Руханият

Ұлт көсеміне күй арнады

Жуырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-домбырашы, сазгер Шәміл ӘБІЛТАЙ Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданына арнайы келіп, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде қонақта болды. Шарада Шәміл БИСЕНҒАЛИҰЛЫ «Ұлт көсемі – Әлихан» күйін күмбірлете орындап беріп, аудан әкімшілігінің өкілдеріне күйдің нотасын табыстады. Бұл жаңадан ашылған ұлт көсемі атындағы ауданға көрсетілген – үлкен құрмет. Шәміл Әбілтаев – «Ұлытау» күй кітабы мен «Ордабасы» күй табағының авторы. «Өрікгүл», «Бекет ата», «Жібек жолы», «Матай», «Кете», «Құдыс» және басқа да ән-күйлері халық арасына кең тарап, елдің ыстық ықыласына ие болған.

Әлихан Бөкейхан ауданы – Қарағанды қаласының жартысына жуығын алып жатыр. Бұған дейін Октябрь атанып келген ауданға былтыр Ұлт Көсемі – Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Бұл ұзақ жылдық халықтың талап-өтінішінің арқасында жүзеге асқан игі іс. Шәміл Бисенғалиұлының Әлихан бабамызға арнап жазған күйін өзінің орындағанына қарап отырып, сүйсіндік, риза болдық. Шертісінен, домбыраны қағысынан Ұлт көсемінің қиындыққа толы тағдыры көз алдымызға келді. Күйдің арқа қоздырып, рух көтерер иірімдері мүлдем бөлек. Қағып келе жатып, сәл бәсеңдеп, қайта өрши түседі. Бұл еліміздің тарихындағы қиын кезеңдер мен қатар бұлт артынан күн көрінген күндерден хабар береді…

Сонымен қатар, дәулескер күйшінің шығармашылығы жөнінде «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының мүшесі, күйші Аманкелді Ермекбайұлы әңгіме өрбітті.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Шәміл ағамыз әкімдікті әуре қылмай-ақ, Майқұдық мәдениет үйіне келіп, күйді орындап бергеніне іштей көңіліміз толды. Бұл қасиетті күй өнері мен Ә.Бөкейхандай батыр баба рухы алдындағы парыз екені анық.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button