Жаңалықтар

9 сәуір – Қазақтың ұлттық тағамдары күні

Халқымыз қашаннан да әр үйдің берекесі саналатын асты қатты қадірлеген. «Алтын, күміс тас екен, арпа бидай ас екен» дейтін халқымыздың «ақты жерге, суға төкпе» дейтін тыйымдары да баршылық. Жалпы алғанда қазақтың төл дастарханының сәні қымыз бен құрт-ірімшік, шелпек пен бауырсағымыз, асылған жылқы еті қашаннан да мәдениетіміздің бір көрінісі, ұлттық құндылығымыз екені даусыз.
2019 жылы Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен осы сынды ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі жобасы қолға алынған болатын. Осы Қазақ күнтізбесінде 9 сәуір – Қазақтың ұлттық тағамдары күні болып белгіленді. Осыған орай «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club»-ның ұйымдастыруымен қаламыздың Орталық саябағында осы атаулы күнге орай арнайы мерекелік акция ұйымдастырылды. Биыл осымен үшінші рет қолға алынған шараның мақсаты өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау болып табылады. Акция шеңберінде мерекелік концерт өткізіліп, онда Әбілдиндер отбасының мүшелері Ермекұлы Ерсұлтан және Елназар халық күйлерін орындаса, астанадан келген жас өрендер Бейсенқызы Інжу және Ұлданай сахна төрінде жұтшылыққа өз әндерін тарту етті.

Сонымен қатар жиналған елге қазақтың ұлттық ас мәзірлері бауырсақ пен шелпек таратылды. Ал шара соңында ұйымдастырушылар мерекелік шара барысында өнер көрсеткен жас өрендер мен шараның ұйымдастырылуына белсенді атсалысқан бір топ азаматтарға естелік сыйлықтарды табыстады.

Басқа материалдар

Back to top button