Көмір – бар, күрмеулі түйін – тасымалда

Қыстың қамы. Ауылдағы ағайын көкжиектен көтерілген әрбір шаңға елеңдеп, «қара алтынды» қорабына толтырған «КамАЗ-дардың» жолын күтіп жүр.

Қарағандыдағы көмір тарату нүктелерінде ұзын-сонар кезек тұр. Жүргізушілер көлікте қонуға мәжбүр.

Әйтсе де, жергілікті билік «көмір жеткілікті» дейді…

Бір ай бұрын Премьер-Министр Әлихан Смайылов көмірді онлайн тапсырыс арқылы алдыруға болатынын айтқан-ды. «Бұл тұтынушыларға қолайлы, өте жақсы цифрлық шешім. Үйден шықпай-ақ көмірге тапсырыс беруге болады. Жергілікті жерлерде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деді Үкімет басшысы. Бастама Қостанай облысында пилоттық жоба ретінде қолға алынды. Тиімділігін танытса, өзге өңірлерде де енгізілмек. Жаңалықтың өміршеңдігі – уақыт еншісінде. Қазіргі жағдайға келсек…

Қыркүйек айындағы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев кейбір өңірде халық тарапынан көмір сатып алу көрсеткіші өте төмен екенін айтты. Министр Алматы, Ақмола, Павлодар облыстарымен бірге Қарағандыны да атады.

– Халықтың отын қамдаудағы сылбырлығы алаңдатады. Разрездер мен қоймаларда қор жеткілікті. Мемлекеттік органдар да бағаны былтырғы межеде ұстап тұруға қатысты іс-шаралар жүргізді. Алайда, тұрмыстық отынның 31 пайызы ғана сатылды, – деді Қайырбек Айтбайұлы. Тиісінше, қыс түскенде сұраныс артуынан тапшылық туындауын қауіп етті.

Дегенмен, қазір «қара алтын» баршылық. Көмірлі өлке көмірге жарымаса, ұят, әрине. Аймақ билігі бұл мәселені қырағы қадағалап отыр.

Облыстың өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұсынған мәліметке сенсек, 27 мың тонна қор бар. Және былтырға қарағанда биыл өндіру көлемі артқан.

«Қаңтар-қыркүйек айларында облыста 15,6 миллион тонна көмір өндірілді. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда өсім – 5 пайыз (2021 жылдың 9 айында – 14,8 миллион тонна). Тұрмыстық көмірді облыстағы 1 шахта мен 5 разрезден алуға болады. Облыстың қоймаларында 27 мың тонна көмір жатыр» делінген мәліметте.

Ел Шұбаркөл көміріне ынтық. Сапасы жоғары. Күлі – аз, қызуы – мол. Сұранысқа сай, сауда нүктелеріндегі қордың басым бөлігі де осы маркаға тиесілі. Бүгінде «Шұбаркөл Көмір» АҚ тәулігіне 40 вагонды лық толтыра жөнелтіп отыр.

Қарағандыдағы нан-макарон комбинаты («ХМК») маңындағы теміржол тұйығы – облыстағы негізгі көмір тиеу нүктесі. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жерден күніне 60-150 жүк көлігіне көмір тиеледі.

Күн суытқан қазанның соңында мұндағы кезек те күрт көбейді. Қазір қатары ептеп селдірегенімен, жиырма шақты жүк көлігін санап шықтық. Кейбір жүргізушілер тәуліктеп те тұрады екен.

Мәселен, Бексұлтан Несіпбай үш жылдан бері көмір бизнесінде жүр. Қарқаралы ауданынан келіпті. Жұма түске таяу кезектің соңына іліккен ол сенбінің таңында қақпадан әрі өткен. Алайда, бар көмір Бексұлтанның көңілінен шықпапты.

– Қазір жатқан көмір майда. Біз тапсырыспен жұмыс істейтіндіктен тұтынушыға ұнайтын тауарды апарып беруіміз керек. Халық ірі көмір сұрайды. 20 тонна әкетемін. Жамбыл ауылына апарамын. Ауылда тоннасы – 24 мың теңгеден. Таңертең қайта кезекке тұрдым. Әлгінде ғана жаңа вагондар келді. Соны күтемін. Бүгін осында түнеймін, – дейді Бексұлтан.

