Балалар жылы

Bala Qorgau интернет-ресурсы іске қосылды

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Балалар жылы аясында Bala Qorgau интернет-ресурсын іске қосты. Енді мектептерде QR-коды және Bala Qorgau сайтының https://bala.gov.kz мекенжайы жазылған арнайы тақтайшалар орнатылуда. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

QR-кодты сканерлеу арқылы оқушылар Bala Qorgau сайтына өтіп, сұрақтарын қоя алады. Оқушылар мен ата-аналар да жасырын түрде көмек сұрап, білім беру ұйымдарындағы заңсыз әрекеттер туралы мәлімдеуге мүмкіндігі бар. Өтініш берушілердің аты-жөні мүлде аталмайды. Оған кепілдік беріледі.

Құзырлы орынның мәлімдеуінше, бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматының бірнеше мектебінде осындай QR-тақтайшалар орнатылған. Алдағы уақытта басқа да білім беру ұйымдарына қою көзделуде.

Қазірдің өзінде осы жүйе арқылы 100-ден астам өтініш түскен. Оның басым бөлігі балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас мәселелеріне қатысты екен.

– Bala Qorgau сайты оқушылардың қолдау тауып, өздерін қауіпсіз сезінулері үшін жасалған. Әртүрлі жағдайларға тап болған балалар көбінесе өзін қалай ұстау және кімнен көмек сұрау керегін білмейді. Буллинг фактілерін кімге хабарлау керегінен де беймәлім. Енді оқушылар QR-кодты сканерлеп, бізбен байланыса алады. Сөйтіп, оларға қажетті кеңеспен қатар психологиялық көмек көрсетіледі, – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.

Балалардың сұрақты ашық та, жасырын да жолдай алады. Ол үшін веб-сайтта өтініш қалдыру керек. Содан соң кеңесшілер кері байланыс жасап, балалар мен ата-аналардың сұрақтарына жауап береді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button