Дәстүрлі дода дүбірі

Арқа спортының дамуына облыстық «Сары-арқа» жазғы ауыл спортшыларының дәстүрлі спартакиадасы үлкен үлес қосып келе жатқаны баршаға аян. Биылғы дәстүрлі «Сары-арқа – 2022» жазғы спартакиадасы Шет ауданында ауыл спортшыларының басын қосып, тартысты бәсекеге ұласты.

13 шілде күні аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы спорт алаңында «Сары-арқа – 2022» ХХХIV облыстық жазғы ауыл спартакиадасының ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Дүбірлі додаға Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарынан жалпы саны 600-ден астам адам қатысты. Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Кәрсембаев, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, дене шынықтыру бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Н.Әшірбек пен жерлесіміз, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт ардагері А.Қызыловтар көпшілікті жарыстың басталуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Одан әрі ауданымыздың мақтанышы, қазақ еліне еңбегі сіңген жаттықтырушы, республиканың он дүркін жеңімпазы, Азия құрлығының екі алтын, екі күміс медалінің иегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәрібай Оспановқа аудан әкімінің 300 000 теңге сертификаты табысталып, спартакиада алауын жағу құрметіне ие болды.

Сән салтанаты жарасқан шырайлы шарада спартакиаданың бас төрешісі Әсет Ахметов спортшылар антын қабылдады. Ашылу салтанатында шараға арнайы шақырылған Сейіл Аяған, Қуандық Рақым бастаған өнер жұлдыздары, әсем әннен шашу шашып, соңы отшашуға ұласты. Ауыл спортшылары волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі, шағын футбол, жеңіл атлетика, армрестлинг, шахмат, дойбы, пауэрлифтинг, жазғы президенттік көпсайыстары сынды спорттың 11 түрінен өзара бақ сынасты.

Екі күнге ұласқан спорт сайысы өз мәресіне жетті.

Спартакиаданың жабылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Кәрсембаев спартакиада қатысушылары мен алыстан келген қонақтарды спорттық шараның сәтті өтуімен құттықтап, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру-бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Н.Әшірбек жоғары деңгейде өнер көрсеткен барша командалар мен ұйымдастырушыларға алғысын айтып, облыстық дене шынықтыру басқармасының Алғыс хатын табыс етті.

Жарыс нәтижесі бойынша ерлер арасындағы волейбол бойынша: І орын – Шет, ІІ орын – Ақтоғай, ІІІ орын – Қарқаралы аудандары иеленді. Қыздар арасындағы волейболда: І орын – Абай, ІІ орын – Шет, ІІІ орын – Бұқар жырау аудандары жеңіс тұғырына көтерілді.

Шағын футболда: І орын –Абай, ІІ орын – Нұра, ІІІ орын – Қарқаралы аудандары үздік шықты. Қазақ күресінен: І орын – Шет, ІІ орын – Бұқар жырау, ІІІ орын – Қарқаралы аудандары үздік деп танылды. Президенттік көпсайыстан: І орын – Шет, ІІ орын – Осакаров, ІІІ орын – Абай аудандары алда болды. Қол күресінен: І орын – Абай, ІІ орын – Бұқар жырау, ІІІ орын – Ақтоғай аудандары озық болды. Кір тасын көтеруде: І орын – Бұқар жырау, ІІ орын – Шет, ІІІ орын – Абай аудандары алға жан салмады. Тоғызқұмалақ бойынша: Шет – І, Бұқар жырау – ІІ, Абай ауданы ІІІ – орын, Үстел теннисінен: Абай – І, Шет – ІІ, Бұқар жырау – ІІІ орын, шахматтан: Абай – І, Бұқар жырау – ІІ, Ақтоғай ауданы – ІІІ орын, дойбыда: Абай – ІІ, Осакаров – ІІ, Шет – ІІІ орын, асық атуда: Ақтоғай – І, Шет – ІІ, Абай – ІІІ орын, бес асық: Нұра – І, Осакаров – ІІ, Ақтоғай – ІІІ орындарды өзара бөлісті.

Жалпыкомандалық есеп бойынша І орын – Абай, ІІ орын – Шет, ІІІ орын – Бұқар жырау аудандары иеленіп, мерейлері үстем болды.

Алдағы жылы өтетін облыстық «Сарыарқа» жазғы спартакиадасының жалауын Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, және спорт бөлімінің басшысы – С.Аманжолұлы Ақтоғай ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Серікұлына салтанатты түрде табыс етті. Осылайша дәстүрлі дода өз мәресіне жетіп, спорттық шара аудандық мәдениет үйіндегі аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

ШЕТ ауданы.