Бас тақырып

«Атыңдардың» артында айтары бар

Киесінен кеселдей қорқып, ату түгілі оңашада кезіксе, қарауға бата алмай қалған киіктің «Орал популяциясына жататын 80 мыңын атуға рұқсат» деген еді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали БРЕКЕШЕВ. Әрине, қызғыштай қорып, табынын торуылдап, күндіз өргізіп, кешке іңірттеген аңды жоқ жерден атыңдар демеген болар. «Атыңдардың» артында айтарлық себебі бар.

Киік көшінің кәсіпкерге зияны бар ма?

Осыдан бірер ай бұрын «Киікті ата беруге болады екен, министрліктен рұқсат етілді» деп ел арасындағы аңшылар асай-мүсейін асынып, қамдана бастаған-ды. Бұл – факт. Жалпы, бір жаңалықты әсірелей жеткізу біздің қанда бар емес пе?! «Орал популяциясының 80 мың киігін ату» Қазақстанның киігін жаппай ата беру керек дегенге бастау болды.  Тосыннан тараған хабар расында біршама жұртшылықтың көңілін күпті етті. «Мүйізбен ұстаса мүктей жабысып, хаттама толтыратын үкіметтің мұнысы не?» дегендер көбейді. Осыған орай «Охотзоопром» Өндірістік Бірлестігінің» Орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаров бүгінгі таңда киік саны 1млн. 318000 мыңға артқанын айтады.

Оның ішінде, Орал киік табынының  саны 801 мың, Үстірт табыны 28 мың, ал, Бетпақдала киігі 489 мыңға дейін көбейді. 

Бұл айтарлықтай үрдіс. Саны артқан киіктің жылында жасайтын екі көші “Құралай” мен “Текенің бұрқылы” жергілікті кәсіпкерлерге кесірін тигізді деген әңгіме шықты. Бұл рас. Дегенмен, мұның басқа жағынан келер болсақ, киік ешқашан өзіне жат жермен көшпейді. Бұлардың баяғыдан бергі жалғыз жолы бар. Бұл сонау Үстірт, Павлодар, Қарағанды, оның ішінде, Жаңаарқа, Жеңіс, Түйемойнақ мекендерімен әрі Бетпаққа жеткізеді, дейді Шындос Омаров.

Маманның сөзіне сүйенсек, ақбөкеннің атам заманнан бергі жолына жергілікті кәсіпкерлер егін салады, қала берді малын бағады. Десек те, кәсіпкерде күнелту керек емес пе?! Жерді ол заңды түрде алды. «Киіктің көші өтеді» екен деп оларға жер берерде жер комитеті ойланды ма бұл туралы? Жоқ. Онда жергілікті кәсіпкерге айтар өкпе бекер. 

– Қазір біз осы мәселені қағазға тізіп тікелей Министрлікке жолдадық. Бұл бірер жылда шешім табады деп айту қиын. Біздің ұсынысымыз мынау.

Киіктің көші өтетін жерлердегі жер телімі бар кәсіпкерге орнына басқа бір шұрайлы жер ұсыну, егін егіп, шаруасын атқару мақсатында. Оған келіспесе, жылына бір рет болатын киік көшінің кезінде кәсіпкерлерге үкіметтен өтемақы да сұрап өтініш білдірдік, – дейді «Охотзоопром» ӨБ» жануарлар дүниесін қорғау қызметкерлігінің басшысы Болат Тұрсынбеков. 

Орал популяциясына жататын 80 мыңын атуға рұқсат

Құралайды қорғағанның басы бәйгеде

Расында, 2015 жылмен салыстырғанда киік санында әжептәуір өсу бар. Ол жылдары жалпы, қазақстандық киік саны 295470 басты құраған. Ал, 2021 жылы саны 842 мыңға артса, биыл 1 млн. 318000 мың. Мұнша қарқынмен көбею себебі қалтқысыз қорғаудың нәтижесі дейді мамандар.

