріксіз жымиясыз. Дәуір тынысынан хабар беретін ащы сатира еріксіз күлдіреді. Ессіз күлкі емес, ауыр күлкі.

Әйтпегенде, елді жалықтырып алуы әбден мүмкін еді. Сонысымен тартымды болды. Ғашықтық пен алдыңғы буын һәм жас буын арасындағы түсініспеушілік дәстүр мен сезім қайшылығы – өзектілігін жоймайтын тақырып. Сол идея бүгінгі күн талабы тұрғысынан өз көрерменіне жетіп жатты.

Өте жауапты роль Қаракөзді ойнадым. Бұл – барлық театр әртістерінің арманы. Үлкен жауапкершілікті сезіндім. Алғаш рет Қаракөз рөлін сомдаған Зәмзәгүл Шәріпова екен. Сондықтан, талмай еңбектендім. Басында біз үшін де әсіресе, үлкен буын актерлерге қиын көрінді. Кейін бой үйренді. Режиссерге үлкен алғыс айтамыз, – деп атап өтті Әнел Сағындықова.

Сәукеле кигізу, сыңсу айту, ұзату, жар-жар, беташар сынды салт-дәстүрлер өз орнымен орайластырылыпты. Тағы бір айта кетерлігі, режиссердің шешімдері сіздің ойыңызды дөп басып отырады. Ауытқуды байқамайсыз.

Жастардың талғамы көбірек ескерілгені көзге ұрып тұр. Өйткені, екі жастың оңаша қалғандағы оттай ыстық сезімі, алғашқы неке түнінде Наршаның құшағына Қаракөздің сыймауы, қазақ қызының шариғат заңы бойынша некеге адалдығы барлығы – жастар үшін жұтылып кетердей жасалған.

Соңында екі ғашық қосыла алмай арманда кеткенде жылап отырған жастарды көріп, махаббат дейін ұлы сезімнің уақыт таңдамайтынына көз жеткіздік.

Тіпті, кей тұсында кейіпкердің киімін шешіп тастағанына ыңғайсыздансақ та, қалыптан аспай, әдемі қойылым көрсетті жастар. Таңдалған әрбір роль өз жүгін сәтті алып шықты деуге толық негіз бар.

Тағы бір ерекшелігі – мұнда көп сөзден қашу байқалды. Адамның жанындағы арпалысқан сезімдер музыка арқылы, жарық арқылы, әртүрлі қосымша эффекттер арқылы бізге жетіп отырды. Мысалы, Сырым неке түнінен кейін Қаракөздің адалдығына көзі жетсе де, оның жүрегінде өзіне орын жоқ екендігін сезіп, өзін қоярға жер таппайды. Ауыр сөзден қашып, жүгіре береді, жүгіре береді. Шаршап, шалдыққанша тоқтамай ішкі өксігін басады.

Бізді таң қалдырған тағы бір дүние – костюмдер. Өте шебер тігіліпті. Режиссердің костюм бойынша сүретші болғанын бұған дейінгі сұхбатта айтқан едік. Өзімен ала келген костюм суретшісі жүктелген міндетті толық ақтапты. Наршаның – ауқатты, Сырымның қарапайым отбасынан шыққанын киім көрсетіп тұр және қойылымның әр тұсындағы түрлі костюмдер көрерменнің ішкі қызығушылығын туғызып, әрлеп отырды.

2 актілі қойылым 6 суретке бөлініп, көрерменнің санасына сіңіп жатқанын көрдік.

Декорация – қазақтың сайын даласы. Қу ағаштан басқа түк жоқ. Жұтып жіберердей қою қараңғылық. Қуанғанда жұлдыздар жарқырай түседі, мұңды тұсында тастай қараңғылық тұмшалайды.

Трагедиядағы Нарша бейнесі өте ауыр және өте жеңіл болды. Қиын болғаны – таңғы 10:00-ден түнгі 22:00-ге дейін жұмыс істедік. Ондай режимге біздің әртістер үйренбеген. Жарты айдан кейін бейімделе бастадық. Жеңіл болғаны – Гүлназ ханым Қазақстанды қатты сағынған. 14 жылдан бері келмеген екен. Қазақтарды, қазақ театрын сағынған. Қанша қатал болса да, бізбен махаббатпен жұмыс істеді. Біз де махаббатпен жауап беруге тырыстық. Бір ерекшелігі – пьеса қысқартылған жоқ. Сонысымен құнды әрі түсінікті болды деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Нұрмағамбетов.

Қойылымның қорытындысында ауыл сыртындағы қу ағаштың түбіндегі домбыралар көзге ілікті. Бірақ, олар қараусыз жатқан еді. Оны біз дәурені өткен серілік деп топшыладық.

Сюжет соңында өмірден өткен Қаракөз махаббат символына ескерткішіне айналды. Оған біздің дәуірдің жастары келіп, тілек тіліп, құлып іліп кетіп жатты. Өйткені, Нарша Қаракөздің өлер сәтінде оның үстін кішкентай құлыптармен көмкеріп тастайды. Оны біз кілті табылмаған махаббат деп ұқтық.

Аяғында Қаракөздің сәукелесін алып, Сырымның шатақ мінезді есер досы ішіндегі алқызыл гүлді жеп қояды. Бұл досының қолы жетпеген махаббатқа білдірген назы болса керек. Басқаны қайдам, біз солай топшыладық.

Спектакльде Жабай мен Жарылғап, Тойсары рөлдеріндегі аға буын Кеңес Жұмабеков пен Қайрат Кемалов, орта буын Мадияр Қойшығариннің айтатын сөзі көп емес, бірақ олар сахнада үнсіз тұрғандарымен, көздің қиығы, қолдың сілтеуімен, басты бұғып, желкені қасып, иіліп-бүгілумен-ақ талай нәрсені аңғартып тұрды. Жалпы, «Қаракөз» трагедиясы Сәкен театрының жас артистерімен қатар, үлкендерінің де соңғы екі-үш айда үлкен шеберлік мектебінен өткендіктерінің нәтижесі. Театр әртістерінің көптеген қыры ашылып, бұғып жатқан таланттары оянғандай. Әнші, бишілікпен бірге дене пластикасы мен сахнада жеңіл жүру, қимыл арқылы көрерменге ой салу. Демек, режиссердің әртістерді тамыршыдай тап басып, тани білгендігі, мақсаты мен тапсырмасын түсіндіре, ұғындыра, орындата білгендігі. Ал бұның өзі аз дүние емес, – дейді ардагер журналист Сағат Батырхан.

Осылайша, дәстүр мен махаббат арасындағы селт еткізер сезім хикаясы санаға сіңіп, жүрекке терең ұялады. Мұны көрген жастар өзіне қажеттісін алары анық.

Шыны керек, өз басым әлі сол қойылымның ішінде жүрмін. Құлағымда трагедияда шырқалған мұңлы әуендер ойнап тұр…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button