Руханият

Ән падишасы ұлықталды

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Өнермен өрнектелген өмір» жобасы аясында Қазақстанның халық әртісі, Халық қаһарманы Роза БАҒЛАНОВАНЫҢ 100 жылдық мерейтойына арналған «Жарты әлемді тамсандырған бұлбұл әнші» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.Онда Роза Тәжібайқызының өмірі мен шығармашылығы хақында тың деректер айтылды. Шараға С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің, №104 гимназияның оқушылары қатысты.

Музыкалық кешке арнайы Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әндерімен келген Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері Нұрбол Темірғалиев «Әдемі-ау» және Айнұр Сұлтанова «Ах, Самара городок» әндерін әуелетіп, елдің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, көрермендер назарына өнер саласы майталмандарының жылы естеліктерінен әзірленген бейнебаян көрсетілді.

С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің оқушылары Темірлан Меңдіғали, Ақтолқын Жақан мен Арна Момбай Сәбит Мұқановтың, Күләш Ахметова мен Қалижан Бекқожиннің қаламынан туған Роза Бағлановаға арналған өлеңдерді жатқа оқыды.

Осылайша, қазақтың әнші әрі батыр қызы Роза Бағланованың өміршең әндері мен асқақ тұлғасы тағы да асқақтай түсті.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button