Руханият

Қарағандыда «Киіз үйдегі кітапхана» жобасы аясында «Абай жолы» роман-эпопеясын талдау кеші өтті

«Киіз үйдегі кітапхана» жобасы аясында Қарағандыдағы орталық мәдениет және демалыс саябағында қалалық әкімдіктің және Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұжымы Мұхтар ӘУЕЗОВТІҢ 125 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абай жолы» роман-эпопеясын талдау кеші өтті.
Оған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары – Ләззат Әкілжанова, қалалық мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Баян Нұртаева, ақын Салтанат Смағұлова зейнеткерлер, оқушылар, «Султик» клубы және кітапхана оқырмандары қатысты.

Талқылау кешінің мақсаты – қазақтың ұлы жазушысының еңбектерін болашақ ұрпаққа насихаттай отырып, Отанға, туған тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Киіз үйдегі кітапхана сол заманның антуражында безендірілді. Киіз үйдің маңында заңғар жазушының кітаптары қойылған кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды. Роман талдауы көрермендерді қызықтыра түсті. Кітапхана қызметкерлері
«Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» атты бөлігі желісімен сахналық көрініс қойды. Кейін сол көрініс негізінде кешке қатысқан мектеп оқушыларымен әңгіме өрбіді. Романның әр бөлігіндегі оқиға желісін әр қатысушы қысқаша айтып, сол заман шындығымен ұштастыра отырып, туындының тарихи мәнін ашуға тырысып бақты. Жұрттың кітап оқуға деген құлшынысы оянып, аталған сүбелі еңбекті оқуға ниет білдірді. Бұл кеш «Абай жолы» роман эпопеясын оқуға деген дайындық сияқты болды.

Бұдан бөлек, іргелі туынды негізінде дайындалған викториналық сұрақтар қойылып, оқушылар мен кешке қатысушылар жамыраса жауап берді. Киіз үйдің ішінде қазақы құндылықтарды насихаттай отырып, өткен кеште ет желініп, қымыз да ішілді.

Іс-шара Instagram әлеуметтік желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Туынды кейіпкерлері саябаққа келушілерді шақырды. Жиын барысында роман және мерейтой туралы толығырақ баяндайтын буклеттер таратылды.

«Киіз үйдегі кітапхана» жобасы аясында түрлі іс-шаралар-буккросинг, кітаптарды талдау, әдебиеттерге шолу жасау, мерекелік және мерейтойлық күндер атап өтіледі.

Сонымен қатар, бұған дейін М.Әуезовтің биылғы мерейтойына орай «Әлем таныған Әуезов» атты ғылыми-конференциясы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, Тұрсын Жұртбаймен М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы өмірлік және көркемдік шындық» атты тақырыбында кездесу кеші, «Қорғансыздың күні» әңгімесі мен «Қараш-қараш оқиғасы» повесіне талдау жасап, эссе жазу байқауы өткізілді. Кітапханашылар Үштөбе ауылындағы М.Әуезов атындағы көшенің тұрғындарына жарнама буклеттерін таратып, жазушы, ғалым туралы қысқаша мәліметтер берді. Өткізілген іс-шаралардың демеушілері – ҚР Білім меценаты, «Алтын Жүрек» ұлттық сыйлығының иегері Бекзат Алтынбеков, «Халық алғысы» мерекелік медалінің иегері, «Нәтиже» компаниясы мен «220 VOLT» фирмасының бас директоры Ерлан Әшім екенін атап айтқан жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button