Руханият

Күлкіде – жұрт үні

Достық үйінде Күлкі күніне орай облыстық Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты дәстүрлі әзілкештер фестиваль-байқауы өтті. Ұйымдастырушы – облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы.

Аталған байқауға Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа аудандары мен Теміртау және Қарағанды қалаларынан «Көңілді тапқырлар» (КВН) номинациясына 13 құрама және «Әзілге толы әнгіме» (STAND AP) аталымына 10 жеке орындаушы қатысты.

Қазақтың белгілі қаламгері, талантына сатираның серкелері таңдай қаққан Мартбек Тоқмырза ағамыздың өмірден өткеніне де 10 жылдан астам уақыт болды. Көзі тірісінде шәкірт тәрбиелеумен қатар, 15 сәуірде «Қозы көрпеш – Баян сұлу» күнін, 1 сәуір Күлкі күнін тойлауды да алғаш қолға алғандардың бірі еді. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілді тұғырына қондыру жолында бір кісідей тер төгіп, ел игілігі үшін қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін. Өте патриот, атпал азамат еді. Одан көп нәрсе үйрендік. Осы фестиваль-байқау да Мартбек ағамыздың есімін ұлықтау, шығармаларын насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз, – деді қазылар алқасының мүшесі, сатириктің шәкірті Күнтуған Охан.

Бұл шара індет басталмай тұрып, бірнеше рет өтті де, кейін карантин кезінде онлайн форматта жалғасын тапты. Бұған дейін «Мартбек марғасқа» атты Мартбек ағамыз жайлы кітап шығарылғанын атап өткен жөн. Биыл көптен көріспеген әзілкештер бас қосып, еркін көсілді. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып, бақ сынады десек артық айтқандық емес. Топтық сайыста көбіне мектеп оқушылары қатысса, жеке сында үлкендер да бағын сынады. Қатысушылар Мартбек ағамыздың да шығармаларын әзіліне арқау етті.

Мемлекеттік тіл мәселесі, жастардың әскерге барудан қашу жайы, қызтеке болған жігіттер және басқа да отбасылық әрі маңызды мәселелелер ащы сатираның сын садағына ілінді. Десек те, ептеп дайындықтың аздау болғаны да көзге ұрып тұрды. Алайда, бұл – ауылда жүрген таланттардың өзін көрсетуіне жол ашатын байқау.

Сондай-ақ, шарада Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігіт Мартбек Тоқмырзаның өмірі мен шығармашылығын есіне алып, есті естеліктерімен бөлісті. Бірге жұмыс істеген сәттеріне һәм аталған фестивальдің мән-маңызына тоқталды.

Қазылар алқасының құрамында болған Қазақстан КВН одағының Вице президенті – Жомарт Әбіш, облыстық «Жайдарман» ойындарының чемпионы, шоумэн – Заңғар Әбілжанов, Мартбек Тоқмырзаның шәкірті – Күнтуған Охан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.

«Көңілді тапқырлар» номинациясында I орын – «Қызылқой» ауыл құрамасына (Шет ауданы), II орын – «Жаңаарқа» құрамасына (Жаңаарқа ауданы), III орын – «Тәттімбет» жастар тобына (Қарқаралы ауданы Тәттімбет ауылы) бұйырды.

«Әзілге толы әңгіме» аталымында I орынды – Аманолла Шайбеков (Ақтоғай ауданы),

II орынды – Қуандық Қадыров (Қарағанды қаласы), III орынды – Ерқанат Меней (Теміртау қаласы) жеңіп алды. Ерқанат Меней өзінің түрлі дыбыстарды салуда шебер екенін байқатты.

Ал, Мартбек Тоқмырза атындағы кубокты қарсыластарынан оқ бойы озық келген «Гәйкібастар» әзілкештер тобы (Шет ауданы, Ақадыр кенті) иеленді.

Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификат табыс етілсе, қалған қатысушыларға қатысқандары үшін Алғыс хат табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button