Руханият

Ұлттық сыйлықтан құр қалма: жүлде қоры – 54 млн. теңге

Кеше алғаш рет тағайындалған Umai ұлттық сыйлығына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Оны Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесуде Мәдениет және спорт министрі Дәурен АБАЕВ хабарлады. Барлығы 4 бағыт бойынша 19 номинация қарастырылған. Жалпы жүлде қоры 54 млн. теңге.

– Халқымыздың ұлт болып қалыптасуында Ұлытау өңірінің орны ерекше. Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Ұлытаудың маңызды оқиғалар мен жетістіктердің орталығына айналғаны қуантады. Сондықтан, дәл осы жерде өнер ордасы, ұлт ұясы Ұлытау төрінде, Umai ұлттық сыйлығының басталғаны туралы хабарлағым келеді, – деп атап өтті Дәурен Абаев.

Сыйлық театр өнері, музыкалық-орындаушылық өнер, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер бағытында берілмек. Оған Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген орындаушылар қатыса алады.

«Театр өнері» бағыты бойынша «Опера өнері» – «Операдағы ерлер партиясын үздік орындау» және «Операдағы әйелдер партиясын үздік орындау» сыйлығының жеңімпаздары 2 млн. теңгеден алады. «Актерлік шеберлік» – 2 млн. теңгеден 2 сыйлық – «Үздік ер адам рөлі» және «Үздік әйел адам рөлі». Сондай–ақ, «Үздік режиссура» және «Спектакльдің үздік көркем безендірілуі» номинацияларының жеңімпазы 2 млн. теңге алады. Сонымен қатар, «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» номинациясы бойынша жеңімпаз 10 млн. теңге алады.

Келесі бағыт – «Музыкалық-орындаушылық өнер» – 2 млн. теңгеден 3 ақшалай сыйлық қарастырылған. Олар – «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту), «Үздік дәстүрлі орындаушы» (инструменталист), «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық/халықтық).

Үшінші бағыт – «Хореографиялық өнер» аясында 5 ақшалай сыйлық бар. «Үздік би ұжымы», «Балеттегі үздік орындаушы» (2 сыйлық) және «Үздік хореограф» 2 млн. теңгеден алса, «Үздік балет спектаклі» номинациясының иегеріне 10 млн. теңге бұйыратын болады. Төртінші бағыт – «Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер». Жеңімпаздар «Сәндік-қолданбалы өнердің үздік туындысы», «Кескіндемешінің үздік жұмысы/графика», «Заманауи өнердегі үздік жоба» номинациялары бойынша марапатталады.

Сыйлық аясында «Үздік балалар спектаклі үшін» арнайы сыйлығы тағайындалмақ. Жүлде 2 млн. теңгені құрайды.

Конкурстық іріктеуді жүргізу және сыйлық лауреаттарын айқындау үшін төрт номинацияның әрқайсысында 3 тәуелсіз сарапшы, барлығы 12 адамнан тұратын сараптама комиссиясы жұмыс істейді. Өтінімдер 9 желтоқсанға дейін қабылданады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button