ДенсаулықРесми

Елімізде дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. 

 

Министрдің айтуынша, медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты. Яғни дәрігер – күрделі әрі жауапты мамандық. Алайда, салмағы ауыр еңбек түрі қоғамда тиісті деңгейде бағаланбай келеді. Сондықтан пациенттерге қатысты келтірілген зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр.

«Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренада жоғары рейтингке ие болуына әсері болмақ. Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Ондай норма бар, ал заң жобасы осы қадамдарды іске асыру жолдарын бекітеді», – деді А. Ғиният.

Сондай-ақ, ведомство басшысы аталған заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталғанын айтты. 

Өз тілшімізден. 

Басқа материалдар

Back to top button