Руханият

Белгілі композитор Есжан Әміровтің ән жинақтарының тұсауы кесілді

Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды гуманитарлық колледжінің директоры Есжан Әміровтің «Аққудың кәусәр әуезі», «Ауылым – алтын бесігім», «Білім беру саласындағы ізденіс» атты жинақтарының тұсауы кесілді.

Тұсаукесерге Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қатысып, ақжарма тілек айтты. Кеш иесінің қазақ ән өнеріндегі қолтаңбасына тоқталды.

– Қазіргі әндердің көбі жатталуы жеңіл болғанымен ұмытылуы қазір-ақ. Бүгінгі той әндерінің басты дерті де – осы. «Нағыз талант» деп кешегі Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов сынды классиктердің жолын жалғап жүрген Арқадағы санаулы композитордың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есжан Әміров деуге негіз бар, – деп баға берді Серік Ақсұңқарұлы.

Бұдан кейін Есжан Сарманқұлұлы сахна төріне шақырылып, көрермен сұрағына жауап берді. Сұрақтардың дені сазгердің шығармашылығы мен өміріне байланысты болды.

– Шара облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы, Қарағанды қалалық әкімдігі, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастыруымен өтті. Бұдан бұрын 2006 жылы алғашқы шығармашылық кешімді берген болатынмын. Ал, 6 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында кезекті есеп беру кешім жоспарланған. Оған қазақ эстрада жұлдыздары қатысады. Кіру тегін болмақ, – дейді Есжан Сарманқұлұлы. Айтулы шараға Арқа ән өнерінің танымал жұлдыздары жиналып, әнді нақышына келтіре орындады. Алдымен, сахна төрінде Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Е.Әміровтің «Махаббат періштесі» әні орындалды. Дәуренбек Әркеновтің орындауында бұл ән өзгеше әуезбен жеткендей. Сонымен қатар, Гүлмира Серікқызы, Саят Әбдіғали кеш көркін қыздыра түсті. Кеш соңында Рымбала Кенжебалақызы композиторға естелік сыйлық тарту етті.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button