Руханият

Елуінші маусымға – ерекше дайындық

Қарағанды – 4 бірдей іргелі театры бар, тарихи, мәдени-әдеби тынысы кең алып шаһар. Солардың бірі Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры 50-ші маусымын елордалық «Астана Опера» театрының сахнасында ашпақ. Онда труппа ел назарына үздік спектакльдерін ұсынуды жоспарлап отыр.

Шығармашылық дәстүрге сай, театрымыз жұртшылыққа жазғы демалыстан кейін үлкен рухани әсер сыйлауды көздейді. Гастрольдік сапар елордамызда басталып, жетекші солистер, хор, балет және оркестр өнер көрсетеді. Бұл 100-ден астам адам. Беларусь Мемлекеттік академиялық музыкалық театрының дирижері Николай Макаревичті де арнайы шақырттық, – дейді театр директоры Амантай Ыбыраев. Ал, нұр-сұлтандық ересек көрермендер театрдың спектакльдерін 7, 13 және 14 тамызда тамашалай алады. Атап айтсақ, ресейлік композитор Владимир Баскиннің «Кентервилл сарайының елесі» атты жаңа қойылымы, Максим Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» музыкасын көпшілік сүйіп тыңдайтын мюзиклі және Имре Кальманның «Цирк ханшайымы» атты классикасы. Балаларға «Ұшатын кеме», «Самұрық Сиқырлы құсы» және «Алтын балық» музыкалық ертегілерін тамашалауға мүмкіндік бар.

Ал, театрдың елуінші маусымы Қарағандыда 19 тамызда «Сильва» классикалық опереттасының қойылымымен ашылатынын және 2023 жылы музыкалық комедия театры жарты ғасырлық мерейтойын атап өтетінін атап өткен жөн. Тамылжыған жаздың соңғы күндері театр ұжымы ару қала Алматыға аттанып, онда М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетеді. Алатау баурайында балалар спектакльдері де жоспарланған. Мұнда Санкт-Петербургтен Михайлов театрынан шақырылған дирижер Валентин Богданов оркестрлік пультпен шығып, өнер көрсетеді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button