Велошабандоз Ернат МЕЛСҰЛЫ Түркияға жолға шықты
Ернат МЕЛСҰЛЫ. Иә, бұл есіммен көзі қарақты оқырман жақсы таныс. Әсіресе, біз велошабандоз ретінде үнемі насихаттап отырамыз. Белгілі журналист, аудармашы Ернат сіздерді бұл жолы осылай таң қылмақшы. Астындағы «Сұржекейімен» (велосипедін солай атайды) Түркияға жолға шықты. Халықаралық велошеру Алаш елінің рухани көсемі Ахмет бабамыздың рухына арналғандықтан марафоншы дәл Ахаңның туған күні кіндік қаны тамған жерінен атқа қонды. Біз, әрине ақ жол тілеп, жерлесіміздің тілеуін тілеп отырамыз.
Велосаяхатшы «Ақкөл – Сарытүбек – Торғай – Әулиекөл – Қостанай – Ақтөбе – Атырау – Ақтау – Құрық – Баку – Тбилиси – Анкара – Ыстамбұл» бағытында белесебетпен жүріп өтетін болады. Абай атамыздың «Толық адам» идеясын адаспас темірқазығына айналдырған Ернат Мелсұлы велошерудің соңғы нүктесін Ыстамбулдағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, құран бағыштаумен аяқтамақшы.
– Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналған халықаралық велошеруді Ұлт ұстазының кіндік қаны тамған жер – Ақкөл, Сарытүбектен туған күніне қарай 5 қыркүйекте бастадым. Сапарды негізгі іс-шаралар өтетін аудан орталығы Торғайда жалғастырып, Амантоғай, Әулиекөл, Қостанай, Ақтөбе, Бестамақ, Атырау, Ақтау арқылы жүріп, Құрық теңіз айлағына барып тоқтаймын. Ол жерден кемеге отырып, Каспий теңізінен өтіп, Бакуде теміратыма қайтадан ер саламын. Әрі қарай Гәнжә қаласына соғып, Грузия астанасы Тбилисиден Кутаиси арқылы Қара теңіз жағасындағы Батуми және Түркияның Ризе, Трабзон, Орду, Самсуннан өтіп, Анкараға жетсем деймін. Ататүрікке тәу етіп, велошеруді Ыстанбұлдағы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратында түйіндесем деген ниетім бар, – дейді велосаяхатшы.
Өзінің жобалауынша, Қазақстаннан бөлек 3 мемлекеттің аумағында өтетін сапарға 55 күн кетуі мүмкін. Шатаспасақ, шақырымы да – 5555. Ал, жолға шыққан күні – 5 қыркүйек. Сан үйлесімі велошабандозға сәттілік әкелсін деген тілек білдіреміз.
«Велошеруге жалғыз қатысамын. Соло тәсілінде өтеді. 2 айға созылатындықтан, әркімнің уақыт, қаржы, жұмыс, отбасы жағынан мүмкіндігі бола бермейді. 55 күнде 5555 шақырымды еңсерсем деп ойлаймын. Ахмет атамызды ұлықтаудан басқа елімізбен Әзербайжан, Грузия, Түркиямен арада дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толу мерейтойын насихаттауға да үлес қоссам деген ниетім бар. Бұдан басқа, Баку, Тбилиси, Анкара, Стамбұлдағы Абай Құнанбайұлының атындағы көшелерді көзбен көріп, ескерткіштеріне тағзым ету де – басты мақсатым. Осы қалаларда Қазақстан елшілігі арқылы кездесу-сұхбат жасап, ағылшын тілінде хакім Абайдың «Толық адам» идеясын насихаттасам деймін»,– дейді Ернат Мелсұлы.
Ернат Мелсұлы сапарда жүргенімен қоса, әлеуметтік желіде де белсенділік танытуда. Арнайы тікелей эфирге шығып, жолжазба қалдырып отыр. «Бір Құдайға сыйынып, Ахмет ауылындағы Ахмет мектебінің басшысы ақ жүрек Қанат Сәпенов ағамыздың үйінен шықтық. Көршілері де ақ бата тіледі. Сөре – Ахмет атамыздың кесенесі» депті бүгінгі жазбасында. Велошабандозымыз баба рухына тәу етіп, сапарын әрі қарай жалғайды. Мойнына осыншама жүк артып, алдына үлкен мақсат қойған Ернатқа тағы да ақ жол тілейміз. Алда – алыс жол. Алар асуы көп. Біз өз кезегімізде Ахаң туған топырақтың тұрғындарына ерекше ілтипат білдіре кетпекпіз. Жерлесімізді арнайы ақжол тілеп, шығарып салғандары үшін. Және сапарынан жолжазбаны үзбей жариялап отырмақшымыз, мәртебелі оқырман.
Қасымхан ҒАЛЫМ.