Жаңалықтар

Ғашықтар күнін тойлайсыз ба?

«Ғашықтар күні» десе, Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек сынды бір-біріне қосыла алмай арманда кеткені мұңлықтар жайындағы махаббат хикаясы еске түседі. Егер, ғашықтық сезімі болмаса, жер бетін жауыздық қаптап, тіршіліктің астан-кестені шығары анық. Демек, бұл мейрам бізге – ауадай қажет. Бұған дейін 14 ақпанда тойланып келген «Әулие Валентин» қашаннан бері 15 сәуірге ауысты? Оның насихаты ойдағыдай ма? Елдің көзқарасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітбекпіз.

Иә, бала күнімізде біз де Әулие Валентин күнін тойлайтынбыз. Сыныптың қыздарына жүрек пішіндес хаттарды жолдап, кішігірім сыйлық апарып, бойымызды бір тәтті сезім кернеп жүруші еді. Өсе келе бұл мазасыз сезімнің – махаббат деп аталатынын, бірін-бірі сүйген жандарды ғашықтар дейтінін білдік.

Тәуелсіздік алған соң етек-жеңімізді жиып, жоғымызды түгендеуді бастағанда Әулие Валентин күнін тойлаудың дұрыс еместігін ұқтық. Қазақтың тарихында да мәңгілік махаббаттың символына айналған ғашықтар баршылық. «Солардың пәк сезімін неге насихаттамасқа?» деген ой туындады. Бірақ, бұл мәселені алғаш кім ұсынғаны жайлы түрлі дерек бар. Кей ақпарат көздеріне жүгінсек, 1999 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұсынғанын айтады. Алайда, еліміздің әр аймағында тойлау уақыты әр түрлі болған. Мәселен, Таразда «15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні», Семейде «11 наурыз – Баян күні», ал Қызылордада «19 мамыр – Қозы күні» деп тойлана бастапты.

Ал, белгілі ғалым, абайтанушы Омар Жәлел бұл мейрамның тұңғыш рет Арқа жерінде бастау алғанын алға тартады.

2006 жылы марқұм сатирик досымыз Мартбек Тоқмырзаның ұйымдастыруымен алғаш рет Қарағанды университеті филология факультетінің 13 акт залында тойланды. Мартбек халқымыздың дәстүріне, дініне жат Валентин күніне жан-тәнімен қарсы шықты. Құр қарсы шығып, байбалам салу дұрыс еместігін жете түсініп, оған альтернатива ретінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін ұсынды, – депті Омар Жәлел ағамыз бір сұхбатында.

Осыдан кейін 2012 жылы Алматыда бұл мейрам қайта жаңғырып, белгілі журналист Серік Аббас-Шахтың бастамасымен Алатау баурайында «Бозбала мен бойжеткен» байқауы өткен.

Байқасақ, соңғы жылдары бір қалыпқа түсіп, бірыңғай 15 сәуірде Ғашықтар күні тойлана бастады. Бұған дәлел ретінде еліміздің әр аймағында түрлі деңгейде өтіп жататын ауқымды шараларды айтуға болады. Осылайша, бұл мереке жалпақ жұртқа кеңінен насихатталуда.

Атап айтсақ, әр жылы «15 сәуір – Ғашықтар күніне» орай Республика сарайында отбасылық дуэт ән орындаушылары арысында үлкен концерт өтеді. Оған Арқа жұртының намысын арқалап, елдің сүйікті әншілеріне айналған жұп Аманкелді мен Зағыпыран қатысып қайтады. Осы концерттің арқасында еліміздің әр өңірінде көрінбей жүрген отбасылық дуэттер елге танылып, өз өнерін паш етуге мүмкіндік алуда.

Енді «таяқтың екі ұшы болады» демекші, мәселенің екінші жағына зер салайық. Жалпы, ғашықтар күні дейтін мерекені жарияға жар салып тойлаудың аса қажет еместігін, оның екі адамның арасындағы шаруа екендігін айтатындар да бар.

Мен бұл мерекені аса түсінбеймін. Іштей ұнатпай тұрамын. Өйткені, оның арғы жағында аты аталмаса да, Валентин күні тұр. Қазақша көшірмесін жасағанмен түбі белгілі. Батыс не болды, Валентин күнін тойлай-тойлай? Соңында түгел шешініп тынды. Махаббатты өлтірді, жерледі. Махаббат жоқ қазір оларда, махаббат киімсіз, тыр жалаңаш жүр Батыста. Сондықтан да, өзім онша құптамаймын. Өйткені, ешкімге жария етпей-ақ, өмір бойы бір-біріне ғашық болып, қол ұстасып келе жатқан жандарды білемін. Өсіп-өніп жатыр, – дейді ақын Мүсіркеп Сейдахмет.

Әркімнің өз ойы болуы – заңды. «Өз ойы, жеке пікірі жоқ адамнан қорқу керек» деуші еді ұстазымыз Мәуен Хамзин. Сондықтан, біз үшін әркімнің пікірі маңызды. Осы жағын ескеріп, жастардан да сұрастырып көрдік. Олардың арасында да бұл мерекені құптайтындар мен аса ұнатпайтындар бар.

Бұл мерекеде біз шынайы сүйіспеншіліктің, саф махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның сезімге адалдығын есімізге түсіреміз. Адалдық пен зұлымдықтың ара-жігін ажыратамыз. Онсыз да тас бауыр болып бара жатқан заманда осындай мерекелер бізге керек. Бұдан бөлек, сүйіп қосылған ғашықтар күйбеңмен жүріп, бір-біріне көңіл бөлуді естен шығаруы мүмкін. Ал, ғашықтар күнінде олар бір-біріне сый жасап, танысқан күндерін есіне алып, сезімдерін қайта жандандырады. Сондықтан, өз басым бұл мерекені құптаймын, – дейді ҚарУ-дың I курс студенті Мөлдір Мұратбаева.

Бір-бірін сырттай ұнатып жүрген жандар осы мерекені пайдаланып, сезімін білдіріп, отау құратындары да кездеседі екен. Осы жағынан алып қарасақ, бұл мейрам тек жастар арасындағы атаулы күн ғана деген пікір де туындайды.

Ал, Қарағанды қаласының тұрғыны әлі үйленбеген бойдақ жігіт Ерболдың айтуынша, ғашықтар күнін тойлаған жақсы. Бірақ, оны не үшін тойлаудың мәнін білген жөн екен.

«Мәселен, Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін тойлап жатамыз. Ал, шын өмірде олар бір-біріне қосыла алмаған ғой. «Махаббат деген – қосылмау» деген де сөз бар. Сонда біз Қозы мен Баянның қосыла алмағанын тойлаймыз ба, әлде оларды еске алу күні ме бұл? Шынымды айтсам, түсініксіздеу мереке мен үшін» – дейді ол.

Қарап отырсақ, ел арасында Ғашықтар күні мерекесін тойлау туралы әр түрлі пікір бар. Біздіңше, бұл мерекені тойлаудан бір терең астар іздеп қажеті жоқ. Валентинді тойлаудан тиылу үшін Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін атап өту орынды сияқты. Сосын әркімнің ниетіне де байланысты болар. Ешкім бұл мерекені жаман ниетпен тойламасы анық. Келе-келе жалпыхалықтық үлкен мерекеге ұласуы да мүмкін ғой. Бастысы әлемді сақтап тұрған махаббат дейтін киелі сезімге адал болайық. Бұл – біздің пайым.

Ал, Сіз қалай ойлайсыз?

Жәлел ШАЛҚАР. 

Басқа материалдар

Back to top button