«Сары қазақтың» сыпыра сыйы

«Нағыз спортшыға сай сый дайындадым. Спортшы және нағыз жігіт ретінде құрметтеймін. Бұл боксшыны бұрыннан білемін, оның командасы да осал емес. Әлемдік деңгейдегі орнын ойып алар чемпион. Менің оған берген киімім – ұлттық киім, оны шапан деп атаймыз. Қазақстанда құрмет тұтып, қадірлеген адамға «шапан жабу» дәстүрі бар. Бұл – менің оған деген құрметім», – деді Жапонияның Сайтама қаласында Геннадий ГОЛОВКИН жапон Риото МУРАТАМЕН жекпе-жегін нокаутпен аяқтап тұрып.

Көптен күткен, көпті еліткен жекпе-жектің нүктесі қойылды. Гена жапон кәсіпқой бокс тарихының алғашқы жұлдыздарының бірі, орта (72,6 келіге дейінгі) салмақта WBA (2017-2018, 2019-2021) және орта салмақтың WBA (2021-2022) суперчемпионы Риото Муратамен кездесті. 12 раундқа жоспарланған кездесу сәуірдің 9 күні 9-шы раундта Муратаның жер құшуымен аяқталды.

Гена алғашқы раундтан-ақ өзіне тән бокс стиліне көшті. Ол – қарсыласты джеп соққылары арқылы барлау. Бір жағынан бұл Гена тарапынан қарсыласқа берілген сынақ секілді. 2,5 жыл шаршы алаңға шықпаған Мурата да тосылған жоқ. Ол да өз кезегінде екі бүйірі мен басын қорғап, аракідік қолын сермеп қояды.

Бұдан 8 жыл бұрын қос боксшы 4 минуттық дайындық өткізгенін айта кеткен жөн. Онда Муратаның тізе бүккені және айтылады. Дегенмен, бұл бәсекенің жөні бөлек.

Сонымен, алғашқы раундтарда алаңның бірінші номері болып Мурата жұмыс жасады. Оң қолын жұмсап, сол қолымен жасаған соққылары сәтімен өтті. Бірақ, Гена есебінен жаңылмады. Қарымта соққыларын жасап, оңтайлы сәтін тосып бақты. Ал, 3-раундта Головкин қарсыласына сериялық соққылар дарытып, біраз титықтатты. Құлағынан қан кетсе де шегінер Мурата жоқ. Раундтың 4-ші кезеңі де осы қарқынмен аяқталды. Сонымен, 5-раундта Мурата алға ұмтылып, сериялық соққыларын Генаға бағыттап бастады. Бұл өз кезегінде «GGG-дің» шамына тиіп кетсе керек. Сол қолынан жарқ еткен соққысы Муратаның маңдайына тиіп, ол арқанға арқасын сүйей тоқтады. Жекпе-жекті жіті тамашалағандар болса, Муратаның басы жас сәбидің басындай бұлталаңдап қалды. Есеңгіреу бар. Осы сәттен соң жапонның соққысы ауа қармай бастады.

6-раундтың ортасында Риото қайта ширады. Гена оған тыныстауға мүмкіндік бергендей. Ал, 7-раундта керісінше, Генадий қарсылас қолғабының сыртынан-ақ соққы дарыта білді. 8-раунд та келіп жетті. Дәл осы сәтте шаршы алаңға біз білетін қарсыласын сұлатып салар Геннадий Головкин шықты. Ол Муратаны шаршы алаңның бұрышына тіреп, олжасын көздеген мергендей соққының астына алды. Жапонның төзімділігі мен қайсарлығын да айтпасқа амал жоқ. Генаның екінші тынысы ашылғандай. Ол боксты жаңа бастағандай түрге енді. Тым сергек. Жекпе-жекті ыңғайына пайдаланып, қарсыласты қабағымен қозғап жүр.

9-раунд. Гонгтың соққысымен Генаның соққысы Муратаға қатар өтті. Алаңның бұрышына тағы бір мәрте апарып, Муратаны иектің астынан, құлақ шекеден екі рет ұрып, тәлтіректетіп тастады. Артқа қайта қайтып, жемімен ойнаған жолбарысша тағы тыным берді. Бұл – жанкүйерлердің қыбы қанып, жапондардың жанын шүберекке түйген тұсы. Тынысын алып, өзіне келген Риото сол қолын ыңғайлап Генаға тұра атылғаны сол еді, Генаның құлаштап келіп оң қолымен құлақшекеге тастаған соққысы тиіп сұлап түсті. Бұл 9-раундтың бітуіне 53 секунд қалған кез.

Қазақ елінің мақтанышына айналған Геннадий Головкин ел үмітін тағы да ақтады. Барша бокс жанкүйерлері тарихи сәттің куәсіне айналды. Қос боксшыға алғыс жаудырды. Неге десеңіз, жекпе-жек жоғары деңгейде өтті және еш ереже бұзушылық болған жоқ. Бұған дейін де Генаның да, Муратаның да мансабында ереже бұзу болмаған. Бұл – бокс мәдениетінің ең басты алғышарты. Жалпы, тақиясын аспанға атқан жанкүйердің дені қазақ. Ал, Гена сол қазақтың өз баласы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.