Жаңалықтар

Дара дарын

Шолпан ЖАНДАРБЕКОВА – ұлы актриса ғана емес, шәкірт тәрбиелеуге де ерен еңбегі сіңген бірегей тұлға. Оның қамқорлығын көріп, тәлім-тәрбиесін алған ізбасарлары бүгінде театр һәм кино өнерінде өз сүрлеуін салып үлгерген. Бұдан бөлек, Шолпан ИСАБЕКҚЫЗЫ – аяулы жар, қамқор ана. Қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді араласып, соңғы тынысы қалғанша рөл ойнап, өнерге адал болыпты. Бірнеше фильмге де түскен. Басқа да тың деректерді Әшімхан ЖАНПЕЙІСОВТЫҢ жетекшілігімен SARYARQA телеарнасы түсіріп, «Сарыжайлау» кинотеатрында тұсауы кесілген «Ақтоқтыдай аңыз тұлға» деректі фильмінен білдік.

Шараны тізгіндеген К.Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының директоры Дунай Есбаев алдымен шараға қатысушы меймандармен таныстырды.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов қонақтарға алғысын айтып, Арқаның төрі Қарағанды жұртшылығы атынан естелік сыйлықтар табыстады.

Әшімхан Жанпейісовтың айтуынша, бұл – бұған дейін SARYARQA телеарнасынан қаңтар айында көрсетілген 3 бөлімді бағдарламаның 30 минуттық ықшамдалған нұсқасы.

Режиссері – Қызжібек Балтабай. Көптеген архив дерегі қамтылды. Өзіміз іздеп тапқан Шолпан апайдың бірқатар бейнежазбасы бар. Алматы студиясы да қол ұшын берді. Нұр-Сұлтан қаласында да шәкірттерінен интервью жаздық. Біраз деректі Шолпан Исабекқызының апасының ұлы Әсет Ақынов ағамыз берді. Актрисаның үйіне Алматыға жиі барып, жақын араласқан. Әсет ағаның қолында біраз дерек, құнды жәдігер бар. Сәтін салып, Қарқаралы Мәдениет үйіне Шолпан апайдың есімі берілсе, сол жерден мұражайы ашылса, Әсет Мүттақиұлы қолындағы жәдігерлерін сонда өткізбек. Шолпан апай өте ісмер болған екен. Өзі қолданған тігін машинкасы мен апайдың 60 жылдығында жасалған үлкен афиша Әсет ағаның үйінде тұр, – дейді Әшімхан аға.

Деректі фильмнің соңы шара қонақтарымен кездесу кешіне ұласты. Оған М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның Халық әртісі Нүкетай Мышбаева, Қазақстанның Халық әртісі, апайдың шәкірті Тілектес Мейрамов, кино және театр актері, шәкірті Данагүл Темірсұлтанова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов және актрисаның туыстары, замандастары һәм студент жастар қатысты.

Деректі фильмнен үлкен әсер алдым. Өте мазмұнды, мағыналы, көркемдік дәрежесі жоғары туынды. Келешек ұрпаққа берер мағлұматы мен тәлімі мол. Студент жастармен кездесу де Шолпан апайдың атына ғана емес, затына да сай терең кездесу болды. Жастардың қойған сұрақтарынан Шолпан апайдың творчествасын зерттегені көрініп тұр. Апайдың шәкірті әрі жерлесі ретінде шараларды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Жастарға Шолпан апайдың жолын, даңқын берсін. Енді, Шолпан апайдың бірден-бір ұстазы Асқар Тоқпанов екендігін айтқым келеді. Шолпан апай өзі де: «Мен Асқар Тоқпановтың шәкіртімін. Оның жолын әрі қарай жалғастырушымын» деген еді», – деп атап өтті Тілектес Мейрамов.

Шындығында, жастар кездесуге тыңғылықты дайындалғанын байқатты. Қонақтар да естеліктермен көмкеріп, тұшымды жауап берді.

Қарағандыда екі күн бойы ұлы актрисаны ұлықтау сапары сәтті өтті. М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының тарихын жасаушылардың ішінде Шолпан апайдың есімі құрметпен аталады. Сырттан келіп, ұлттығымызға зиянын тигізіп жатқан идеологиялық соққы аз емес. Осы тұста ұлы тұлғаларды насихаттай отырып, жастарды тәрбиелеу парыз. Тарихшы ғалым Ерғазы Қадашұлы құрастырған кітаптың тұсауын кестік. Бүгінгі деректі фильм һәм жастармен кездесу тағылымға толы болды. Апаймен көп әңгімелескенде үлкен тәлім-тәрбие алатынбыз. Ол – халықтық, қазақы тәрбие. Қарқаралының бір ауылынан шығып, осындай дәрежеге көтерілу оңай емес. Бұл қасиетті топырақтан дарыған талант пен қайсар мінезі һәм еңбекқорлығының арқасы деп ойлаймын. Бізде әр жылы белгілі бір тұлғаға арналып театрішілік фестиваль өтеді. Биыл оны Шолпан апайға арнамақпыз. Онда үздік рөл, үздік қойылым сынды көптеген аталымдарға Шолпан апай атындағы сыйлықтар ұсынылмақ. Осылайша, Арқада басталған ұстазымыздың тойын жалғастырмақпыз, – дейді М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбек.

Тағылымды шарадан рухани байып қайттық. Қазақ театр өнерінде ең биік атақ-абыройға ие болған Шолпан Жандарбекова өз биігіне дара дарын, қайсар мінез һәм тынымсыз еңбегі арқылы жеткен. Деректі фильмді SARYARQA телеарнасының Youtube желісіндегі парақшасынан тамашалауға болады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button