Бас тақырыпРуханият

Жусан иісін аңқытқан арайлы кеш

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының орынбасары Ілияс МҰҚАЙДЫҢ 40 жасқа толуына орай Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды «Болашақ» жоғарғы колледжінің ұйымдастыруымен  «Жанымның жамыраттым арай-нұрын» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш барысында «Ortalyq Qazaqstan» кітапханасы» сериясы аясында Мағауия Сембай атындағы журналистерді қолдау қорының демеушілігімен жарық көрген «Сыныптасы жоқ бала» жыр жинағының тұсауы кесілді.

Шараның шымылдығын кеш авторы «Жарылқа, Алла, құлыңды», «Жусан иісі», «Тас қыран», өлеңдерімен түрді. Ақын өлеңдерінің басым көпшілігі туған жер, балалық шақты сағыну, ауылды аңсау жайлы. Өрімін туған жер тақырыбымен өрген шығармалары сахна төрінде оқылды.

Әдемі әуен Сарыарқаның самалындай ескен кеш қара домбыраның үнімен одан сайын түрлене түскендей. Сахнада Ілияс ақынның сөзіне жазылған Қадыр Баймырзаның «Кетейік, күнім, ауылға» әнін Тәттімбет өнер колледжінің студенттері орындады. Ал, бұдан кейін ақын қаламынан туған ерекше туындының бірі әрі бірегейі «Сыныптасы жоқ бала» өлеңі сахналанды. Ақынның ауыл мектебінде жалғыз қалған баланың тілімен бар ғаламға мұңын шағуы – қазіргі ауыл жағдайының бірден бір көрінісі. Қойылымның әсерлі өткендігі һәм көрермен қауымның жүрегін жылытқандығы бірден байқалды.
Осыдан кейін, Мағауия Сембай атындағы қоғамдық қордың қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кәусар» баспасынан басылып шыққан, әлі сиясы кеппеген су жаңа «Сыныптасы жоқ бала» атты жыр жинағының тұсауын кесу үшін сахна төріне кеш иесінің өлеңдегі, өмірдегі ардақ тұтар ағалары – Алматы қаласынан арнайы келген, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрланов ағаларымыз және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова апамыз шақырылды. Жарық көрген туындының тұсауы кесіліп, кеш меймандары ақжарма тілектер легін ағытты.
– Ілияс жаңа толқын жастардың алдындағы ақындардың бірі. Өлеңінің өзіндік бояуы бар, туындыларынан туған жерге деген сағыныш сайраған бірегей буын өкілі. Бүгінгі кеші даму жолының бір бөлігі деп білемін. Тарихта есімі елге танымал ақын аталуына тілектеспін – деді Рымбала Кенжебалиқызы.
Ақ тілектің арнасын ары қарай ақынның ағалары жалғады.


– Менің телефонымда Ілияс бауырымның есімі “Ілияс жусаным” деп сақтаулы тұр. Туындысынан Тұранның туы тігілген тұғырлы елдің көрінісін, иірімінен иретілген ауылдың қара жолын, ал, тақырыптарынан жусанның иісін сезем. Жарық көрген жыр жинақтың оқырманы көп болсын, – деп ақын Дәулеткерей Кәпұлы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің жолдаған құттықтауын жеткізді кеш иесіне.
Қай кештің болмасын әрі мен сәні ән мен күйде екені мәлім. Бұл кеште де ақын сөзіне жазылған бірегей туындылар орындалды. Кеш қонақтары – дәстүрлі әнші Дәуренбек Әркенов, Медет Осатаев әуелеген әнімен кеш көрігін қыздыра түсті.

Көңілдің керегесін кеңейткен әсем әндерден соң құттықтау сөз облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновке, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаевқа, Ілияс ақынның алғашқы ақындық ғұмыр көктемінің тұсауы кесілген Балқаш жұртшылығының сәлемін арқалай келген қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықоваға, өзінің туған мекені Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловқа берілді. Құттықтау барысында Ерлан Нелдібаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын табыстады. Ал, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков ақын бауырын құттықтап, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның құттықтау хатын тапсырды.
Ыстық ықыласқа толы тілектерден соң сахна төрінде әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев ән шырқады. Сонымен қатар, ақынның тілекшісі, өнердегі ағасы жезтаңдай әнші Сейіл Аяғановтың орындауындағы әндер көрермен қауымның жүрегіне жылу ұялатты.
Сондай-ақ, көрермен ортасында отырған ақынның аяулы анасы Тілеухор анамыз бен жары Меруерт жеңгеміздің анасы Күлшетай шешемізге құрмет көрсетіліп, алғыс айтылды.
Кештің әрін кіргізген һәм көрермен қауымды мұңды ойға шомдырған әкеге деген сағыныштың иісі аңқытқан «Қаладағы қарт сөзі» әні. Ақынның сөзіне жазылған бұл әнді Дәуренбек Әркенов нақышына келтіріп, сазын сызылта жеткізді.
Ақ тілектің кезегі кеш иесінің білім алып, түлеп ұшқан ұлағат ұясы Қарағанды университетінің проректоры Мейіржан Сыздықовқа, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметовке, қазақ баспасөзінің Арқадағы қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Ерсін Мұсабековке және осынау кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған Қарағанды «Болашақ» жоғарғы колледжінің директоры Ғайни Мамраеваға берілді.
Кеш соңында ақынның туған ауылы – Айыртастың азаматтары иығна шапан жауып, астына ат мінгізді.

Тағы бір айта кетерлігі, ақын өлеңдерінің патриоттық қыры. Ілияс Мұқаевтың сөзіне жазылған Наурызбай Бейсекеевтің «Сарбаздар» әнін облыстық ән байқауларының лауреаты Асхат Игембеков орындап, дүйім жұрттың ықылас батасын алды. Ал, кеш түйіні сазгер Қуандық Сәденовтің «Туған жер» әнімен түйінделді. Отанын өр көріп, туған жерін тұмары еткен Арқа ақынының жыр көктемі мамыражай мамырмен бірге бүр жарғандай.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button