Теннистен әлем чемпионаты: Қазақстан Ұлыбританияны жеңді

Шотландияның Глазго қаласында өтіп жатқан теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан Ұлыбритания құрамасын жеңіп, мерзімінен бұрын жеңіс әкелді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Екінші кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина мен дүниежүзілік рейтингте 98-сатыда тұрған Хэрриет Дарт кортқа шықты. Бірінші партияда есеп 1:1 болғаннан кейін Рыбакина дес бермей, қатарынан бес ойынды алды — 6:1. Екінші сетті қазақстандық спортшы 2:0 есебімен сәтті бастағанымен, Дарт таразы басын теңестірді. Есеп 4:4 болған мезетте Елена тағы бір брейкке қол жеткізді. Содан кейін матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4», делінген ҚТФ хабарламасында.

Осылайша, Қазақстан 2:0 есебімен алға шықты. Енді қалған жұптық бәсеке ештеңені шешпейді.

Сәрсенбі күні қазақстандық теннисшілер С тобында Испаниямен шеберлік сынасады. Оны жеңсе, жартылай финалға жолдама алмақ.