Сәкен театры республикалық фестивальде жеңіске жетті

Астанада көрнекті театр және кино актрисасы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIII Республикалық драма театрларының фестивалі өтті. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан жазушы Шерхан Мұртазаның «Текебұрқақ» повесі бойынша сахналанған пластикалық морфоз жанрындағы спектаклі үшін «Үздік режиссер» атағын иеленді, деп хабарлайды Ortalyq.kz.

Фестивальге еліміздің әр өңірінен келген 10 театр қатысты. Елордалық көрермендердің назарына театрсүйер қауым арасында танымал болған түрлі жанрлық спектакльдер ұсынылды.

– Бастапқыда 50-ге жуық театр өтінім берді, сарапшылар 10 спектакльді таңдады. Олардың арасында біздің «Текебұрқақ» пластикалық морфоз да болды. Бұл жанрда спектакль алғаш рет қойылды. Біз үздік режиссура үшін ғана емес, Шолпан Жандарбекованың шәкірттерінің «Шолпан жұлдыз» сыйлығын да алдық. Шолпан Жандарбекова дүниеге келген Қарқаралы ауданының әкімі арнайы сыйлық тағайындады, ол да бізге бұйырды. Біз одан әрі жұмыс істеп, өз көрермендерімізді таңғалдырамыз, – деді Сәкен театрының директоры Құрман Қалымов.