Руханият

Қаламға адал қайсар ақын

Кәкімбек САЛЫҚОВ – қаламға адалдықтың асқақ үлгісін көрсеткен қайсар әрі көрнекті ақын. Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте қайраткерлігімен жұртты тәнті ете жүріп, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Соңына өнегелі өмір жолы мен жауһар жырларын қалдырды. Ақын, академик әрі мемлекет қайраткерінің 90 жылдығына орай Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «Қазақ поэзиясының жезкиігі» тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті.

  Айтулы кеште колледж студенттері ақынның «Дала» поэмасынан үзінді оқып, ақтаңгер ақынның эпикалық қуатын байқатты және таңдаулы өлеңдері арқылы лирикалық қырына үңілді.

Жиынға онлайн түрде қосылған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай Кәкімбек ағамыз хақында есті естелігін айтып, жылы лебізін білдірді. Тіпті, Жезқазған өңірінде Кәкімбек Салықовқа ескерткіш қойылатындығын айтып, дүйім жұрттан сүйінші сұрады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арқаның дүлдүл әншісі Жақсыгелді Кемалов арнайы келіп, сөз сөйлеп, ағамыздың сөзіне жазылған 2 әнді әуелете шырқады.

Колледж директоры, белгілі компазитор Есжан Әміров те, ақын жайлы құнды ой-пікірлерін білдіріп, студенттерге шығармашылық табыс тіледі.
Сонымен қатар, бейнежазба арқылы ақынның атақты «Жезкиік» әнінің шығу тарихы туралы деректер мен шайырдың өмірінен сыр шертетін құнды естеліктер көрсетілді.

– «Ол өмірге шын ғашық адам еді. Кәкімбектің «Жезкиігі», «Аққуы», «Ақмаралы» сұлулықтың бейнесіндей. Оның сұлу әндері әркімнің-ақ жүрегінен жылы орын тапты» деген екен әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев ағамыз. Шынында да, Кәкімбек Салықовтың шығармалары өлмес мұраға айналғаны анық. Бүгінгі кештен көп нәрсе түйдік. Алдағы уақытта Кәкімбек ағамыздың шығармашылығын тереңдеу зерделеп, студенттерге насихаттауды жоспарлап отырмын. Сан қырлы шығармашылығы кез келген жанды баурайтын қасиетке ие. Біраз өлеңін жатқа білемін. Енді студенттерге жаттатамын, – дейді аталған білім ордасының қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Ербұлан Мақатай.

Құнды дерекке толы болған тағылымды кешті Есжан Сарманқұлұлы сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын айтып, қорытындылады.

Жас ұрпақтың рухани жан-дүниесін байыту, танымдық көзқарасын қалыптастыру, қазақ әдебиетіне, поэзиясына деген қызығушылығын арттыру, өнегелі ісімен, жүріп өткен жолымен ізгіліктің нұрын себер, халқына танымал ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген дүбірлі кештің көпке дейін ел есінде қалары анық.

Шара соңында өмірін өлеңге арнап, қаламына адал бола білген қайсар ақынның өлеңдерін колледж студенттері жатқа оқып, әндерін әуелете шырқады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button