Облыс әкіміРесми

Еріктілерге – ерекше құрмет

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК ең белсенді қарағандылық еріктілерге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан Алғыс хаттар табыс етті. Бұлар – BizBirgemiz республикалық қайырымдылық акциясына қатысқан азаматтар. Jas Otan жастар қанатының, Saryarqa Jastary штабының волонтерлері және Nur Otan партиясы филиалдарының қызметкерлері төтенше жағдай режимінде облыстың мұқтаж тұрғындарына көмектесті. Өңірде барлығы 12,5 мың отбасы 200 млн. теңгеден астам көмек алды.

– Дәл сіздер, еріктілер, дәрігерлермен, полицейлермен, әскери қызметшілермен және короновируспен күрес бойынша алдыңғы қатарда тұрғандардың барлығымен бірге осы күрделі кезеңнің қаһармандарына айналдыңыздар. Мәдениет және спорт қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кәсіпкерлер, өз туыстарын ғана емес, көршілерін де, жалғызбасты қарттарды да, көпбалалы отбасыларын да қамқорлыққа алған адамдарға қол ұшын беруге үлкен үлес қосты, – деді Жеңіс Қасымбек. – Біз қайырымды істер, азаматтық жауапкершілік пен нағыз адами іс-әрекеттер барлығы үшін үлгі болғанын қалаймыз.

Өңірде төтенше жағдай кезінде нағыз адамгершілікке толы шаралардың мысалдары көп болды. Облыстық штабтың еріктілері Теміртау қаласындағы орталық аурухананың қолдауымен Қарағандыға бір ай бойы анасын көрмеген 8 жасар баланы тасымалдады. Еріктілер мен демеушілердің күшімен көшеде қалған үш баласы бар отбасы үшін үй табылды. Оны жиһазбен, техникамен жабдықтап, білім беру басқармасымен бірлесіп балаларды қашықтан оқыту үшін жағдай жасап, интернет қосып, дербес компьютер орнатып берді.

Saryarqa Jastary штабының еріктісі Сымбат Әубәкірова бес жыл бойы адамдарға риясыз көмек көрсетіп келеді. Сымбат айтқандай, еріктілік – бұл оның бүкіл өмірінің маңызды бөлігі болып табылады.

– Осы қиын кезеңде біз қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік, дәрідәрмек жеткіздік. Біздің демеушілеріміздің арқасында көптеген мұқтаж қарағандылықтар тегін азық-түлік себетін алды. Менің қолымнан келіп жатқан осы игі істерімді әрі қарай да жалғастырамын. Жақсы істер үшін ешқандай жас шектеулері жоқ, – деді Сымбат.

Волонтерлік қозғалысқа белсенді қатысқаны және тұрғындарды қолдау көрсеткені үшін біздің облыстың 81 тұрғыны Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Еріктілер саны бойынша Қарағанды, Саран, Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау, Приозерск қалалары, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандары алда тұр.

– Сіздер үшін ерікті қызметін атқару – қоғам игілігі үшін жасалып жатқан күнделікті еңбек. Мен сіздерге осы жалынды талпыныстарыңызды сақтап қалуды, жан-дүниенің тамаша ынтасын жоғалтпай, шабыт пен жігерді басқаларға көмектесу үшін жұмсауларыңызды тілеймін. Ал, біз сіздерді қолдайтын боламыз, – деді облыс әкімі еріктілерге арнаған сөзінде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button