Жаңалықтар

Жүйріктер желмен жарысты

Қазақстан халқының бірлігі күні кеншілер шаһарының тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Өйткені, облыс орталығында аталған мерекеге орай түрлі ауқымды шара өтті, дүркіреп. Соның бірі – Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің 75-ші жеңілатлетикалық эстафетасы. Қаланың Оңтүстік-Шығысындағы «Тутұғыр» композициясы маңындағы өткен жарысты Қарағанды қаласының әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы һәм «Saryarqa aqparat» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды. Спорттық іс-шара 3000-ға жуық қарағандылықтың басын қосты.Эстафета 1945 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл «Индустриальная Караганда» газетінің атындағы жарыс Жеңістің 77 жылдығына арналып, 75-ші рет өткізіліп отыр. Барлық қатысушы санатына қарай 6 топқа бөлінді. Атап айтсақ, қаланың жалпы білім беретін мектептері мен колледждерінің, жоғары оқу орындары мен ұйымдарының оқушылары, өндірістік ұжымдардың өкілдері, әскери қызметшілер, ардагерлер, денсаулық топтары, мүмкіндігі шектеулі спортшылар және жеңіл атлетиканы ұнататындар.

Эстафетаның қашықтығы – 4,1 шақырым. Бұл 10 кезеңге бөлінген. Мәселен, бір ұжымнан 10 адам қатысады да, 10 кезеңге бөлініп тұрады. Бірінші кезеңде алғашқы қатысушы бастап, бір-біріне таяқшаны аманаттап отырады. 
Жауапты әрі ауқымды эстафетаға А.Ахметов бастаған кәсіби мамандар төрелік етті.

– Мемлекетіміз мықты болуы үшін онда өмір сүретін халықтың дені сау және рухы мықты болуы тиіс. Дәл осындай бұқаралық іс-шаралар ұлт саулығын насихаттап, елдің спортқа қызығушылығын оятады. Эстафетаның Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай өткенін де назарда ұстаған жөн. Өйткені, мұнда түрлі этнос өкілдері қатысып, бір үйдің баласындай арқа-жарқа болып, өз шамасын байқап көрді. 90 жылдық тарихы бар «Индустриальная Караганда» газетінің жүлдесіне арналған бұл эстафета індеттің кесірінен тоқтап қалды. Енді, міне қайта жаңғыртып отырмыз. Қатысушылардың белсенділігі өте жоғары. Ұйымдастыруда жұмыла жұмыс істеген қалалық әкімдік пен облыстық спорт басқармасына және спорт мектептеріне алғымысыз шексіз, – деді эстафетаны ұйымдастырушы «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов.

Аталған жарыстың ойдағыдай өтуіне «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких бастаған тұтас ұжым белсенді түрде атсалысқанын атап айтқан жөн. Ал, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұлдары һәм қыздары 2 құрамаға бөлініп, бақ сынады. Мақсат – жеңу емес, бірлікті нығайтуға үлес қосу.

Эстафета елге спорттық шара ғана емес, көтеріңкі көңіл-күй де сыйлады. Оған этномәдени орталықтар мен шығармашылық ұжымдар күні бойы өнер көрсетіп, үлес қосты.

– Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Этностар арасындағы достықты нығайтып, одан әрі жалғастыру – ортақ міндет. Ең бастысы – халықтың біртұтастығы, достығы, біз оны жоғары бағалаймыз. Бейбітшілік пен келісім – қазақстандықтар үшін аса маңызды, – дейді тәжік диаспорасы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шүкірбек Нұрматов.
Шараның жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.

Биыл эстафетаға 196 команда қатысты. Оның ішінде, 104 – ерлер, 92 – әйелдер құрамасы. Жүгіру марафонында жалпы саны – 1960 қатысушы бақ сынап, «Достық» эстафетасында 60 әуесқой желаяқ жүлдеге таласты.
Қатысушылар арасында ең көбі жалпы білім беретін мектептер және олар өте белсенділік танытты. Жалпы білім беретін 11 жылдық мектептердің оқушылары ұлдар мен қыздар арасындағы эстафеталық жүгіруге 53 команда қатысты.

