Осакаров

Жолдың 81 шақырымы жөнделді

Жарым ғасыр жөндеу көрмеген Осакаров ауданы мен Молодежный арасындағы жол жөнделуде. Бойында ондаған елдімекені орналасқан күре жол қарақұрым елді әбігерге салған. Қарағандыға, Астанаға жол жүру қияметке айналып, жұрттың уәжін жергілікті атқарушы билік толық орындай алмай дағдарған. Мемлекет басшысының жол сапасын жақсарту туралы тапсырмасынан соң облыс деңгейіндегі жолдардың бойына қан жүгірді. Тәулігіне кемі 2 мыңға жуық көлік қатынайтын жолдың 81 шақырымы бүгінде жөнделіп үлгерді. Қалған бөлігі 2023 жылы аяқталмақ.

Сурет интернеттен алынды

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Владимир Кимнің айтуынша аталған жолдың техникалық регламентке сай болуы – күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұл тарапта жұмыс жалғасуда. Мәселен, биыл жол жиектері көтеріліп, аталған асфальттің екі қабаты төселді. Ал келер жылы жол төсемінің соңғы үшінші қабаты жабылады. Жолға мердігер 5 жыл кепілдеме беріп отыр. Аталған жұмыстарға 200-ге жуық адам мен 100-ден астам техника тартылған. Жобаның жалпы құны 4 млрд.теңгені құрайды.

«Үш қабатты жол төсемі салынады, асфальт қалыңдығы 8,6 және 5 см 3 қабатты жол төсемінен тұрады. Бірінші учаскеде 3 су өтетін құбыр жасалған, мында 16 су өткізгіш құбыр іске қосылған», – дейді мердігер компания өкілі Мәди Дадиев.

Биыл Қарағанды облысында 1 200 шақырымға жуық жол жөнделді. Оның 350 шақырымнан астамы облыстық маңызға ие. Барлық жоспарланған міндеттерді іске асыру үшін жол-құрылыс маусымында 3 мың техника, 59 асфальт зауыты жұмылдырылды. 5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button