Руханият

ЖАЛҒЫЗ УЫС ТОПЫРАҚ Әсет кесенесі. Бақытбек сот

Арқаның арналы азаматтарының бірі, ақ самалдай аңқылдаған іні-дос Бақытбек Қапанұлы Сыздықов алпыс жасқа келді. Ақтоғайдың Қызыларайында өмірге келіп, саналы ғұмырын ел-жұртының көз алдында өткізіп келеді. Еңбек жолын Жезқазған қалалық адвокаттар кеңсесінде бастап, 3 жылдан кейін 1987 жылы Ақадыр ауданында халық судьясы болып сайланған. Кеңестер Одағында ең жас судья болған (25 жастан 5 күн асқанда) 1991-2002 жылдары Ақтоғай және Шет аудандарының сот төрағасы болып, 2002-2013 жж Сатпаев және Жезқазған қалаларының сот төрағасы қызметін атқарған. 2013-2014 аяғына дейін Астана қаласы Алматы аудандық қылмыстық істер сотын басқарған. Қазіргі уақытта құрметті отставкаға шыққан сот жүйесінің ардагері. Заң ғылымдарының кандидаты. ҚР Судьялар одағының «Үш би» құрмет белгісімен, ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының Құрмет грамотасымен, сондай-ақ «ҚР тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Отбасында 2 ұл мен 2 қызы және 3 жиен немерелері бар.
Атақты Әсет Найманбайұлының шығармашылығын насихаттауда бір тынбай еңбек етіп келеді. Ақын, композитор бабасының мерейтойларын, еске алуларын өткізуге бас болып, Түріксой ұйымының күнтізбесіне енгізіп, Ыстамбұл, Анкара қалаларында халықаралық конференция өткізуге бастамашы болды. Ана бір жылы Арқадағы Найманбай қыстағының бір уыс топырағын алып, Қытай Халық Республикасында жатқан ақынға зиярат етіп, бірге барып ас беріп қайтқан едік…
Жасай бер, жақсы іні, адал дос!

ЖАЛҒЫЗ УЫС ТОПЫРАҚ
Әсет кесенесі. Бақытбек сот

… Таудың бұлты кешеден жаумай ылаң,
Қазақ үшін Әсет те таудай ұлан.
Жалғыз уыс топырақ алып жеттік –
Қызыларай тауының баурайынан.

Ол шырқаған…
Қайтейін қысқа бұл ән,
арғы беттің хабар ап құстарынан.
Жалғыз уыс топырақ алып жеттік
Арқадағы Найманбай қыстағынан.

Қайран көңіл мұздасын,
сыздасын ба?
Қараша үйдей қалқиған құз басында.
…Жалғыз уыс топырақ,
киелім-ау –
Аман-есен жеткізген бізді осында.

Шекараға келгенде өте маздап,
Шетінете жаздады шетел аздап.
…Топыраққа кеденде қауіп төнген –
Сот Бақытбек сотталып кете жаздап.

Аманатты жеткізген иесіне,
Сол бір сәттер түседі жиі есіме.
Жалғыз уыс топырақ,
құн жетпейтін –
Қастері де қазақтың
Киесі де.

Ару қызы Алаштың
от ұланы,
Атажұрты әркімнің тоты бағы.
Екі дүние қызығын көрдім дей бер –
туған жердің бұйырса топырағы.

Аспанасты еліне,
Көкқамырға,
Жолың түссе бауырым,
тоқта мұнда!
Әсет жатыр дауысы көкті кезген
Заңғар-заңғар таулардың қатпарында.

Өмір дейміз
күн кешіп
оттап,
үптеп…
Топырақты бір уыс – бақ та,
құт – деп.
қабіріне ақынның сеуіп тұрып
«Бабам-ай» деп өкірді сот Бақытбек.

Біз арқалап келгендей елдің арын,
Жалғыз сәтке ұмыттық енді бәрін.
Қалибектің Ғалымы еңіреді
Екеуіне қосылып мен жыладым.

Аңтарылып қалғандай аңсар алап,
Бабам қайда бармаған жан сағалап.
Үшеумізге қосылылып аңырады –
Дүниенің бетінде барша қазақ.

… Жалғыз уыс топырақ,
Көкқамырда,
Жолың түссе бауырым,
тоқта мұнда!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button