Байқағанымыз, кезектің қарасын көбейтіп тұрғандар арасында Бексұлтан сияқты ірі көмірді күтіп тұрғандар баршылық. «Крылов» ЖК директоры Владимир Крылов «көмірдің ірі-ұсақ болуы – разрезден тиелуіне байланысты» дейді: «Бүгін 60-тан астам жүк көлігін жөнелттік. Күніне 7-28 вагон келеді. Біреуінде – 69 тонна. 2 мың тонна шамасында қор жиналды. Көмір тиеуге 4 техника жұмылдырылған. Кезек аздығынан екі таразының біреуі ғана істеп тұр. Егер, көлік көбейсе, екеуін де іске қосамыз. Кезекті ретке келтірдік. Жүргізуші уақыты көрсетілген талон алады. Сол талон бойынша кіреді. Кіріп, көмірді алмай кететіндер де бар. Олар алыпсатар болғандықтан тауардың тартымды көрінгенін қалайды. Әйтсе де, көмірдің ірі немесе ұсақ болуын реттеу – біздің қолымызда емес».

Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 11850 теңге. Бұл, тек, осы жердегі баға. Үстінен 10 мың теңге төлесеңіз, қала ішінде де жеткізіп береді. Ал, сыртқа шыққанда, ауылдарға жеткенше құны еселеп өсетіні сөзсіз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігінің ақпаратына сүйенсек, Шұбаркөл разрезіндегі көмір бағасы – 6160 теңге. Қалған сома – жол шығыны.

Мәселен, Ақтоғай ауданының орталығындағы базаларда Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 25 мың теңге болса, Кузнецкий көмірі 21 мың теңгеден бағаланады.

– Аудан орталығында тұрғындарды көмірмен «Нұртазин» және «Қасымбеков» жеке кәсіпкерліктері қамтып отыр. Бұл базалар Шұбаркөл және Кузнецкий көмірлерін сатады. «Қасымбеков» базасына аптасына 40-60 тонна көмір келсе, «Нұртазин» базасы 160-240 тоннамен толығып отыр. Бұдан бөлек, көмір тасымалымен айналысатын бірнеше кәсіпкер бар. Сұраныс зор. Өйткені, аудан басынан бөлек, жақын маңдағы 7 ауыл да осы базалардың қызметіне жүгінеді, – дейді Ақтоғай ауылының әкімі Қайыр Болғанбаев.

Аудан орталығынан ең шалғай жатқан Айыртас ауылындағы бағада өзгеріс жоқ. Ауыл тұрғыны Бауыржан Аманқұловтың айтуынша, алыпсатарлар көмір тоннасын былтырғыдай 22-25 мың теңгеден саудалауда.

Облыстың солтүстігінде көмірдің сәл арзандағанын байқаймыз. Нұра ауданында Шұбаркөл көмірінің тоннасы 18-24 мың теңге аралығында тұр. Бағаның төмендігін разрездің жақындығымен байланыстырдық.

– Ауданда үш негізгі нүктеде көмір сатылады. «Диқан» ЖШС «шұбаркөлді» сұрпына қарай 18-24 мың теңгеден, «кузнецкийді» – 12 мың теңгеден, «борлыны» 10 мың теңгеден өткізуде. «Майкүбіні» тапсырысқа қарай әкеледі. «Ермоленко» ЖК «шұбаркөлді» – 18-24 мың теңгеден, «борлыны» 12 мыңға ұстап отыр. «Бурулдаев» ЖК тек «шұбаркөлді» сатады. Бағасы тоннасына – 18-22 мың теңге, – дейді Нұра ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаев.

Қарағанды көмір

Ауданда 24 мыңға жуық адам тұрады. Бір қысқа қажет көмір – 48 мың тонна. Жұма сайын ауданға 700-900 тонна көмір жеткізілуде.

Түйгеніміз, облыста көмір жеткілікті. Мәселе – тасымалда. Осы шаруаны ширатсақ, мұртымызды балта шаппайтыны анық.

«Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілді де ұдайы қаперде ұстағанымыз жөн-ау. Жергілікті билік пен көмір бизнесіндегі азаматтар да тұрғындарға отынды ерте қамдауға кеңес береді. Қытымыр қараша екі аяқты бір етікке тыққанда көмір табу да қиын екенін ауылдағы ағайын ертеден біледі…

СУРЕТТЕРДЕ: 1. «НМК» маңындағы көмір тиеу нүктесіндегі кезек. 2. Қарқаралылық Бексұлтан Несіпбай «КамАЗ-да» түнеді. 3. Күніне 60-тан астам көлікке көмір тиеледі.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суреттерді түсірген Руслан ҚАЛИ

Ortalyq.kz