Қарағанды облысында 2700-ден астам бизнес-жоба қолдау тапты
Биыл Қарағанды облысында бизнесті дамытуға 14 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 2700-ден астам жоба қаржыландырылды. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек кезекті XVII сессияда облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беру кезінде айтты.
Осының есебінен өңірде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының өсуі қамтамасыз етілді.
– Өңірлерде жалпы сомасы 78 миллион теңгені құраған гранттарды 75 жас кәсіпкер, ұлттық жоба бойынша – 135 адам алды. Бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 6,9%-ға артты, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Биылдан бастап бизнесті қаржылай және қаржылай емес қолдаудың барлық құралдары кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға біріктірілді.
Жыл соңына дейін бизнесті қолдаудың жаңа өңірлік бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлер микронесиені жеңілдетілген мөлшерлемемен ала алады. Ол бизнестің табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
Жеңілдікті микронесиелер әлеуметтік кәсіпкерлікті, креативті индустрияларды, туризмді және өңдеу өнеркәсібін қолдауға берілетін болады. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық бизнес-идеяны қолдау жоспарланып отыр.
Өңір экономикасында оң динамика қамтамасыз етілді. 8 айда инвестиция көлемі 364,6 млрд теңгені құрады. Оның 91,5 % – жеке меншік. Облыста барлығы 55 инвестициялық жоба іске асырылуда. 13 500-ге жуық жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ, биыл өңірде 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу және бюджет есебінен мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыста кеншілерге, металлургтерге және 35 жасқа дейінгі жас мамандарға арналған ипотека сияқты жеңілдікті кредиттеудің түрлі бағдарламалары белсенді жұмыс істейді.
– Проблемалық мәселелер жүйелендіріледі, оларды шешу жолдары пысықталады. Бірлесе отырып біз экономиканың даму қарқынын сақтап, өмір сүру сапасын және халықтың табысын арттыруды қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Депутаттар әкімнің есебін мақұлдады. Өңірді одан әрі дамыту үшін болашаққа әлеуетті жоспарлар мен ортақ міндеттер белгіленді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.