Нұра

Астықты өңірдің жылнамасы

Биыл Нұра аудандық «Нұра» газетіне 90 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар басылым алғаш жарық көрген күнінен-ақ, аудан тұрғындарының ең сүйікті және іздеп оқитын газетіне айналды. Оқырманға анық ақпарат таратып, халықтың ыстық ықыласына ие болды. Сол биігінен бір сүйем де төмендеп көрген емес.

Тоқсан жыл бойы басылым дәуірмен үндесе жарық көріп келеді. Заман ағымына қарай аудандық газеттің атауы да, мазмұны да өзгеріп отырды.

Газеттің алғашқы атауы – «Сталин жолы». Кейін «Жаңа жол» – «Новый путь» атауымен екі тілде жарияланып келді. Ал, бұдан кейінгі уақыттарда сол кезең талабына сәйкес «Сельский труженик», «Нуринский хлебороб» атауларымен де шықты.

Қазіргі «Нұра» атауына 1994 жылы ие болды. Қазақ және орыс тілдерінде оқырманға ойлы дүниелерін ұсынып келеді.

Байырғы басылымда есімі елге белгілі қаламгерлер еңбек етті. Бұл журналистер өңірде мектеп қалыптастырып, бірнеше буын қалам иелерін тәрбиелеп шығарды. Басылымда Дәулетбек Әкімбеков, Ағымбай Әлмағамбетов, Боташ Бекмағамбетов, Петр Назаркин, Айгүл Омарова сынды тәжірибелі қаламгерлер қызмет етіп, ел аралап, ауыл тынысын, ауыл өмірі мен ауыл еңбеккерлерінің жетістіктерін кеңінен жариялап отырды. Соның арқасында газет оқырмандар арасында абыройлы болды.

Менің аудандық газетпен байланысым сонау 1985 жылдан басталады. Ол кезде мен аудандық білім беру бөлімінде әдіскер болып қызмет етемін. Біз мұғалімдердің озат тәжірибелерін осы аудандық газет арқылы белсенді таратып, насихаттаушы едік. Сөйтіп, штаттан тыс тілші атандым.

Кейін қызметім аудан әкімдігіне ауысты. Әкімдіктегі қызметтен соң аудан әкімінің тағайындауымен газетке бас редактор болдым. Бұл – 2007 жыл еді.

Газетке мақала жазу бір де, газетті баспаға дайындау – ерекше білім мен қабілетті қажет ететін жұмыс екен. Ол кезде ақпараттық технологиялар аса дами қоймаған кез, газет Қарағандыдағы «Арко» баспаханасында басылады. Біз барлық материалды жібереміз, баспаханада беттеледі. Баспаханада екі қызметкер отырады. Жалақы төлейміз. Жұмыстарына салғырт қарағандықтарынан кейде бірінші бетке салынатын материал басқа бетке ауысып кететін жағдайлар кездесіп тұрды. Аталған жағдай қайталана берген соң біз газетті редакцияда компьютерде теріп, беттеуге тырыстық. Арнайы бағдарламасын іздеп тауып, үйрендік. Ол кездегі жұмыста бағдарламашы Александр Матвеевтің еңбегі зор. Бұл – біз үшін үлкен жетістік еді.

Газеттің дизайнын өзгерттік, мазмұнын байытуға баса мән бердік. Елмен етене араласып, ауылдарға жиі шығып, еңбеккер өмірін барынша көрсетуге бет бұрдық.

Облыстық газеттерден көп үйрендік. Әсіресе, «Орталық Қазақстан» газетінің тігінділерін ұдайы ақтаратынбыз. Ол кезде газеттің біздің аудандағы кураторы марқұм Тлеуғабыл Байтұрсын еді. Өте ақкөңіл, елгезек жан болатын. Мен де маза бермей жиі телефон шалып тұратын едім. Жол көрсетіп, үлкен көмек көрсетті.

Аудандық газет – аудан айнасы. Халық пен билік арасын жалғаған алтын көпір. Өңір шежіресі газет беттерінде тасқа басылғандай мәңгі қалмақ.

Мерейтойың құтты болсын, сүйікті «Нұрам»!

Бикен АХМЕТОВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button