Руханият

Ең үлкен кітап жайлы білесіз бе?

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деген екен заңғар жазушымыз Ә.КЕКІЛБАЕВ. Дәл осы ұстаныммен оқырман үшін сирек кездесетін кітаптарды іздедік. Кітаптың жанры да сан алуан, авторы да әр түрлі болатынын білеміз. Ал, сіз Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада сақталған сирек жәдігер, ең үлкен альбом кітап жайлы естідіңіз бе?

Ізденіс барысында Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімінде бірнеше сирек кездесетін, ерекше кітаптар сақталғаны белгілі болды. Көлемі жағынан үлкен, қалың кітаптарды «фолиант» басылымдар деп атайды. Олардың арасынан көзге ерекше көрінген «Атлас Азиатской Россий» деген 3 томдық картографиялық басылымға қызығушылығымыз артты. Қорда бұл кітаптың 2 томы сақталған. 1914 жылы славян тілінде басылып шыққан ең үлкен атлас кітаптың көлемі 520×420 мм-ді құрайды. Бұл кітаптың 2 томы Санкт-Петербург қаласында «Азиатская Россия» деген атпен жарық көрген екен. Аталған анықтамалық басылым бірінші томнан көлемі жағынан ерекшеленеді. «Атлас Азиатской Россий» үлкен картографиялық «фолиант» басылым. Бұл кітапта Сібір, Орта Азия мен Қазақстанның аудандары мен облыстары сонымен қатар, табиғаттары карта бойынша көрсетілген. Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен этнография мәселелеріне арналған «Азиатская Россия» басылымында тарихты мыңдаған ғасырлар бойы зерттеген ғалымдардың жазбалары жинақталған.

– Сирек және құнды кітаптар қорында 2000-ға жуық кітабымыз бар. Бұл кітаптар біз үшін сондай-ақ, оқырман үшін ерекше маңызға ие. Қордағы кітаптардың көбісі қашан, қалай келгені жайлы мәлімет белгісіз. Ерте кезде алынған кітаптарды басқа мемлекетке көшкен оқырмандар кітапханаға сыйға тартқан. Бір ерекшелігі қордағы кітаптар күнделікті оқырманға берілмейді. Тек қана ашық есік күндері және экскурсия барысында көруге мүмкіндік бар, – дейді негізгі қорларды сақтау бөлімінің басшысы Айнагүл Багзибекова.

Кітапхана қорында басқа да «фолиант» басылымдар жетерлік. Джон Мильтонның «Потерянный и Возвращенный рай» шығармасы да ең үлкен оқулықтар қатарында. Екі адам әзер көтеретін кітапты ертеректе жақсы сақталсын деген оймен үлкен етіп шығарған деп болжайды кітапхана қызметкерлері. Естімеген елде көп. Тың ақпараттарды бірге анықтайық, көзі қырақты оқырман!

Айым ҒАЛЫМҚЫЗЫ, ҚарУ-дың II курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button