Нұра

Шымкенттік отбасы Нұра ауданына көшіп келді: үй беріліп, жұмыспен қамтылды

Қарағанды облысында еліміздің оңтүстік облыстарынан қоныс аударушыларды қабылдау бағдарламасы жұмыс істейді. Шымкенттік отбасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының көмегімен Нұра ауданына қоныстанды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бауыржан Шамшидинов пен Мәдина Дарбаева Қайнар ауылына көшіп келді. Мадина – жалпы тәжірибелік дәрігер, жоғары санатқа ие. Ол мамандығы бойынша 17 жыл жұмыс істеп келеді. Бауыржан мұнай-газ саласы мамандығы бойынша білім алған. Бірақ туған қаласында оған жұмыс табылмай, Ақтауға вахтаға баруға мәжбүр болған.

– Денсаулығыма байланысты біз көшіп кеттік. Маған климатты өзгерту керек болды. Сонымен қатар, Шымкентте жолдасыма жұмыс болған жоқ. Мен өзім емханада жұмыс істедім. Нұра ауданында біз үшін барлық жағдай жасалған. Мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияға бір жарым ставкаға орналастым. Күйеуіме де ЖШС-де жұмыс тауып, көтерме ақы төледі. Серіктестік басшысы біз үшін үй салып жатыр. Әзірге үй жалдап тұрып жатырмыз. Ұлым мектепке барады, – дейді Мәдина.

Көшіру бағдарламасы бойынша Нұра ауданына барлығы 21 адамға квота бөлінген. Қараша айында Алматы облысынан тағы бір отбасы ауданға көшуді жоспарлап отыр.

– Қоныс аудару бағдарламасын пайдаланғысы келетіндер үшін көшуге субсидиялар көзделген, олар бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде беріледі. Сондай-ақ, егер отбасы тұрғын үйді жалға алса, бір жыл ішінде тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындары өтеледі. Бұл 12 ай ішінде тағы 21 АЕК, – дейді Нұра ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Динара Ермекова. – Отбасылардың көшуі бізге мектептерді сақтауға көмектеседі, өйткені сыныптар балалармен қамтамасыз етіледі. Бұл сонымен қатар кадр тапшылығы мәселесін шешеді.

Қарағанды облысы 2020 жылдан бастап қоныс аударушыларды қабылдау бағдарламасына енгізілген. Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарының тұрғындарын тарту үшін Нұра және Ақтоғай аудандарының әкімдіктері көшпелі және онлайн бос орындар жәрмеңкелерін өткізді.

Осы жылдың тамыз айында Ақтоғай ауданына Жамбыл және Алматы облыстарынан үш отбасы көшіп келді. Оларға Айыртас ауылында баспана мен жұмыс берілді.

Басқа материалдар

Back to top button