Руханият

Қала бейнесі – объективте

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен алғаш рет «Объективте – Қарағанды» атты жастарға арналған библиофотокросс өткізді.

Жастар библиофотокросы жайлы ақпарат және шарттар осы жылдың мамыр айында жарияланды. Өтініштер қабылданып, 18 бен 30 жас аралығындағы жастардан 9 құрама құрылды. Қатысушылар арасында фрилансерлер, фотографтар және Е.Бөкетов атындағы ҚарУ, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ, Қарағанды медицина университеті, Жоғары политехникалық колледжі, көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінен үміткерлер бар. Жобаның мақсаты – кітап оқу және суретке түсіру арқылы қала тұрғындарының өз қаласына деген сүйіспеншілігі мен мақтанышын арттыру, жастардың белсенді демалуын ұйымдастыруға жағдай жасау. Кітапқа, кітапханаға қызығушылықты арттыру. Фотокросты ұйымдастыру арқылы жастардың белсенді өмірлік ұстанымдарының дамуына ықпал ету. Қатысушылардың жұмысын фотосуретші, Халықаралық фотографиялық өнер федерациясы атағының иегері, қазылар алқасының төрағасы Ю.Варыгин, фотосуретші, «Караганда» фотоклубының басшысы Т.Кудеринов, «Индустриальная Караганда» газетінің фототілшісі А.Марченко бағалады. Талап бойынша әр қатысушы-команда фотосурет (суретке түсіру) арқылы кітапхана ұсынған 3 тақырыпты ашу үшін кросс-парақпен шығармашылық тапсырма алды. Тапсырма орындауға барлығы 4 сағат уақыт берілген.

– Бүгінгі күнгі кітап оқу мәселесімен қатар қаламыздың экологиялық кемшін тұстарын осы жоба арқылы көрсетіп, жастар арасындағы руханият пен мәдениет деңгейін көтеру басты мақсатымыз. Берілген әр тақырыптың астарында үлкен мән жатыр. Жас өрендер тарихи тұлғаларымыздың ескерткіштерін суретке түсіру барысында Қ.Аманжолов, Ж.Ақбаев, А.Байжановтардың өмір жолын жақынырақ танып білді. Суретке түсіре білу – үлкен өнер. Көзге түспей жүрген талант иелерін қолдау – біздің міндет! 900 000 теңгені құрайтын жүлде қоры да өте қо мақты. Жастарды кітап оқуға түрлі тәсілмен шақыра білсек, кітапхананың оқырман саны да арта бермек, – дейді кітапхана директоры Дина Аманжолова.

Жүлделі I орын және 250 000 теңге ақшалай сыйлығын Жоғары политехникалық колледжінің «Құтқарушылар» тобы иеленсе, II орын мен 180 000 теңге ақшалай сыйлығын аталған колледждің «Ретро» тобы жеңіп алды. III орынның 100 000 теңге жүлдесі «Унаги» жастар командасына бұйырса, «Ең үздік түсірілген сурет» номинациясымен «09» командасы марапатталды. Қаламыздың мәдени өмірі жанданып, кітап сүйер жастар көбейсін! Қарағанды әрқашан объективте болсын!

Айым ҒАЛЫМҚЫЗЫ, ҚарУ-дың II курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button