Екінші дивизион колледждерінің оқушылар тобында ұлдар мен қыздар арасындағы эстафеталық жүгіруде екі команда қатысты. Олар – ҚЖПК ұлдар мен қыздар, «ҚКТК» КММ – ұлдар және «ҚАК» КММ – қыздар.
Жасөспірімдер арасындағы эстафеталық жүгіруге Бірінші дивизион колледждерінде 10 команда, Бірінші дивизион колледждеріндегі оқушы қыздар арасындағы эстафеталық жарысқа 7 құрама, ерлер мен әйелдер арасындағы эстафеталық жүгірудің 1 тобына ЖОО студенттерінен құралған 6 команда қатысты.
Биыл топтар бойынша өндірістік ұымдар өтінім беріп, жарысқа 14 ерлер мен 4 әйелдер командасы қатысты. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

11 жылдық мектептердің ұлдары арасында, I орынды №45 гимназия, II орын №101 мектеп-лицейі, III орынды №23 орта мектебі, қыздары арасында I орынды №45 гимназия, II орынды №81 мектебі, III орынды №3 гимназия иеленді. 9 жылдық мектептің ұлдары арасында I орынға №20 орта мектебі, II орынға №11 орта мектебі, III орынға №78 орта мектебі, қыздары арасында I орынға №78 орта мектебі, II орынға №20 орта мектебі, III орынға №11 орта мектебі ие болды.

Колледждердің ерлері арасында I орынды КГТК, II орынды «Болашақ», III орынды Жасұлан-1 ҚМ, әйелдері арасында I орынды КГТК, II орынды «Болашақ», III орынды ҚЖПК иеленді.

2-ші дивизион колледждердің ерлері арасында I орынға ҚАК (ПЛ №2), II орынға ҚКТК (ПЛ №15), әйелдері қатысқан жоқ.

Өндірістік ұжымдардың ерлері арасында I орынды Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың спорт клубы, II орынды Қарағанды облысы ПД СОБР, III орынды Қарағанды медицина университеті, әйелдері арасында I орынды Қарағанды облысының Кәсіподақ Орталығы
II орынды Қарағанды Жоғары гуманитарлық колледжі, III орынды Қарағанды қаласының әкімдігі жеңіп алды.

Жоғары оқу орындары мен Ә.Молдағұлова атындағы ДБАМИ ерлері арасында I орын Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға, II орын Ә.Молдағұлова атындағы ДБАМИ-ға, III орын Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-ға, әйелдері арасында I орын Ә.Молдағұлова ДБАМИ-ға, II орын Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ға, III орын Қазтұтынуодағы ҚЭУ-ге бұйырды.

Ардагерлер, денсаулық топтары, мүмкіндігі шектеулі спортшылар, жүгіру әуесқойлары «Достық» марафонына қатысты.

– Өткізу алаңы жаңа. Өте шақ екен. 18 кезең, 12 кезең болды бұған дейін. Биыл 10 кезең. Бұл ұжымдардың қатысуына ыңғайлы болды. Өйткені, құрама жасақтау жеңілдеу. Жоғары оқу орындары арасында Е.Бөкетов университетінің ұлдар құрамасы I орын, қыздар II орын алды. Өндірістік құрамалар арысында біздің командаға I орын бұйырды. Ризамыз. Көңіл-күй тамаша, – деп атап өтті ҚарУ-дың дене тәрбиесі кафедрасының меңгерушісі Мұрат Бөдеев.

Эстафетаның жүлдегер-командалары кубоктармен және дипломдармен, жеңімпаз командалардың қатысушылары медальдармен марапатталды. Қатысушылар көрсеткен үздік нәтижелері үшін естелік сыйлықтар мен грамоталарға ие болды. Барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button