Қорғанысы, күзеті күшті қай аңның да популяциясы артады. Қазіргі таңда Республика бойынша 241 инспектор жұмыс атқарады. Қарағанды аймағында 10 инспектор қазір осы киіктің көшін бақылап отыр. Олар ауысыммен жұмыс істейді. Киіктің жүрер жолын әр ауысым сайын 6 адамнан айналып торып шығады. Оларда арнайы қару-жарақ, брондалған жилет және «KAMAZ» (дөңгелекті үй) көлігі бар. Айдалаға шыққанда сонда тамақтарын істеп, сонда түнейді. Десек те, айлықтары мардымсыз. Бір қызметкердің орташа жалақысы 170-200 мың. Бұл басын бәйгеге тігіп, ғұмыры қару асынумен өткен қызметкер үшін аз, – дейді Шындос Омаров.

Жалақының аздығы қапалы мәселе, әрине. Өлім мен өмірдің ортасында жүргендердің еңбегі еш кетпеуі керек-ау. Оған 2019 жылғы 17 қаңтарда қандықол броконьердің қолынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өлімін қосыңыз. Киіктің көбеюі де кісі шығынымен жүзеге асқанын естен шығармаған абзал…

«Орал популяциясының 80 мың киігін ату»

«Киік көп, ату жоқ» деушілерге уәж

21 ғасыр техниканың заманы. Не көп, пойыз көп, көлік көп. Осы пойыздың теміржолы мен қалааралық күре жолдар киіктің көшуіне көп кедергі. Ол жолдарға арнайы көпір қойылуы керек еді. Көпір жоқ емес, бірақ, қылтасынан қырынан өтсе де, сыймайтын қыл көпір барлығы. Ол көпірден айғайлап, ысқырғанда айдаған малыңыз әрең өтеді. Киікте не кінә? Ол – жабайы аң. Шұбатылған шойынжолды көргенде жер тарпып, бір пысқырып, үркіп, кері бұрылады еріксіз. Содан ол барар жеріне өте алмай, шеңбердің ішінде қалып қояды. Айнала дөңгеленген көлік жолы мен теміржолдан өте алмаған киік бір жерді ғана мекендеп жүреді. Айдалада мен мұндалаған киіктің қарасы мал қараған жұртшылықтың күнде көзінің құртына айналады. Бір емес, екі емес, үш рет көрген соң жан-жаққа әңгіме тарайды. «Киік ауылды басып кетті» деген, – деп себебін атады Шындос Елдосұлы.

Көзі қызыл көрсе қиядан құлдыраған сұңқар халықпыз ғой, тәбеті түйені де сыйдыратын. Аң көрсек атқымыз, ат көрсек шапқымыз кеп тұратын тағы мінез қасқырлық та жат емес. Бұл – киік байғұсты «көбейді, көбеймесе ауылға кіріп, елді мекенді кезіп кеткені несі» деп ойы алаңға түскен қарапайым халыққа тоқтау болар пікір.

Мамандардың ұсынысы – осы себептің алдын алу мақсатында жергілікті жерлердегі көпірлер кеңейтіліп, біршама табиғи етіліп, құр темірден дәнекерленген қара көпір емес, тас шөппен көмкерілген, құрылысында табиғи нышаны бар көпір болып қайта салынуға саяды. Теміржолдағы ауыл малына арналып қойылған темірторларды киіктің көші өтер шақта ашып қойса деген ұсыныс тағы айтылды .

Нұра өңірінде, Атасу елді мекенінде, Түйемойнақ деген жерде ұзындығы 50 шақырым темірторлар орнатылған теміржол бойына. Олар тура киік асатын асуларда тұр. Осыған шара сұрап, теміржол бекетіне хабар салғанымызда олар темірторларды ала алмайтынын жеткізді. Себебі, «жергілікті ауыл малын жолға жолатпаудың амалы» деп. Ол торларды ауыл малын пойыз баса берген соң қойғанын айтып ақталады. Біздің сұрауымыз – киік өте алатындай етіп сол теміржол астына көпір орнату. Оны да құр, цементпен тастан қалап шығармай, табиғи көрінісі жағын да қарастырса кедергі болмас еді, – дейді Болат Тұрсынбеков.

Бұл ұсыныс бүгінде құзырлы орындар дәлізінде кезекте шешімін күтіп тұр.

Статистикаға сүйенсек, жер бетінде киіктің 95 пайызы тек Қазақстанда екен. Қалған 5 пайызы Моңғолия жерін мекендесе, 3 пайызы Ресейде. Бұл дегеніңіз, біз ел болып, Африкадағыдай «Ұлттық «киік паркін» ашсақ та жетеді деген сөз. Ұлт маңдайына біткен бақты көп көрмейік, ағайын.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button