Жаңалықтар

Өлкетанудағы өрелі қадам

Қарағандыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі «Туған елге тағзым – 2022» зерттеу-өлкетану экспедициясын өткізді. 40-тан астам оқушы өңірдің тарихи-мәдени көрікті жерлерін аралап, түрлі өндірістік нысандармен танысты.

Суреттер экспедиция мүшелерінен

 Аталмыш экспедицияға оқу жылында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар іріктеліп алынған. Олар апта бойы Қарағандының тарихи-мәдени орындарын аралап, Қарқаралыға да барып қайтты. Сонымен қатар, QazTehna зауыты, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі, фармацевтикалық кешен және метеорологиялық станция секілді ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

– Бұл экспедиция балалардың туған өлке туралы көбірек білулері, оның тарихымен танысулары үшін өткізілді. Дәстүрге айналған жоба оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға көмектеседі. Экспедиция қорытындысы бойынша оқушылар жобалау жұмыстарын дайындап, Зияткерлік мектептердің желілік конкурсына қатыса алады, – дейді мектеп директорының орынбасары Жұлдыз Биманова.

11-сынып оқушысы Әділ Шаяхметов тарих пәнінен өткізілген республикалық олимпиададан І орын иеленген. Осы жетістігінің арқасында аталмыш экспедицияға жолдама иеленіпті.

Экспедиция барысында Қазақстан қайраткерлері мен тарихи оқиғалар туралы біраз нәрсе білдім. Және мұндай іс-шаралар мамандық таңдауға да үлкен септігін тигізеді. Біздің үйренгенімізден үйренеріміз көп. Сондықтан, осындай шаралар жиі болып тұрса екен. Әрі мұндай жобалар оқушыны ынталандырады екен. Егер келер жылы басқа бағыттағы өндіріс орындарына баратын болсақ, барымды салып республикалық, халықаралық олимпиядалардан жүлде алуға тырысамын, – деді.

Ал, 7-сынып оқушысы Сабина Ералиева:

Биология және химия пәндерін сүйіп оқимын. Келешекте түрлі вакцина өндірісі бойынша жоба жазғым келеді. Осы экспедиция барысынан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Әсіресе, фармацевтикалық өнімдер өндірілетін кешенге жасаған сапарымыздан көп нәрсе үйрендім. Әрі қызықты өтті. Әртүрлі дәрі-дәрмектердің қалай жасалатынын көзімізбен көрдік. Осы шарадан кейін болашақ мамандығыма деген сүйіспеншілігім одан бетер арта түсті, – деп әсерімен бөлісті.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button