«Бабаларым, рахмет сендерге!..»

«Бабаларым, рахмет сендерге!» деп жырлаған екен Мұқағали МАҚАТАЕВ. Бұл – күллі қазақ баласының ата-бабасына айтқан алғысындай. Жеңістің 77 жылдығына орай «Сарыжайлау» кинотеатрында өткен «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты танымдық-мәдени іс-шара да осындай ізгі мақсатты көздеді. Ардагерлер мен қала тұрғындары, студенттер қатысқан кеш тарих қойнауына жетелей түсті.

Күн сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс және тыл ардагерлері мерекелік кездесу кештің құрметті қонақтары болды. Оларға сол сұрапыл жылдарда тылдағы жанкешті еңбек туралы «Қарағанды шахтерлерінің еңбек ерлігі» видеофильмі көрсетілді.

Деректі фильмде қарағандылық кеншілер мен тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі хақында айтылды. Оған көптеген тарихи деректерді қамтуға тырыстық. Тарихты ұмтыуға болмайды. Оны жаңғыртып, ұрпаққа үлгі ету керек. Бұл шара сондай ізгі ниеттен туды. Фильмді ардагерлер һәм сала мамандары бірігіп жасадық, – дейді Қазақстан халық партиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы Виктор Чайка.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова деректі фильмнің жас ұрпақ үшін ауадай қажет екендігін атап айтты. Шараға қатысқан ардагерлерге Ұлы жеңіс жолындағы ерен еңбегі мен ерлігі үшін алғысын жеткізді.

Шараның соңында академиялық музыкалы комедия театры мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің күміс көмей әншілерінің патриоттық әндер шырқап, елдің көңілін марқайтты.

Отандастарымыз қан майданда да, тылда да Жеңіс күнін жақындата түсу үшін ерен еңбек етті. Соғыс жалғасқан төрт жыл көлемінде Қарағанды шахтерлері 34 миллион тонна көмір өндіріп, оның басым бөлігін майданға жөнелтіп отырды. Халық күн-түн демей еңбек етіп, бар жиған-тергенін майданға жөнелтті.

Бүгінгі бақытты ұрпақ қаһарман ата-апаларының алдында, шейіт болған батырлардың рухы алдында мәңгі бас иіп, тағзым етеді!

Жәлел ШАЛҚАР.